©
Кәсіпкерлерге 1 пайызбен несие беретін «Нұр Капитал» Маңғыстау өңірлік бағдарламасы бойынша түйе сүтін қайта өңдейтін «АsiaMilk» зауытына берілді.
«Біз Қазақстандағы түйе сүтінің нарығын талдадық және үлкен мөлшерде ешкімнің түйе сүтін алып, өндірмейтінін анықтадық. Біздің зауыт Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылында орналасқан, біз пастерленген түйе сүті, йогурт, ірімшік, шұбат, айран, қаймақ, шалап, тәтті және басқа да қышқыл сүт өнімдерін шығарамыз. «АsiaMilk» зауыты түйе сүтін қайта өңдеу үшін 7 жылға 1%-бен 30 млн теңге несие алды. Түйе сүтін зауыт контейнерінде шетелге экспорттауға мүмкіндік туып отыр», - деді кәсіпкер Асхатжан Ибраев.
Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Нұр Капитал» бағдарламасы бойынша алғашқы несие ForteBank арқылы берілген.
Естеріңізге сала кетейік, «Нұр капиталдың» жалпы несие портфелі 2,7 млрд. теңгені құрайды (оның ішінде жергілікті бюджеттен 900 млн. теңге, «Даму» қорынан 1,800 млн. теңге). Бұған дейін кәсіпкерлерді несиелендіру үшін «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Маңғыстау облыстық филиалымен (400 млн. теңге), «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның Жаңаөзен өңірлік филиалымен (400 млн. теңге) және «ForteBank» АҚ (322 млн. теңге), «Сбербанк России» АҚ ЕБ (150 млн. теңге) келісімге қол қойылғанын хабарлаған едік.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Сурет сайттың архивінен