Бұдан бірнеше жыл бұрын «Маңғыстау» газетінде жарияланған Ә.Спановтың «Атаман Толстовтың алтыны» және соған үн қосқан Қ.Өтетілеуовтың «Сарман Балманов – стахановшы» атты мақалаларын оқыдым. Одан беріде де біршама уақыт өтті. Сондықтан оқырмандардың есіне түсіріп, түсінік бере кетелік: бірінші мақала авторы Жайық казак әскерлерінің қолбасшысы генерал Толстовтың 1920 жылы «қызылдар» қыспаққа алып, әбден жаналқымға келгенде Форт-Александровск (Форт-Шевченко) қамалын паналағаны және ақыры бассауғалап шетелге асқан сапары туралы баяндай келіп, Маңғыстауда көміп кеткен деп айтылатын олардың қазынасына қатысты жазыпты. Сол сапары туралы В.С.Толстовтың естелік кітабынан оқығанын білдіре келіп, сөз ішінде оларға Сарман деген қазақтың жолкөрсетуші болғандығын айтқан. Автор сілтеме жасаған «От красных лап в неизвестную даль» («Қызылдардың қанды уысынан – беймәлім қияндарға») атты 1921 жылы Түркияда баспадан шыққан кітапты түпнұсқадан оқудың сәті түсіп еді. «Маңғыстау» газетінің кейінгі бір санында соғыс және еңбек ардагері Қылыш Өтетілеуов ағамыз жоғарыда сөз етілген Сарманды (руы шоңай, тегі Балманов деп көрсеткен – М.Ж.) танитындығын, онымен ертеректе кездескенін, сонда ол атаман әскеріне жол көрсетуші болғанын айтып еді деп келтірген.
Шынымды айтайын, мені, Маңғыстауға көміп кетіпті делінетін орыс жандаралының алтыны емес, казактар қырда қолға түсіріп, жолкөрсетуші болуға көндірген қарапайым қазақ Сарманның жеке басының тағдыры қызықтырды. Себебі, сол аттас кісінің маған да бір қатысы болып тұр. Айтылған әңгіме желісі ұқсас болғанымен, Қылыш ақсақалдың мақаласында айтылатын Сарман Балманов өзіміз естіп білгеннен мүлдем басқа адам болып шықты. Қызық жағдай! Бала күнімізден ауылдағы үлкендерден, өз әке-шешемізден естіген әңгімелерде Толстовтың тобымен бірге еріксіз шетелге өтіп, араға алты жылдай уақыт салып қайтып оралған кісі, руы құдайберген тіней Аймағамбетұлы Сарман (1875 ж. ш. туылған) деп айтылатын. Білетін себебім, сол Сарманның әйелі Өрік (1886 ж.т.) мамамыздың туған жалғыз қызы Төресұлу әжеміз (1914 ж.т.) менің әкем Қуаныштың анасы, яғни Сарман – менің кәрі нағашы кәкем болып шығады. Ол туралы білетін шындығымызды жазған мақаламды кезінде «Маңғыстау» газетінің редакциясына ұсынғаныммен, бізге белгісіз себеппен жарияланбастан қалды. Сол себепті сөзімізді айтудың сәті бүгін түсіп тұр. Айтпақшы, ел арасында Толстовқа жол көрсетуші болған деп басқа да кісілердің есімдері айтылады. Солардың бірін, орыстарды Красноводскіге дейін алып барған Құдасбай Құлбеков деп жүр. Әзірге оның анық-қанығын біле алмадық.
Ал, тіней Аймағамбеттің Сарманын Толстов әскері өздерімен бірге алып кеткеннен кейін ол алты жыл бойы хабар-ошарсыз жоғалып кетулі. Бұл оқиғаның мән-жайын өзімен аталас әрі ауылдас болған тіней Бернияз тұқымынан тараған үлкендер жағы жақсы біледі екен. Олардың барлығы дерлік аласат заманда Түрікменстанға қоныс аударып, көп жылдар бойы Красноводск ауданының Қошоба ауылында тұрды. Өкініштісі сол, болған жағдайды Сарманның өз аузынан естіген жасы үлкендердің барлығы да бүгінде бақилық болып кеткен. Олардың тірі кезінде біздер ойын баласы болдық та, мән-жайын жөнді сұрай алмай қалдық. Дегенмен, кезінде үлкендерден сол оқиға жайлы естіген адамдар аз да болса арамызда бар екен. Солардың бірі – Жаңаөзен қаласының тұрғыны, руы тіней Ізтұрған Шораұлы Жаңаев. Жоғарыда айтылған қос автордың ма-қалаларын оқыған Ізекең маған хабарласып, Сарманға қатысты өз әкесі Шорадан естігендерін айтып берген еді. Оның айтқаны да біздің естігенімізбен ұқсас болып шықты. Сондай-ақ руы ескелді Кірбас шежірешінің Сарманның өз аузынан естідім деп айтып отыратынын немересі Рахым да қуаттайды. Сонымен, оқиға туралы естігенімізді қысқаша баяндап берейік.
