Ақтауда 5 шағынауданда орналасқан «Волна» базарынан өрт шықты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің айтуынша, өрт туралы ақпарат сағат 02:58-де түскен.
«Базардың жалпы аумағы - 1300 шаршы метр. Соның 400 шаршы метрі өртке оранды. Яғни халық тұтынатын тауарлар сататын 21 сауда орнынан өрт шыққан. Сонымен қатар жеміс-жидек пен көкөніс сататын сауда орындарына залал келген», - дейді баспасөз қызметі.
Мамандар сағат 04:19 шамасында өрттің таралуын тоқтатса, 04:45-те толық сөндірді. ТЖД хабарлауынша, қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі алдағы уақытта белгілі болады. Өртті тоқтатуға 67 маман мен 24 техника жұмылдырылған.