Бүгін Құрықта су тұшыту зауыты құрылысының ірге тасы қаланды. Таңғы сағат 9-да "Жыланды" тауының етегінде басталған игі шараға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, жобаны іске асырушы, инвестициялық "Safbon", "Beltway" компанияларының өкілдері, "Астана - КЗ" ЖШС, "СПК" ҰК АҚ, "Каспий" ҰК АҚ жəне аудан басшылары, БАҚ өкілдері, аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты шараны ашқан өңір басшысы Ералы Лұқпанұлы:
- Бүгін - ел бірлігі күні. Бірліктен асқан маңызды дүние жоқ. Ешқандай бизнесмен бірлігі жоқ, тұрақтылығы жоқ жəне тыныштығы жоқ елге инвестиция енгізбейді, берекесі жоқ елге қаржысын құймайды. Бүгін ірге тасын қалағалы отырған зауытқа мемлекет бюджетінен бір тиын да бөлініп отырған жоқ, тек инвестицияның қаржысы. Демек, қазақ елі бұл жеңіске, бұл игі іске бірліг мен ынтымағының арқасында жетіп отыр. Зауыт ел игілігіне арналсын! Сіздерді қос мерекелеріңізбен құттықтаймын! - деді.
Зауыт тəулігіне 50 000 текше метр су тазартады. Өңір басшысы жəне аудан ардагерлері салтанатты рəсімді өткізгеннен кейін, жоба жұмысымен танысты.
Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, құны 39 млрд. теңге тұратын зауыт жеке инвесторлардың қаражатымен салынады. Құрылыс кезінде 300 адам, пайдалануға берілген соң 150 адам жұмыспен қамтылады. Зауыт 2020 жылы пайдалануға берілмек.
Шынар КЕНДІН,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="53058,53060,53059"]