Жайық бойын түгел қызылдар қолға алған соң, ығысып келіп Форт-Александровскіге табан тіреген және теңіз арқылы шетел аспақ болған атаман Толстовтың ойы іске аспай, ақыры сенімді серіктерімен бірге амалсыз Красноводскіге қарай қыр арқылы қашқан. Толстовтың жазуынша, олар 22.03 – 04.04. 1920 жылы бала-шаға, қатын-қалашын қосқанда 214 адам болып Форттан жаяу-жалпылап шыққан. Кейін олар үшке бөлінген. Арал бетіне кеткендері қазақтардан аман құтылмаған. Кендірліден қайықпен кеткендері Иранға аман жеткен.
Қызылдардың «Егер, өз еріктеріңмен берілсеңдер, жандарыңды сақтауға кепілдік береміз» деген сөздеріне сенбей, жандаралы бастап қашып бара жатқан Жайық казактарының қарулы көші Маңғыстаудың Түрікменстан шекарасына жақын, Түйебатқан құмының маңында отырған қазақ ауылының біріне тұтқиылдан тап келіп, адамдарын қарумен жасқап, абай-қоқай көрсетіп, көлікке деп жылқы, түйелерін айдап кеткен. Сол кезде жасы қырықтың ортасындағы Аймағамбет баласы Сарманды қызметші әрі жолкөрсетуші ретінде өздерімен бірге ала кеткен. Ізтұрғанның айтуынша, орыстар айдап кеткен жылқылардың арасында төңірекке бәйге бермей жүрген бір жүйрік жирен ат та кетіпті. Жанындай жақсы көретін жүйрігін қимағаны ғой, оның иесі екі күн бойы көштің соңынан ілесіп жаяу еріп жүріпті. Өзінің мылтығы да болса керек, бірақ, қаптаған орыстың қарулы қолына жалғыз жаяу не істесін, екі күн қатарынан түнде қос басындағы отты бағыттап алыстан оқ атқан. Үшінші күні таңертең Толстов Сарманға: «Мына адам екі күн бойы көштен қалмай еріп келеді. Кім де болса сені қимайтын бір бауырың болды ғой. Бүгін түнде де оқ ататын болса, онда сені қалдырамыз»,-деген көрінеді. Алайда, жаяу адам қашанға шыдасын, ақыры атынан күдерін үзіп қала беріпті де, үшінші түн тыныш өтіпті. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» дегеннің кебі ғой, сәтін салмаған соң амал қайсы, содан Сарман Толстовтың көшімен кете барған...
«...Артынан Жайық казактары үшін жайсыздау тиген мынадай оқиға болды. Бір дөңнің үстінде түйелерін қайырып жүрген екі қазақты (автор қырғыздар деп жазған – М.Ж.) қолға түсірдік. Олардан жолкөрсетуші болуын өтініп, солай жасаса, өздерін де, түйелерін де кейін қайтарып, үстеме сыйақы да беретіндігімізді айттық. Кешке түнемеге тоқтағанда олардан маңайдағы құдықтар туралы сұрастырдық. Екеуі де ештеңе білмейтіндерін айтты. Өздері өмір сүретін өңірдегі құдықтарды білмейтіндігі барлығымызды таңқалдырды. Отрядтағылардың ішетін суы таусылған, енді қалай болғанда да бізге құдық табу қажет еді. Сондықтан, екі қазақты күштеп көндіруге кірістік. Олардың бірі, Сарман, казактардың қолынан сытылып шығып жүгірген бойы И.И.Климовтың алдына барып бүк түсіп жатып алды. Казактар оны Климовтей құрметті адамның алдынан сүйреп алып кетуге дәті бармады. Бар болғыр Сарман Климовке: «Сен орыс болсаң да жақсы адамсың»,- деді. Ал, екінші қазақты біздікілер қанша жерден сабаса да қасарысып көнбеді, құдықты көрсетуден мүлдем бас тартты. Оны түнде күзет қойылсын деп есауыл Фадеевтің 4-взводына тапсырған. Түнде әлгі қазақ қашып кетіпті. Сірә, өз адамдарына барып жеткен соң, шағын қарулы топ ұйымдастырып, казактардан кек алу үшін келген сияқты. Таңсәріде біз түнеген жердің маңындағы моланың тасасынан бізге қарай бірнеше рет оқ атылды. Екі түйеге оқ тиіп өлді. Атаманның бұйрығымен 4-взвод оқ атылған бейіт жаққа аттанды. Бірақ, олар барып жеткенше қазақтар қарасын да көрсетпей кетіпті. Тек атылған бос патрондарды тауыпты.
