Ақтау қаласы және Мұнайлы ауданында бірнеше жерге тұшытылған таза ауыз су құрылғысы орнатылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Негізгі мақсат – облыс тұрғындарын тұшытылған таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Аталған жобаны «Каспий» ӘКК АҚ «Caspiana» ЖШС-мен бірге жасақтаған.
Жаңа ауыз су қондырғылары Мұнайлы ауданы бойынша Басқұдық (Басқұдық сауда үйі), Қаламқас (Рахат супермаркеті), Маңғышлақ (Рахат супермаркеті), Қызылтөбе (Қайнар сауда үй), Ақшұқыр (Малика супермаркеті), Сайын Шапағат ( Науалы супермаркеті) орнатылды.
Ал ақтаулықтар тұшытылған ауыз суды 9 ш/а - 29 үй, 14 ш/а -16 үй, 17 ш/а -29 үй, 19 ш/а -3 үй, 28 а ш/а әмбебап базары және 29 ш/а -24 үй мекен-жайлары бойынша ала алады.
Әр құрылғыда 3 текше метр су қоры сақталады. Құрылғылар жоба аясында сатып алынған жаңа су тасу көліктерімен үздіксіз толтырылады. Орта есеппен әр құрылғыға тәулігіне 3 текше метр суды «Каспий су тұшыту зауыты» ЖШС жеткізеді.
Алдағы уақытта жоба аясында құрылғылардың санын арттыру жоспарланып отыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА