Саяхатқа жаны құмар жандар Оңғарсын Жандәулетұлын «Mangystau safari» байланыстырады. Ол – маңғаз мекеннің кереметін көзбен көріп, сұлулығынан жан рахатын сезінетін жанның бірі. Тек өзі ғана емес, өзгелердің де табиғатпен тілдесуіне мүмкіндік беріп жүрген азамат.
Жақында «Mangystau safari» авторлық турын ұйымдастырушы, жеке кәсіпкер Оңғарсын Кеңесовпен сұхбаттасудың сәті түсті. Сұхбат барысында ішкі туризм, авторлық турдың алдағы жоспары мен халықтың саяхаттау мәдениеті жайлы әңгіме өрбіттік.
– Әңгімемізді өңірге танылған «Mangystau safari» авторлық турынан бастайық. Жалпы мұндай турды ұйымдастыруға не түрткі болды?
– Бала кезімнен-ақ ғалым, публицист, саяхатшы-географ Шоқан Уәлиханов пен Серікбол Қондыбайдың шығармашылығын оқып өстім. Әсіресе, қазақ жерінің кереметін көркем сөзбен көмкерген туындылары, табиғатын зерттеп, зерделеп жазған ғылыми еңбектері туризм саласына деген қызығушылығымды арттырды. Бірақ мамандығымды туризммен байланыстыра алмадым.
Содан 2012 жылы Дубай қаласына жол түсті. Биік ғимараттары арқылы сәні мен салтанаты жарасқан қалаға келушілердің қатары көп екен. Қала ішін аралап, қыдырғаннан кейін Дубай мен Маңғыстаудың бір-біріне ұқсайтынын аңғардым. Дубайда зәулім үйлерден бөлек теңіз, құм бар. Маңғыстауда Каспий теңізі мен құмы арқылы өзге аймақтан ерекшеленіп тұр. Осылайша өзіме «Маңғыстауда туризмді неге дамытпасқа?» деген сұрақты қойдым. Міне, авторлық тур ұйымдастыру идеясы осы сұрақтан пайда болды.
– Олай болса, кезінде сіз қызыға оқыған өлкетанушылардың шығармалары жетістікке жетуіңізге септігін тигізген шығар...
– Әрине. Авторлық турды бірден бастап кетпедім. Себебі өлкемнің тарихымен танысып, табиғатынан әсер алу – мен үшін маңызды. Сондықтан Серікбол Қондыбайдың Маңғыстау туралы жазған еңбектерін ерінбей оқығаннан өзіме керек ақпараттарды бірден таптым. Ұзақ іздендім. Киелі орындар мен тарихи жерлерді араладым. Әрбір тау, тасына зер салып, әр басқан қадамым арқылы ерекше күйге бөленуімді күттім. Егер де мен маңғаз өлкемнің жасырған жұмбағына бей-жай қараған болсам, қолға алған жобамның осы уақытқа дейін жетуі екіталай. Саяхаттауға асыққан адамға серпін, көңіл-күй, тың ақпарат пен идея сыйлай алмас едім.
– Қалай ойлайсыз, Маңғыстау өңірі туристерді қаншалықты қызықтыра алады?
– Маңғыстау өңірі өзге аймақтардан ерекше. Жасыл табиғаты болмаса да өзіне тән тартымдылығы баршылық. Мәселен, тауларында ешкім байқай бермейтін бір құпия жатыр. Әр тұсынан қараған сайын өзгеріп, жаңаша формаға ие болатын төрткүл таулары бар. Мұның өзі талғампаз туристер үшін қызықты. Тіпті Каспий теңізі мен киелі Бекет ата арқылы-ақ туристерді өзімізге шақыра алатындай мүмкіндігіміз бар. Тек жүйелі жұмыс жүргізілуі керек.
– Ал сіз осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып жүрсіз бе?
– Авторлық тур ұйымдастыру оңай дүние емес. Алдын ала үлкен дайындықты қажет етеді. Алайда өз таңдауына жауапкершілік танытып, сүйіспеншілікпен істесең, міндетті түрде нәтижеге жетесің. Менің мақсатым – ішкі туризмді дамыту, аймақтың әдемілігін көпке көрсету. Осы ретте табиғат сыйын шама-шарқым келгенше тиімді пайдаланып, келген туристерге таныстырып жүрмін.
Туристердің Бозжыраға барудан бас тартуы мүмкін емес
– Оңғарсын, айтыңызшы, «Mangystau safari» авторлық турының өзге туристік агенттіктерден қандай артықшылығы бар?
– Авторлық турдың артықшылығы – көрсетілетін қызметтің барлығы бастапқы төленген қаржының ішіне кіреді. Келген туристер тегін тамақтанады, сапалы фото-видеоға түсіп, өз-өзіне естелік қалдыра алады. Туристік орындардан сыр шертетін гид қызметі бар, ең бастысы – позитив. Түрлі ойындар ұйымдастырып, көңілді демалыс өткіземіз. Саяхатшылар табиғат аясында тынығып, демалуы үшін арнайы шатыр алып, орындық, үстелмен қамтамасыз етеміз. Кең далада серуендегенмен сервистік қызметімізді назардан шығарған емеспіз (күліп).
– Демек, сапалы қызмет арқылы саяхатшылардың сұранысын толықтырып отырмыз дейсіз ғой. Осы уақытқа дейін қанша адам сіздермен бірге Маңғыстауды аралауға ниет білдірді?
– Туризм саласына келгеніме 2 жылдай уақыт болды. Сол жылдар арасында байқағаным, туристік аймақтарға келушілер қатары күн өткен сайын артып жатыр. Бастапқы жылдары арнайы жеңілдіктер арқылы халық назарын өзімізге аударған едік. Ал бүгінде көптің таңдауы «Mangystau safari» түседі. Былтыр 7 айдың ішінде екі мыңға жуық адаммен тур жасадық. Мұның өзі біз үшін нәтижелі көрсеткіш.
Қазір бізге 23-45 жас аралығындағы саяхатшылар хабарласып, сырға толы мекенді аралауға дайын екендігін айтады. Көпшілігі осы Маңғыстаудың тумасы, сонымен қатар аймаққа уақытша қоныс аударғандар мен арнайы қыдырып келгендер де авторлық турға өз қызығушылығын білдіріп жатыр.
– Көбінесе қай туристік орынды таңдайды? Соған сай баға да өзгеріп отыратын сияқты
– Бүгінде Самал мен Тамшалыға сұраныс азайды. Кезінде адамдар жиі барғаннан қазір қоқысы көп орынға айналған. Көптің таңдауы – Үстірт, сол орынға қызығып, барып көруге асығады. Білесіз бе, бір жарым жыл бұрын алғаш Бозжыраға барғанымдағы алған әсерім әлі де есімде. Ерекше сезімге бөленген едім. Сондықтан да туристердің Бозжыраны көруден бас тартуы мүмкін емес.
Бала кезімізде сорға жақындатпайтын еді, қазір соры бар, аппақ Тұзбайырға баратындардың қатары қалың. Туристердің таңдауы қаладан қашық орналасқан орындарға көп түскендіктен, саяхаттау құны да қымбаттайды. Ал Маңғыстау мен Түпқараған ауданы көп зерттелген, адам аяғы көп барған. Сондықтан сол жерлерге бару сәйкесінше арзан.
– Ойлап қарасақ, саяхаттау – адамның өзін дамытуға бағытталған қадамдардың бірі. Осы ретте қарапайым халықтың саяхаттауға деген көзқарасы және ішкі мәдениеті қалыптаса алды ма?
– Сұрағыңыз орынды. Қазақ тілді аудитория туризмге енді ғана бет бұрып, қызығушылық танытып жатыр. Шындығына келгенде, осы уақытқа дейін той-садақадан қолымыз тимеді ғой (күліп). Ал өзге ұлттың өкілдері саяхаттауды, отбасылық демалыс ұйымдастыруды әдетке айналдырғаны қашан?! Елде тұратын өзге ұлт өкілдері Маңғыстау жерлерін бізден артық білетіндей көрінеді, кейде. Бірақ бұл пікірмен ғана шектеліп, қарапайым халықтың саяхаттауға деген көзқарасы, ішкі мәдениеті қалыптаспады деп толық айта алмаймын. Себебі әлеуметтік желіде туризм бағытында контент ұсынып жүрген журналистер мен блогерлерді, өмірін туризммен байланыстырған жандарды көріп, олармен тілдесу арқылы ойы өзгерген тұрғындарды жиі байқап жүрмін. Демек, халық ақырын ғана өмірге ғашық болып, саяхат арқылы сұлулықты сезінуді үйренуде.
