«Нұр капитал» жобасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында Маңғыстау облысында орта және шағын бизнесті қолдауға бағытталған бағдарлама. Елімізде тұңғыш қабылданған бірегей бағдарлама өңірдегі еңбек нарығын жаңғыртуды мақсат етуімен де маңызды болып отыр. Игілікті жоба сәуір айынан бастап облыс аумағында іске асырыла бастады.
Бұл бағдарлама бойынша мемлекет қазынасынан 1%-бен несие беріледі. Оның аясында Маңғыстау өңірінде 200-ге жуық бизнес жоба қарастырылған. Жобаның негізгі мақсат-міндеті – әуелгі кезекте жаңа өндіріс көздерін ашып, жаңа жұмыс орындарымен халықты қамтамасыз ете алатын кәсіпкерлерге қолдау көрсете отырып, бизнесті дамытуға серпін беру. Бұл өз кезегінде өңірдің өркендеуіне жол аша түседі. Осынау игі бағдарламаға Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев 10 жоба ұсынып, облыс басшысына таныстырды.
«Ауданымыздан ұсынылатын жобалардың жалпы құны 427 млн. теңгені құрайды, несиелендіруге 239 млн. теңге қажет болса, жобалар жүзеге қосылғаннан кейін 154 жұмыс орны құрылады. Бұл бизнес жобалар қазіргі таңда өз жұмыстары мен қызметтерін жүргізуге дайын. Салалар бойынша атап өтер болсақ, 3 жоба – өндіріс, 2 жоба – ауыл шаруашылығы, 5 жоба – қызмет көрсету, яғни білім, спорт, химиялық тазалау қызметі. Біз бұл жобалармен шектелмей, алдағы уақытта тағы тың ұсыныстарымызды береміз», – дейді Мұнайлы ауданының әкімі Н.Тәжібаев.
Аудан әкімі таныстырған жобалардың алғашқысы – жеке кәсіпкер, көп балалы ана Рысханым Қабдығалидың «Шақпақ қант шығаратын цехы». Айта кетсек, кәсіпкер ұсынған жоба облыс тарихында бұрын-соңды болмаған шақпақ қантын өндіруге бағытталуымен ерекшеленеді. Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылында орналасқан цех ғимаратының жалпы көлемі – 300 шаршы метр. Қуаттылығы тәулігіне 5,3 тонна қант өндіруге қауқарлы. Жобаның құны 48 миллион теңгені құрайды. Қазіргі уақытта кәсіпкердің бұл жобасы «Ресей Сбербанкі» арқылы қаржыландырылып, жабдықталған. Толықтай іске қосылуға дайын тұрған цех 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, Маңғыстау облысы бойынша қант бағасын біршама арзандатуға мүмкіндік туғызбақ. Мәселен, қазір нарықтағы 1 кг қанттың орташа бағасы 330 теңге болса, «Нұр капитал» арқылы несие қаржысымен цех өз өндірісін жүргізіп, 1 кг қанттың құнын 30-40%-ға төмендетіп, 230–250 теңгеге тұрақтандыруды көздейді. Кәсіпкер өз жобасын нәтижелі жүзеге асыру үшін 28 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие сұрайды.
«Нұр капитал» өңірлік бағдарламасына ұсынылған келесі жоба – «Каспий» йодталған ас тұзын өндіру базасы. Жеке кәсіпкер Ізтұрған Төлеубев ауданға қарасты Маңғыстау ауылындағы «Тасжол» өндірістік базасында техникалық тұзды жуып, тазалау, йодтау арқылы өңдеп, ас тұзын өндіріп отыр. Алты адамды жұмыспен қамтыған базада йодталған 1 кг және 40 кг мөлшеріндегі ас тұзы буылып-түйіліп, облыстағы сауда орындары мен наубайханаларға сатылады. Өндіріс базасы қазіргі уақытта ас тұзына қажетті шикізатты Өзбекстанның Барсакелмес кенорнынан тасымалдайды. Осыған байланысты қазіргі сатылымға шығаратын 1 кг ас тұзының бағасы 37 теңге, 40 кг қаптың құны 1200- 1300 теңге. Ал облыстағы ас тұзының орташа бағасы 45-50 теңге. Цех бүгінгі күннің өзінде Ақтау қаласындағы сауда орындары мен наубайханалардың 60–70%-ын ас тұзымен қамтып отыр.
