Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Светлана Төлебаева мәлім етті.
«Ел Президенті өз Жолдауында білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажеттілігін атап өтті. Сондай-ақ мұғалімдерді қайта даярлау курсынан 5 жыл емес, 3 жылда бір рет қана өтуіне баса назар аударып отыр. Бұл ретте өңір бойынша ұстаздардың курстан өтуі үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейтіндігін айтқым келеді. Облыста биыл 1,5 мыңнан астам педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтті», деді Светлана Төлебаева.
Сонымен қатар облыстық білім басқармасының басшысы Cветлана Төлебаева Президент Жолдауында айтылған ұстаздарды ынталандыру бағытына да ерекше тоқталды.
Биыл облыс бойынша халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерін дайындаған 12 мұғалімге алғаш рет сыйақы тағайындалды.
«Елімізде алғаш рет өткізілген «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы Ақтау қаласы №14 мектебінің химия пәні мұғалімі Айсұлу Түлембетоваға берілді. Оған 1 000 АЕК сыйақы табысталды. Сондай-ақ облыстың 5 мұғалімі республикалық «Жыл педагогы» атағын иеленді. Оларға 1 000 АЕК сыйақы берілді. Халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерін дайындаған 12 мұғалімге алғаш рет сыйақы тағайындалды», деді Светлана Төлебаева.