Атаман олардың соңына түсу үшін қасына алты атты казакты қосып полковник Карнауховты жіберген еді. Біріне-бірі жалғасып кете беретін көп төбелердің біріне көтерілген казактар, оң жақта ошарылып тұрған бір топ қазақтарды көреді. Вахмистр Фофанов екі казакпен бірге соларға қарай салып қоя береді. Қазақтар аттарына секіріп мініп, сол маңдағы бір шатқалға құлап, сіңіп кетеді. Ал, орнында тұрып қалған біреуі, сірә, түнде бізден қашып құтылған қазақ болуы керек, мылтығын тіреуішке тіреп қойып көздеп атып, ең алдында келе жатқан казакқа тигізген. Сосын екіншісін, кейін үшіншісін, сөйтіп үшеуіне де оғын дарытыпты. Сонан соң өзі аптықпай атына мініп, ойға құлап кеткен. Осылай үш казак та жараланды, әсіресе Фофановтың жағдайы ауырлау болды. Ашуға булыққан атаман 4-взводты тарқатып, адамдарын басқа взводтарға қосып жіберді. Атаманның бұл шешімі қаншалықты дұрыс болғанын білмеймін. Осылайша, жүздіктегі взводтар саны үшеуге қысқарды да, төртіншісі содан қайтып қалпына келместен қалды». – Бұл «Жайық казак әскерінің күйреуі» («Гибель Уральского казачьего войска») деген атпен кейін шетелде жарық көрген хорунжий Л.Л. Масяновтың естелік кітабынан алынған үзінді. Автор – Жайықтың жағасынан басталып, Маңғыстауға, одан әрі Түрікменстан, Иран арқылы Түркияға жеткен Толстов жорығын бастан кешірген, кейінгі жылдары Франция, АҚШ-та эмиграцияда болып, 1964 жылы қайтыс болған адам. Кітабының соңында сол Масянов: «...Жайық казактарының тарихы міне осылай бітті. Бұрын айтқанымдай, менің қолымда ешқандай құжат болған жоқ, олардың бәрі Ресейде құрыған еді. Бірақ, мен өз көзіммен көргендерім мен өз құлағыммен естігендерімді жаздым. Көпшілік әскери казактар әлі де болса бір заман туар, бәрі қалпына келер деген үмітпен жүр. Ал, казак әскерінің күйреу қасіретін көзіммен көрген жеке өз басым оның келешегінен ешқандай үміт күтпеймін. Осы орайда казактардың ескі замандардан жеткен нақылында айтылатын: «Жайықтағы казактардың жауынгер қауымы қантөгіспен өмірге келген, ақыры сол қанға тұншығып опат болады» деген көріпкелдігі еріксіз есіме түсіп отыр», – деп жазған екен. Ал, Толстов өз кітабында 1920 жылы маусымда Түркия шекарасына жеткенін, сол жерде өзінің бес түйесіне тағы бес түйе қосып беріп Сарманды босатып жібергенін жазған. Екі автор да ол туралы айтылған жерде «қайырымды Сарман», «бар болғыр Сарман» деп тілге тиек етіпті. Түздегі тірлікті, түйенің күтімін жақсы білетін қыр қазағы жаралыларды түйеге арту жұмыстарын атқарып, көп көмегін тигізген. Тіпті, қырылудан да құтқарып қалған. Иран жеріне жеткенде, сол өңірді билеп тұрған түрікмен қолбасшысының айтуымен олар Күмбет қаласының іргесіне қонбақшы болады. Орыстарды көруге келген көп түрікменнің ішіндегі бір қазақ Сарманға түрікмендер түнде бұларды қырып тастамақшы екенін айтады. Сарман естігенін Толстовқа жеткізеді. Соның арқасында көш тез арада жолға түсіп, түнде артынан қуған қарулы түрікмен қолынан аман құтылады. Түгел мылтықпен қаруланған түрікмендер орыстар отрядын тап Түркияның шекарасына дейін өкшелеп келіп, кері қайтқан. Осылай, екі айдай орыстардың ортасында жолкөрсетуші, түйеші болып, еңбегіне он түйе, азын-аулақ күміс ақша алған Сарман кейін қайтады. Кейбір айтушылар атаман оның қолына жиһанкез деген қағаз беріпті-міс деп айтады. Қарайған түйемен қиянда жүрген жалғыз қазақты кім аясын, жолда Иранның солтүстігін билеп-төстеп отырған жәуміт түрікмендердің атабай, жапарбай тайпасының адамдары қолға түсіріп, түйесін тартып алып, өзін шаруаға жегіп қойған сыңайлы. Жоқ, ол Иранға соқпапты, парсылар елінің оңтүстігімен орап өтіп, таулы қыратты жағалай жүріп, Пәкістан, Ауғанстан арқылы елге оралмақшы болып жүргенде Ауғанстанда қолға түсіпті деушілер де бар.
