«Nurak Trailer» түрік компаниясы Ақтау қаласына жерасты қоқыс контейнерін сыйға тартты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақтау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің айтуынша, алғаш рет орнатылған жерасты контейнері қаланың эстетикалық келбеті жақсарып, жағалау аймағындағы туризмнің дамуына оң әсерін тигізеді. Қала тұрғындары мен қонақтарының демалуына да қолайлы болмақ.
Енді контейнерлерден қолаңсыз иіс шықпайды және арнайы техникамен шығару кезде қоқыс жан-жаққа төгілмейді.
«Ақтау қаласына келгеніме 2 жылдан асты. Әсем қалада ескі контейнердің тұрғанын көрдім. Осы ретте Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай компанияның атынан жерасты қоқыс жәшіктерін сыйлап отырмын. Ақтау қаласы әкімдігіне әрі қарай қаланың орталық көшелеріне орнатуға ұсыныс білдірдім», - дейді компания директоры Әли Делибудак.
Сонымен қатар заманауи контейнердің көлемі қазіргі қолданыстағы қоқыс жәшіктерінен үлкен. Бұл өз кезегінде рейстер санын азайтып, қоқыс шығаратын мекемелер үшін тиімді болмақ. Қазіргі таңда қоқыс шығарушы компаниялардың арнайы техникалары осы контейнерге қызмет көрсетуде.
Қала әкімінің орынбасары С.Гусманның айтуынша, жағалау аймағына бірнеше қоқыс жерасты контейнерін орнату үшін қалалық мәслихаттың кезекті сессиясына ұсыныс беру жоспарланып отыр.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН