Қазақстан 2022-2024 жылдары БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Кеңес мүшелігіне сайлануға ниет білдірген болатын. Қазақстанның БҰҰ-дағы рөлі мен ұсынып отырған бастамалары, Қазақстандағы қазіргі экологиялық мәселелер, гендерлік саясат, отбасындағы зорлық-зомбылық жөнінде сауалдарымызды БҰҰ-ның Қазақстандағы үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Сториге қоюдың сәті түскен еді.
- Микаэла ханым, Маңғыстау өңіріне қош келдіңіз. БҰҰ жақында журналистерге арналған «Қазақстандық климаттың өзгеруі» атты халықаралық байқау ұйымдастырды. Осы байқау барысында көтерілген экологиялық мәселелер туралы айта кетсеңіз.
- Иә, байқауға көптеген өтінімдер мен мақалалар келіп түсті. Байқау климаттың өзгеруі мәселесі туралы хабарларды арттыру, сондай-ақ оны қоғамдық күн тәртібінің тақырыбына айналдырып, адамдарды шешім табуға шабыттандыруға бағытталған. 2021-2030 жылдар аралығын БҰҰ экожүйені қалпына келтіру онжылдығы деп атады. Қазіргі экстремалды климаттық жағдай адамдардан жедел әрі дұрыс шешім қабалдауды талап етеді. Париж келісіміне сәйкес, жаһандық температураның 1,5 градусқа дейін төмендеуін жеделдету қажет. Климаттың өзгеруіне қарсы күрес күштері тек планетамызға ғана пайдасын тигізіп қоймай, әлемдегі адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатына да пайдасын тигізеді. БҰҰ Даму бағдарламасы көптеген жылдар бойы биоалуандықты сақтау мәселелерінде Қазақстанның негізгі серіктесі болып табылады. Қазақстанның ғаламдық маңызы бар экожүйелерді сақтауда қаржылай қосып жатқан үлесі де мол. Осындай бағдарламалар арқылы адамдар жаһандық қозғалыс ретінде бірігетін болса, экожүйені сақтап қалуға болады деп ойлаймын.
- Глазгода өтетін саммитте алдағы онжылдықта парниктік газ шығарылымын екі есеге төмендету көзделген. Қазақстан тарапы көміртегі бейтараптығын ұстануға қатысты қандай шешімдер қабылдады?
- Көміртегі бейтараптығын ұстануға ниетті елдер мен БҰҰ тарапы 2030-2050 жылдар аралығы жүктелген міндеттемелерді қаншалықты орындай алатынын растаулары қажет. Саммит барысында бұл мәселе егжей-тегжейлі зерделеніп, нақты шешімін табады деп сенеміз. Самиит кезінде негізгі 4 мәселе қозғалады: көміртегі бейтараптығын ұстануға көшу, ормандардың жойылуымен күрес, электр транспорт құрылғыларына көшу және электр көздеріне инвестиция тартуды күшейту. Аталған мәселелер оңай шешіле қоймайтындығы, бір-бірімен тығыз байланыста екені белгілі. Мысалы, электротранспортты дамытқысы келетін мемлекет елді мекендерінде электр энергиясынан таршылық көрмеуі керек. Бұл жоба арқылы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен татулықты дамыту да қажет, себебі тәжірибе алмасу маңызды болып табылады. Халық пен үкімет, коммерциялық компаниялар мен тұтынушы топтың арасындағы байланысты орнықтырып, нығайту қажет. Жаңа технологияларды қолдана отырып, жан-жақты дамуға талпыну керек деп айтар едім.
- Қазақстан көміртегі бейтараптығына өткен жағдайда БҰҰ тарапынан қаржылай көмектер болады ма?
- Әрине, қаржылай көмек болады. Көміртек бейтараптығын ұстанатын елдерді қаржылай қолдауға арналған арнайы қор құрылған. Бірақ бұл жерде ескеретін маңызды мәселе - жекелеген коммерциялық бастамалардың да болуы. «Жасыл климат» қорынан Қазақстанға қаржылай берілетін көмектерді алатын болсақ, ол – өте ұзақ мерзімді үдеріс. Бірнеше қомақты факторлардың өзара байланысы болуы қажет. Қаржы аударылуы үшін мемлекетте бағдарламаға сәйкес жүйе болуы шарт. Ол дайындықты, көп жұмысты талап ететін мәселе екенін ескерген жөн.