«Бұл жоба бойынша «Мағаш», «Ақтау Нан», «Каспиан Маркет», «Берекет-Ф», «Каспий Берекет», «Дана», «Аман», «Сити Маркет» сынды бірқатар ірі серіктестіктермен дайын өніммен қамтамасыз ету жөнінде келісімшарт жасалған. Жобаның жалпы құны 45 млн., «Нұр капитал» бағдарламасымен 30 млн. жеңілдетілген несие қажет етіледі. Кәсіпкер өз өңіріміздегі «Сор Қайла» кенорнынан шикізат игеру үшін ас тұзын өндіретін шағын зауыт құрылысын бастамақ ниетте. Жиырма адамды жұмыспен қамтып, облыстағы ас тұзы бағасының арзандауына атсалыспақ. Бір жылда 3 мың тонна тұз өндіріп, облысты толығымен ас тұзымен қамту жоспарланады»,– деп атап өтті аудан әкімі Н.Тәжібаев.
Бүгінде Маңғыстау облысына жеміс-жидек, көкөніс өнімдері еліміздің өзге өңірлерінен, қала берді сырт елдерден де тасымалданатыны белгілі. Бұл ретте облыста көкөніс сақтайтын қойма салу – маңызды мәселенің бірі. Маңғыстаулық кәсіпкер Әлия Сармурзина өз ауылынан 0,98 га жер теліміне көкөніс сақтайтын қойма салуды көздеп отыр. Қуаттылығы 1 000 тоннаны құрайтын қоймада тоңазытқыш камералар мен жабық сауда нүктелері де қарастырылады. 2018 жылы нысанның құрылыс кезеңінде 20 адам, ашылғаннан кейін тұрақты 14 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі уақытта аталмыш жер учаскесінде кіші қойма бөлмелері, темір жол торабы, газ, электр желілері, көлік тұрақтары бар. Жалпы құны 64 млн. теңгені құрайтын жобаға «Нұр капитал» бағдарламасы арқылы 30 млн. теңге қаражатқа өтінім берілген.
Сонымен қатар жиында аудан аумағында кәсіби тұрғыда халыққа, мекемелерге, әсіресе балабақша, кәсіпорындарға қазіргі заманға сай кіржуғыш машиналармен қызмет көрсету үшін химиялық тазалау және кір жуу кешені жобасы таныстырылды. Айкүл Тілекова қазіргі уақытта Маңғыстау ауылындағы теміржол депосы жанында орналасқан ғимараттың 2-өндірістік аймағында «Қазақстан темір жолы» жолаушылар пойызының төсек жабдықтарын жуып, тазалау қызметін көрсетіп келеді. Кәсіпкер кір жуу кешенін кеңейтіп, қызмет түрлерін арттыру үшін «Нұр капитал» бағдарламасына қатысып отыр. Жұмысы жүріп тұрған қазіргі шағын нысанның жанынан 280 шаршы метр аумаққа салынатын ғимарат құрылысына және оны тиісті жабдықтармен, техникалық құралдармен қамтамасыз етуге 13 млн. теңге сұраныс жасады. Айта кету керек, бұл жоба да Мұнайлы ауданында бұған дейін іске асырылмаған. Жаңа нысанда ТМД елдерінде стандартталған және рұқсат етілген қауіпсіз химиялық қоспа арқылы нәзік деген киім материалдары бүлінбей тазаланатын болады. Бұл аудандағы мекемелердің санитарлық талаптарға сай болуына, уақытты үнемдеуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, материалдық шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді. Орташа жылдық өнімділігі 120 тонна болатын кешеннің жалпы құны 28 млн. теңге. Жоба жүзеге асырылса химиялық тазалау, үтіктеу, арнайы киімдерді жуу, кілем тазалау, т.б. қызметтер Ақтау қаласындағы бағадан айтарлықтай төмен болады.
Жиында жеке кәсіпкер Ақмейір Мырзағалинаның көпсалалы жекеменшік спорт кешені жобасы тыңдалды. Кәсіпкер өз жобасын Елбасы бастамасына сай бұқаралық спортпен шұғылданатын халық санын арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында сауықтыру жұмыстарын жүргізуді, спорт саласындағы қызметтерді ұсынуды жоспарлайды.
