Бүгін 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Маңғыстауда күннен қуат алатын тұңғыш электр станция іске қосылды. Мұнайлы ауданының Батыр ауылында ашылған күн электр станциясы 2 МВт тоқ өндіреді. 8 мыңнан аса күн панельдері орналасқан станция 36,05 га алып жатыр. Панельдерді жасауға қазақстандық кремний қолданылған. Бұл - құрылысы мен құрастырылуына толықтай отандық өнімдер қолданылған тұңғыш электр станция. Мамандардың айтуынша, станция 300-ге жуық үйді экологиялық таза электрмен қамтамасыз етеді.
Күн электр станциясының ашылуына Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен Мұнайлы ауданының тұрғындары қатысты.
«2017 жыл – Қазақстан халқы үшін табысты жыл болды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Астана қаласында күллі әлем назарын аударған «Болашақ энергиясы» ұранымен «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі кең ауқымда аталып өтті. «Болашақ энергиясы» жобасының түпкі мақсаты – тұрақты қуат көздерін басқаруды қамтамасыз ететін шешімдер мен әдістерге қоғамдастық назарын аудару болып табылды», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
https://www.youtube.com/watch?v=f--cl2gWGRUҚазақстан Президенті Н. Назарбаев биылғы Жолдауында әлем бойынша өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі екенін айтып, 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 пайызға жеткізу міндетін қойды. Осы ретте мемлекет энергияның баламалы түрлерін өндірушілерге қолдау көрсетіп келеді. Маңғыстаудағы алғашқы күн электр станциясы «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамыту бағдарламасы арқылы қаржыландырылған. Станцияның құрылысына 1,2 млрд теңге жұмсалған. Нысанның мердігері - «Group independent» компаниясы. Ол бұған дейін Ресейде, Якутияда осындай электр станцияларын салуға қатысқан екен.
"Айта кетерлігі, бүгінде мемлекет жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға қолдау көрсететіп отыр. Бұл - қазақстандық кремниймен салынған бүкіл Қазақстандағы алғашқы күн электр станциясы. Жабдықтардың барлығы толықтай Қазақстанда жасалып, құрастырылды. Станцияның қуаттылығы - 2 МВт, ал әрбір панель 235 ватт энергия өндіреді. Станция кемінде 20 жыл жұмыс жасайды", - дейді компанияның бас директоры Алтынбек Адилов.
"БРК лизинг" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаров күн сәулесінің энергияға айналатынын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, фото-электрлі күн панельдері көзге көрінбейтін күн радиациясын жинап, оны кремнийдің көмегі арқылы электр энергиясына айналдырады.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="53083,53073,53075"]