***
Әлқисса, Сарманымыз сол кеткеннен мол кетіп, арада екі жылдай уақыт өтеді. Келетін Сарман жоқ. Ел ішінде «Сарманды орыстар жолда атып тастапты» деген сықылды қауесет сөздер де тарайды. Ақыры, аман келер деген үміт кеміп, күдік жеңеді. Содан, ауылдың ақсақалдары жиылып кеңесіп, хабар-ошарсыз жоғалып кеткен Сарманның әйелі, медет руының қызы Өрікті қайнысы Тәнкетерге атастыруға бәтуа жасайды. Сарман мен Тәнкетер – Аймағамбеттің ағалы-інілі екі баласы.
Арада жыл өткен соң, Тәнкетердің өз әйелі ер бала босанып, жоғалған адамымыздың орны төленді деген жоралғымен оның есімін Төлеген деп қояды. Бір-екі жылдан кейін Өрік шешеміз де ұлды болады. Қайнысынан туған кішкентайының атын ұйқастырып оның баласын Төлеубек деп атайды...
Елдегілер осылай тірліктерін жасай береді. Алты жылдан астам уақыт өткенде, бір күні, баяғы өлдіге санаған Сарманы аман-есен ауылға келіп тұр! Міне, саған күтпеген жағдай! Ауыл ақсақалдары қапелімде қатты сасып, жағдайды Сарманға қайтіп айтарын білмей күмілжиді. Жасы үлкендердің ыңғайсыз жағдайға тап келгенін айтқызбай ұққан ер мінезді Өрік шешеміз: «Сасатын ештеңесі жоқ. Күйеуімді ортаға шақырыңдар, болған жайды өзім айтамын»,- деген көрінеді. Шалдар Сарманды ортаға шақыртып алады. Сонда Өрік: «Ал, отағасы, Алла нәсіп етіп, түбі қайырлы болып аман-сау ортамызға оралдың. Сен, өлі-тірің белгісіз алты жыл адасып, қаңғып жүріп не таптың? Мен болсам, міне, мынаны таптым»,-деп, маңқиып алдында отырған екі-үш жас шамасындағы Төлеубегінің басын сипай беріпті. Ақсақалдар жағы «уһ» деп демін шығарған. Әңгімеге солай нүкте қойылып, жағдай үш жаққа да түсінікті болып тарқасады. Өрік шешеміз қайта күйеуіне қосылады. Бірақ, тағдырдың жазуы солай болып, кейін Қарабұғаздан соғысқа аттандырған Төлегені мен Төлеубегі қан майданда қыршынынан қиылады. Өрік мамамыздың өзі 1958 жылы 72 жасында қылтамақ ауруынан қайтыс болды. Сүйегі Қошоба ауылындағы Ұзынәулиеге қойылған. Ал, қайнысы Тәнкетердің баласы Құрманбай берірекке дейін Бекдашыда тұрып, сонда қайтыс болды. Ол үйдегі Айдаш жеңгеміздің көзі тірі, әлі сол қонысында отыр. Ал, балаларының бірқатары бүгінде Маңғыстау топырағында тұрып жатыр.
Соғыстың қарсаңында қайтыс болған Сарманның сүйегі Құлымаяк, Қарсы жақта, теңіз жағалауындағы әулиелердің біріне жерленген, деп руы тіней Жусен ақсақал айтып еді. Ол кісінің көзі тірі, Жаңаөзенде тұрады.
Міне, Сарманға қатысты біз білетін деректер осындай. Ал, Қылыш ақсақал жазған Сарман Балмановтың атаман Толстовпен байланысты оқиғаға қатысуы қисынсыздау жағдай. Әлде, кездейсоқ, бір емес, аттас екі Сарман бір оқиғаның куәсі болды ма? Олай деуге де келмейді. Егер, солай болған жағдайдың өзінде, олардың біреуі немесе жоғарыда айтылған кітап авторлары «аттас екі Сарман болып еді» деп неге айтпаған? Демек, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған Сарман біреу және ол тіней Аймағамбетұлы Сарман деп сеніммен айта аламын.
Сөз ретін пайдаланып, «ең ақырғы адайдың қаңқасын эрмитаж музейінен көрсем-арманым болмас еді» деп айтқан екен дейтін атаман Толстовтың Маңғыстауға келіп-кету сапарына қатысты тарихи деректі мақала жариялап, жадымызды жаңғыртқан авторларға алғысымды білдіремін. Әңгімемізге өзек болған Сарманға қатысты өзгедей деректер білетіндер болса, газет бетінен көрерміз деген үмітім бар.
Мұрат Жетекбай ҚР Журналистер одағының мүшесі (14.03.2013 ж. «Маңғыстау» газеті)