Спорт кешенінің құрылысы өткен жылы басталған. Қазіргі таңда 3 қабатты ғимаратты әсерлеу, сырлау және тиісті құрал-жабдықтар сатып алу жұмыстары қалған. Кәсіпкер қалған жұмыстарды толығымен аяқтау үшін 30 млн. тг. несиеге ұсыныс білдірді. Жалпы құны 120 млн. тг. қаражатты құрайды. Осы жоба іске қосылса, кешендегі спорт залдары ауданға қолжетімді бағамен жалға берілмек.
«Нұр капитал» бағдарламасына Мұнайлы ауданынан жекеменшік балабақшалар ашу бойынша 3 бірдей ұсыныс түскен. Оның 2-еуі - Басқұдық, Батыр ауылдарында әрқайсысы 100 орындық балабақша. Аталмыш ауылдардағы балабақша құрылыстары таяуда ғана басталған. 25-27 тұрғынды жұмыспен қамтитын балабақшаның әрбіріне 30 млн. теңге жеңілдетілген несие сұралған. Ал Қызылтөбе ауылында бой көтерген 60 орындық балабақаша 20 адамға жұмыс береді. Жобаға 25 млн. теңге несие қажет.
Бұдан бөлек, Құмблок өндіру шағын зауытын іске қосуды жоспарланған кәсіпкер Нұрлан Ұлықпанның құрылыс саласына пайдаланатын құмблок өндіру бойынша ұсынысы тыңдалды. Ал құрттарды өсіру және құнарлы топырақ өндіру (биогумус) фермасы жобасына жеке кәсіпкер Даметкен Айтжанова бастамашы болды. Қазіргі таңда өзінің тұратын жеке үйінде құрттарды өсіруде. Оның ішінде калифорниялық шұбалшаң, шылаушын (старатель), дендробена бар. Жоба іске қосылатын болса, құртты балық аулайтындар мен құс шарушылығына, құрт шаруашылығымен шұғылданатындарға сатуға, сондай-ақ құнарлы топырақты өндіруге болады. "Қазірде Батыр ауылдық округінен осы шаруа қожалығымен шұғылдану мақсатында жер учаскесі рәсімделуде. Содан кейін осы құрт шаруашылығын дамытсам деймін. Жылына 100 тонна құнарлы (қара) топырақты өндіруді жоспарлаймын. Жобаның құны - 7 млн. тг., жеңілдетілген несиеге 5 млн. тг. сұраймын. Фермада тұрақты 5 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік болады", - дейді кәсіпкер Д.Айтжанов.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Студенттер шеберлерден тағылым алдыКәсіпкерлердің бизнес-жоспарларын жан-жақты таныстырған Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев сөз соңында облыс басшысы мен кеңес мүшелерінен «Нұр капитал» бағдарламасы аясында аудан әлеуетін жақсартуға қолдау көрсетуін сұрады. "Ауданымыздағы кәсіпкерлер мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске көрсетіліп келе жатқан қолдауды сезінеді, игілікті жобаның жеңілдетілген несиесін алуға ниет білдірушілер саны да артып келеді. Осы ретте жергілікті кәсіпкерлердің тың идеялары мен жаңа жобаларын жүзеге асыруға «Нұр капитал» өңірлік бағдарламасы аясында ықпал етулеріңізді сұраймын", - деп сөзін түйіндеді аудан әкімі.
«Нұр капитал» жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бөлімі аясында халықтық сананы жаңғырту арқылы аймақтың экономикасын дамытуға айрықша атсалысуға, өңірлердің әл-ауқатын көтеруге, туған жер топырағын түлетуге үндейді. Ел дамуының негізгі көрсеткіштерінің біріне айналған шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау мемлекет тұрақтылығын сақтаудың бір тетігі саналады. Мән-маңызы мол,ауқымы зор бағдарлама Маңғыстау өңірін өркендете түсуі үшін алдағы уақытта да кәсіпкерлерді қолдауды жалғастырады.
Жайық НАҒЫМАШ Суреттерді Серік МАЙЕМЕРОВ