Көмір шахталарын туристік орынға айналдыру керек
– Оңғарсын, авторлық турыңызды дамытуға облыстық туризм басқармасы тарапынан қолдау бар ма?
– Осы уақытқа дейін облыстық туризм басқармасына барып, көмек сұраған емеспін. Жеке туристік агент болғандықтан, бар жағдайды өзім жасап жүрмін. Біздің тараптан бір ғана ұсыныс бар. Ол – жол мен әжетхана мәселесі. Осы мәселенің тез шешілуін басқарма қолға алса дейміз. Тур біткен соң міндетті түрде саяхатшылармен пікірлесеміз. Саяхат барысында қандай кемшіліктер кеткенін немесе қалай өткенін сұраймыз. Сонда көп естейтініміз осы – әжетхана жайы. Ұзақ жол жүргеннің машақаты көп, білесіз. Сондықтан барлық жағдайдың жасалғаны жақсы. Есесіне туристерден ұялмайтын боламыз. Бұл – өзіміз үшін де, сырттан келетіндер үшін де маңызды.
Тағы айтарым, жеке көлікпен келіп, табиғат аясында дем алатындар көп. Сондықтан да басқарма тарапынан арнайы туристік жол картасы бекітілсе екен. Неге? Себебі әркім өз көлігімен немесе қалаған жолымен келетін болса, табиғат адами фактордың әсерінен оңай-ақ бұзылады. Сондай-ақ келген туристер тазалық мәселесіне көңіл бөлсе екен.
– Ішкі туризмді түлету үшін тағы қандай ұсынысыңыз бар?
– Жақында жиһанкез-блогер Өркен Кенжебек Польшаға барған сапарында оқырмандарын тұз шахтасымен таныстырған еді. Қарап отырсақ, шахта ішіндегі әрбір зат тұзбен өрнектелген. Польша халқы осылайша тұз шахтасының маңыздылығын айтып, тұздан жасалған таңғажайып туындылары арқылы туристерді өзіне тартып отыр. Таңқалдырды, тәнті етті.
Ал Маңғыстауды көпке танытатындай туристік жер көп. Польшалықтар шахта арқылы тұз өндірсе, біздің өңір көмір өндірген. Кезінде Әбіш Кекілбаевтың анасы жұмыс істеген көмір шахталары өңірде әлі бар екен. Неге сол көмір шахталарын қайта ашып, макет жасап, туристер келетін арнайы орынға айналдырмасқа? Қазақ жұмысшыларының көмірді қалай өндіргенін, жерге жантая кетіп ерен еңбек еткенін неге көрсетпеске? Қолымызда тұрған тарихты қайта жаңғыртып, жаңашылдықпен жұртқа ұсынуға болатын еді. Сол шахталар арқылы қиындықтан қашпайтын қазақтың қайсарлығын суреттейтін едік. Әрине, мұның барлығы Польшадағы тұз шахтасын көргеннен кейін ғана ойыма оралды. Егер де осы жобаны жүйелі орындауға жауапты мамандар жауапкершілік танытса, ұтатынымыз көп болмақ. Тіпті көмір шахтасы арқылы арнайы кешен ашуға болады. Себебі, бір қапталында Сұлтан епеш, Шақпақ ата, Жығылған, Тамшалы болса, екінші қапталы Сартас, Торыш, әрі қарай Шерқалаға созыла туристік орындар орналасқан. Барлығы бір-біріне жақын.
Маңғыстау даласын зерттеген Серікбол Қондыбай «Туризмді қолға алып, дамыту керек» деп 90-шы жылдары айтқан екен. Ал біз болсақ енді ғана «туризм» деген сөзді ауызға алдық.
– Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз?
– Алдағы уақытта этнотуризмді дамытқым келеді. Әрине, оның бәріне қаржы керек. Егер де қаржылық қолдау тапсам, этнотуризмді қолға алу ойымда бар.
Сұхбаттасқан Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
«Mangystau safari» ұсынды