Бүгін облыста «Дүниежүзілік тазалық күнінде» мыңдаған тұрғын бүкіләлемдік сенбілікке белсенді қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
МО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының және облыстық экология департаментінің қызметкерлері, отбасы мүшелерімен дүниежүзілік науқанға қатысып, қоқыстар үйіліп жиналып қалған аумақтарды тазалады. Тұрмыстық қалдықтар, құрылыс және басқа да қоқыстар қаптарға жиналып, полигонға жіберілді.
"Каспий теңізінің жағалауы адамдар ең жиі баратын орынның бірі және оның айналасын таза ұстау - бұл әрбір қала тұрғынының міндеті. Жалпы баршамыз қоршаған ортаны қорғауға үлкен көңіл бөлуіміз қажет. Мәселен, табиғат жанашырлары қала шегінде «Өлі көл» (Кіші Оймаша көлі) аумағы мен басқа да аумақтарды қоқыс үйіндісін жинауға бір кісідей атсалысты. Акцияға қатысқандардың ішінен мемлекеттік қызметшілер, еріктілер және қоршаған қортаға бей-жай қарамайтын тұрғындарды ерекше атауға болады", деді МО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков.
Сенбілікке қатысушылардың барлығы жеке қорғаныс құралдарымен, соның ішінде антисептиктермен, қолғаптармен, маскалармен, қоқысқа арналған арнайы пакеттермен қамтамасыз етілді. Жиналған қоқыс көлемі жүз тоннадан асты. Әсіресе шыны, пластик, резеңке, тонна-тонна қағаздар, автошиналар, құрылыс материалдары көп. Белсенді қатысушылар арасында үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар: «Эко Маңғыстау», «Маңғыстау табиғаты», «Еcojer» қауымдастығы, «Невада-Семей» қозғалысы, «Табиғи орта». Сондай-ақ "Yessenov University" студенттері мен Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары және тұрғындар да аз болмады.
«Миллиондаған адамдар жыл сайын «Дүниежүзілік тазалық күні» азаматтық акциясына қатысады, оның идеясы Эстонияда пайда болды. 14 жыл бойы әлемнің 180 елінде қоғамдық және қорық орындарын қоқыстан тазарту бойынша іс-шаралар өткізіліп келеді. Дүниежүзілік тазалық күні - бұл елдің әлемді қалай өзгерте алатынының мысалы. Барлығы адамзаттың қолында. Біздің әрқайсымыз әлемді жақсы жаққа өзгерткіміз келеді, ең бастысы ұмтылыс бар. Шетте қалмай, бізді қолдауға келгендердің барлығына алғыс айтамыз», деді МО экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов.
Науқанның негізгі міндеттерінің бірі – жұртшылықтың барынша назарын қоршаған ортаны қалдықтармен ластау мәселесіне, қоқысты бөлек жинау мен қайта өңдеуге, экологиялық өмір салтына, дербес экологиялық ізді азайтуға және тұрақты дамуға аудару.
Айта кету керек, бұл шаралар #Birge #TazaQazaqstan республикалық экологиялық қозғалысы аясында өткізіліп келеді.