-Қазақстанның БҰҰ-дағы рөлі қандай? Ұйымға Қазақстан тарапынан болған ұсыныстар.
-Ең алдымен Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікке қосқан үлесін айтар едім. 29-тамыз күні Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толды. Сынақ алаңы мен оның салдарын үлкен қасірет деп сипаттауға болады. БҰҰ-да осы аталған күн ядролық сынақтарға қарсы күн деп белгіленді. Сондай-ақ, Қазақстанның БҰҰ бас ассамблеясы және ұйымға мүше елдермен ынтымақтастығын ерекше атап өтуге негіз бар. Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың белсенді мүшесі болып табылады. Тағы бір айта кететін ерекшелік – Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуы. Қазақстан – соңғы екі жылда Ауғанстандағы жағдайға белсене араласып отырған елдердің бірі. БҰҰ-ның Ауғанстандағы миссиясына барынша қолдау көрсетудің бір дәлелі – талибтердің мемлекет басына келуіне байланысты миссия қызметшілерінің бір бөлігін Алматы қаласына ауыстыруға келісім беруі. БҰҰ өкілі ретінде осы тұста Қазақстан елшілігіне зор алғысымды білдіремін. Қазақстан ұйымның ынтымақтастық қағидасына сүйене отырып халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етуде. Зардап шеккен көптеген елдерге көрсетіп жатқан гуманитарлық көмектерін де айтар едім.
-Ұйым тарапынан ұсынылып отырған бастаманың бірі – өлім жазасынан бас тарту. Ұсыныс Қазақстан тарапынан қаншалықты қолдауға ие?
- Қазақстанның өлім жазасын алып тастауға қатысты талпынысын, ұсыныстарын БҰҰ қолдайды. Өлім жазасына кесуді адамзатқа жат дүние деп айтар едім. Қазір өлім жазасына кеспей-ақ, жетілдірілген балама әдістер арқылы қылмыстың азаюына қол жеткізуге болады. Қазақстанның өлім жазасынан бас тарту туралы міндеттемесі адам құқын жетілдіруге қосқан ерекше үлесі деп баға берер едім.
- Қазақстан студенттерін БҰҰ тарапынан шетелде тегін оқытуға арналған арнайы бағдарлама бар ма?
- Қазақстан азаматтарын шетелде оқытуға арнайы бағдарлама әзірге жоқ. Бірақ, қазір қолға алынған бағдарламаның бірі – ауған қыздарын Қазақстан, Өзбекстан университеттерінде оқыту жобасы іске асырылып жатыр. Бұл бастама болашақта жақсы нәтижелер береді деп күтілуде.
- Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мен бала құқығын қорғау, гендерлік теңдік туралы Қазақстандағы қазіргі ахуалды баяндап өтсеңіз.
- Гендерлік теңсіздікті азайту, отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында арнайы тренинг бағдарламалар қолға алынған. Бұл жерде түрлі құқық қорғау органдарын да жұмылдыруға тура келеді. Covid-19 пандемиясы басталғалы Қазақстанда отбасында болатын қылмыс саны 50 пайызға өсіп отыр. Айта кететін жайт, бұл тек Қазақстанда ғана емес әлем елдерінің біразында байқалды. Нәзік жандылар үшін ең қауіпсіз мекен саналатын – отбасы ошақ қасында шарасыз күйге түсіп, жапа шегіп отырғандар көбейді. Осы мәселеге байланысты БҰҰ тарапынан қолға алынған тағы бір бағыт – дін көшбасшыларымен бейбіт сұхбат құру. Себебі, бұл жерде теріс діни ағымдардың ықпалы болған жағдайлар да кездесті. Әйел адамдарды кемсіту, ұрып-соғуға қатысты сол көшбасшылардың берген теріс уағызы, нұсқаулары себеп болып жатады. Қазір Орталық Азия мен Ауғанстанға бағытталған өңірлік жоба басталды. Жобаны Еуроодақ қаржыландырып, БҰҰ жүзеге асырады. Жоба әдістері қазір жаһандық деңгейде өз нәтижесін бере бастады. Оған Қазақстан тарапы да қосылып, қаржыландыруға қосылды. Қазақстан аталған жобаны қолдау арқылы гендерлік теңдікке оң көзқарасын танытып отыр деп айтуға негіз бар. Парижде өткен соңғы саммитте гендерлік теңдік тақырыбы ауқымды қозғалып, сол кезде айтылған ұсыныстар қазір қаралып жатыр.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА