©
Ақ уызға кенелткен адал малының амандығын тілеген шаруалар жаздың аптап ыстығында шаруаға мығым кіріскен. Қыстаққа мал азығының мол қорын дайындау — қазіргі басты міндет болып отыр. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, төрт түліктің бабын тауып, қақаған қыстан аман өткізу үшін осы бастан жем-шөпті жетерліктей дайындау керек екені бәрімізге белгілі. Сондықтан егістікте және шабындық аймақтарда жұмыстың қызу жүріп, бірқатар жоспардың орындалып жататын мезгілі осы кез екені көпке аян.
Биылғы мал азығын дайындау науқаны басталған сәттен-ақ ауыл шаруашылығы саласының мамандарын қатты алаңдатты. Себебі биыл шабындық бұрынғыдай жайқалып тұрған жоқ. Шөптің шығымы нашар, шалғыға ілінер-ілінбес күйде. Жазғытұрғы және көктемгі қуаңшылық шөптің шығымына айтарлықтай әсер етті. Ауыл жұртшылығын да қорадағы азын-аулақ жандығына жеткілікті етіп мал азығын қамдап аламыз ба, жоқ па деген қорқыныш алаңдатып отырғаны сөзсіз. Бірақ шаруалардың қазір қара шөп шапса да алдағы уақытта жауын-шашын молайып, шабындық толығады деген сенімдері мол.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Үдектің үнсіз мұнары»Маңғыстау аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің нақты дерегіне сүйенсек, қыстық жем-шөпті дайындау үшін биылғы жыл 25 мың тонна шөп шабу жоспарланған екен. Дәл қазіргі уақытта жұмысқа қызу кіріскен 15 бригада бірталай істі еңсеріп тастапты, 1093 тонна шөпті дайындап та үлгеріпті. Үстірттегі 7 бригада мен Ойдағы 8 бригаданың қауырт жұмысын бақылап отырған Маңғыстау аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Б.Әбуов «Қандай жағдай болмасын күнкөрісіміздің басты бөлігі ауылшаруашылығы болғандықтан төрт түлік малды жем-шөпсіз қалдыруға болмайды. Сондықтан күзге дейін межеге қойылған өнімді алуға тырысамыз. Әлі де шабындыққа шығып үлгермеген бригадалар бар, қазіргі таңда жиырма трактор, 19 сырма, жиырма шөп оратын, 15 шөп тайлайтын техникаларын жұмылдыру арқылы былтырдан қалған қара шөптерді шабуда, сатылым бағасы 400-500 теңге», - дейді.
Біз пішеншілер өмірімен таныспыз. Нағыз бейнетті еңбек солардікі. Ми қайнатқан аптапта трактордың іші одан да ыстық екені белгілі. Қара темір қолыңды күйдіріп түседі. Бірақ олар осыған үйренген. Сылтау айтпай шөптерін шауып, үйіп жатыр. Себебі олардың ертеңгі тірлігі, табысы осы науқанды қалай өткізгеніне байланысты. Олай болса пішеншілерге темірдей төзім, мол өнім тілейміз.
Айгүл РАХМЕТОВА
Көрнекі сурет сайттың архивінен