– Пандемия кезінде оқуға деген қызығушылықты сақтау, инклюзия стратегиясы мен мультидисциплинарлық көзқарас БҰҰ Балалар қорының өзекті бағдарламаларында басымдыққа ие болды, - деп мәлімдеді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен.
NIS-тегі валидациялық кездесуде «Мектептен шығып қалудың ерте алдын алу жүйесі» елдік бағдарламасының екінші кезеңдік қорытындылары мен негізгі өнімдері талданды.
- Бұл жүйе Конституция негізінде әр баланың сапалы білім алу құқығын іске асыруға, оқуға деген қызығушылығын сақтауға және ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларға оңтайлы жағдай жасауға бағытталған, - деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқарма төрайымының орынбасары Ольга Можаева.
Қазақстанда мектептен шығып қалудың ерте алдын алу бойынша елдік бағдарламасы ЮНИСЕФ-тің инклюзивті білім беру жөніндегі жаһандық бастамасы аясында Кембридж университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері және Назарбаев Университетімен бірлесіп, Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстарында іске асырылуда.
Кембридж университетінің аға ғылыми қызметкері Наталья Яковец пен докторант Камила Роллан Ұлыбританиялық білім зерттеушілері қауымдастығының этикалық принциптеріне сәйкес жүргізілген зерттеудің негізгі құралдары және зерттеудің соңғы кезеңдік нәтижелерімен таныстырды. Пилоттық жобаның тәуекел топтармен жұмыс жасау, жүйені енгізу индикаторлары, менторлық, инклюзивті философия сияқты өзекті бағыттары жиын қатысушыларының ерекше қызығушылығын тудырды.
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы білім беру бағдарламаларының жетекшісі Татьяна Адерихина оқушылармен жеке жұмыс істеуге арналған модуль бағдарламасының екінші кезеңіндегі негізгі өнімдерге, супервизияның практикалық тәжірибесіне, әлеуметтік педагогтың рөлі бойынша кейстерге арналған тақырыптық баяндамалар сериясын ұсынды. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ әл-ауқат департаментінің аға менеджері Әлия Абкенова мұғалімдер мен психологтар үшін табысты құрал ретінде колданылатын отбасы мен мектеп серіктестігі жөніндегі оқу модулін нақтылады. Модуль ЮНИСЕФ сайтында жарияланды және цифрлық форматқа ауыстырылады.
Кембридж университеті білім беру факультетінің аға оқытушысы, EdD бағдарламасының жетекшісі Элейн Вилсон Қазақстандағы ЮНИСЕФ кеңсесінің Назарбаев Зияткерлік мектептерімен әріптестікте жүзеге асырған табысты бағдарламасы БҰҰ Балалар қорының жаһандық бастамасын қолдайтынын және өзге елдерде іске асыруға лайық жоба екенін атап өтті.