Ақтаудағы көп қабатты биік үйлердің лифтілері қашан толық жұмыс істейді? Қала үйлерінде келіп тұрған ыстық су қайда жоғалып кете береді? Алдағы қыста тұрғын үйлердің жылуы қалай болады? Осы және ақтаулықтарды бей-жай қалдырмайтын өзге де мәселелер қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Берік Ізғалиевтің журналистермен өткізген сұхбатында әңгіме арқауына айналды.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басты міндеттерінің бірі—қаланы абаттандыру десек, бұл орайда жүзеге асып жатқан жұмыстар тұрғындардың көз алдында. Берік Қабылұлының айтуынша, бірнеше шағын ауданның периметріндегі аяқжолдардың жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
- Бұлар—12 және 27-шағын аудандардың периметрлері, ботаникалық бақтың периметрі,- деді ол.-Қазір 14, 13 және 6-шағын аудандардың периметерлеріндегі аяқжолдарды жөндеу бойынша конкурстар өтуде. Әр аяқжолдың сметалық құны әр түрлі, орта есеппен 35-50 миллион теңге шамасында. Тамыз айында Ақтау қаласын абаттандырудың 2016-2023 жылдарға арналаған бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарламаның аясында шағынаудандар ішіндегі автокөлік жолдарын орташа жөндеу, шағын аудандардың периметріндегі жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу және шағын аудандар ішін жарықтандыруды қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған. Сегіз жыл ішінде қаланың шағын аудандарында осы жұмыстарды жасап шығуымыз керек. Қаржының бөлінуіне қарай жылына орта есеппен үш-төрт шағын ауданда осындай жұмыстар жүруі тиіс. Жоспар жасақталды. Келесі жасалатын 27, 12, 6-шағын аудандардың есептерін, сметалық құжаттарын дайындап жатырмыз. 2017 жылдың бюджетін жасақтаған кезде қаржы бөлінсе, осы шағын аудандарда келесі жылы абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, бұрынғы «Кораблик» мейрамханасының артындағы теңіз жағалауында абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Халықтың демалуына ыңғайлы жағдай жасалды. «Ақбота» саябағының ішіндегі отырғыштар саябаққа лайықты шойыннан жасалған орындықтарға ауыстырылып жатыр. Осы жазда бұрынғы «Дискай» демалыс орнының артындағы теңіз жағалауынан бастап «Шағала» шипажайына дейінгі аралықтағы теңіз жағалауын түгел қоқыстан тазарттық. Көптен әңгіме болған пирс те бұзылды, ол оңай түкен жоқ, әрине. Теңіздегі жұмыс өте қиын болды. Бюджеттен арнайы қаржы бөлместен, қаланың санитарлық тазалығы аясында «Қала жолдары» мекемесінің күшімен пирсті алдық. Сонымен қатар Ақтаудағы лифтілерді жөндеу-ауыстыру бойынша 2014-2018 жылдарға арналған бағдарлама қабылданған болатын. Бағдарлама аясында биыл 48 үйде 48 лифт ауыстырамыз деп жоспарлағанбыз. Қазір 26 лифт жеткізілді. Оны мердігер мекеме қаланың әр шағын ауданындарындағы үйлерге орнатып жатыр. Күні бүгінге дейін 15 лифт орнатылды. Олар қазір пайдалануға беру үшін тиісті жұмыстарды жүргізіуде. Қазан айында алғашқы біткен лифтілерді қосып, пайдалануға бере береміз. Қалған 22 лифт қазір Беларуссияның Могилев зауытында құрастырылуда. Олар да қазан айында бизге жеткізіледі. Сөйтіп, 48 лифтіні жыл соңына дейін түгел орнатып, ел игілігіне береміз деп ойлаймын. Бағдарлама қабылданғанда негізгі мақсат бір көп қабатты үйде кемінде 1 лифт жұмыс жасауы керек деген принцип болған. Осы межеге толық жету үшін әлі 34 дана лифт керек. Келесі жылы қаражат бөлініп жатса, бұл жұмысты 2018 жылға жеткізбей, алдағы жылы-ақ бітіргіміз келеді. Биыл лифт сатып алумен «Қостанайлифтинвест» Қостанай лифт компаниясы, ал монтаждаумен ақтөбелік «Жігер Ақтөбе» компаниясы айналысуда. Олар «Мемекеттік сатып алу туралы» Заң аясында тендер ұтып алған мекемелер. Ал лифтілер қолданысқа берілген соң оған қызмет көрсетумен «Ақтау қалалық лифтілері» ЖШС айналысады.
Сондай-ақ Берік Ізғалиев биыл қала әкімдігінің шешімімен тұрғын үй инспекциясы құрылғанынан хабардар етті. Енді тұрғын үйлерге қызмет көрсетуді ұйымдастыру жұмыстары осы инспекция құзырында.
Журналистердің алғашқы қойған сұрағы қалада біраз уақыт бойы тоқтап қалған, ал келген кезде суық боп келген ыстық су мәселесіне қатысты болды.
- Жыл сайын қайталанып тұратын мәселе бұл,-деп жауап берді Б.Ізғалиев.-Ақтауда ашық жүйе деп аталатын екі құбырлық жүйе қарастырылған. Ыстық су тікелей жылу құбырынан алынады. Жылда жылу маусымы аяқталған кезде МАЭК өз шешімімен жылу беру құбыры мен кері қайтатын құбырдың біреуін айырып, жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Сол кезде ыстық су тек бір құбыр арқылы беріледі. Ал қаладағы үйлер мен МАЭКтің жылу орталығының ара қашықтығы 10-20 шақырымдай. Бір құбырмен келетін су қалаға жеткенше суып қалады. Тұрғындар суды көп ағызып, тұтынбаса, ол су одан әрі суый береді. Су айналу жүйесіне қосылған кезде ыстық су қалаға толық жететін болады. Бұл мәселені шешу үшін бүкіл қаланың жылу жүйесін қайта қарап, түбегейлі жаңартып, төрт құбырлы жүйеге өтуіміз керек. Мұның таяуда біте қоятын оңай шаруа еместігі және ол үшін, әрине, қыруар қаржы керек болатыны белгілі. Сондықтан сабыр сақтауға тура келеді.
- Ақтаудың 4-шағын ауданында өртеніп кеткен мейрамхана көрінісінің қала сәнін кетіріп тұрғанын көріп жүрміз. Ешкімге пайдасы жоқ бұл ғимарат қалдығы әлі қанша уақыт осылай тұрады?
- Ол бірнеше уақыт бұрын соттың шешімімен тәркіленіп, облыстық коммуналдық меншікке қабылданған болатын. Қазір біз соны қалалық меншікке қабылдау бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Осы нысанды жакын арада бұзып, алып тастаймыз. Алдағы 2-3 ай көлемінде толық бұзылады. Оны қалпына келтіруге мүмкіндік те, қажеттілік те жоқ.
- Қыста тұрғын үйлерге жылу беру мәселесі шешімін тапты ма?
- Қалада жылу жүйелерін тексеру жұмыстары жүргізілді. Табылған ақаулар жөнделуде. Қазір бұл жұмыстардың 80 пайызы бітті. 10-қазанға дейін қалған жұмыстар бітеді Ал аурухана, балабақша, оқу орындары сияқты әлеуметтік мекемелер қысқа 100% дайын. Жылудың қалаға берілетін күні—15-қазан. Алайда сыртқы ауа температурасына қарай жылу беру маусымы ертерек басталуы да мүмкін. Яғни, үш күн бойына ауа температурасы +8 градустан жоғары болмаса, жылу беріле береді.
- Жаңадан пайдалануға берілетін лифтілердің пайдалану мерзімі қанша уақыт? Лифтілердің бүлінбеуі үшін қандай шара қолдабақсыз? Лифтілердле бейнежазба орнату мүмкіндігі бар ма?
-Лифтілердің пайдалану мерзімі - 25 жыл. Біздің тарапымыздан бейнежазба орнату қарастырылып жатқан жоқ. Бірақ электронды кілт қондыру жағын ойластырудамыз. Жаңадан орнатылатын лифтілерде әр тұрғынның өзінде болатын электронды кілті болуы мүмкін. Лифтіні күтіп, оған қызмет көрсету «Ақтау қалалық лифтілерінің» міндеті. Жап-жаңа лифтінің өртеніп кеткен жайы да болды. Оны «Ақтау қалалық лифтілері» өз күшімен жөндеуден өткізіп, қалпына келтірді. Дегенмен, лифт ең алдымен тұрғындардың өздеріне қажет. Лифт жөндеуге тұрса, тұрғындарға қиындық туындайды. Сондықтан тұрғындар да лифтілерге селқос қарамай, ұқыпты және қырағы болғаны жөн.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Сурет: Lada.kz