Маңғыстаулық тігінші кәсіпкерлікті үйреніп, іс бастады
[ 2017 ] 15 қараша, 13:34 | Экономика
Елбасы Н.Назарбаев шағын және орта бизнесті дамытуды, оларға қолдау көрсетуді ұдайы тапсырып келеді. Биыл Маңғыстау ауданда басталған «Бастау бизнесте» ауданның кәсібін кеңейткісі келетін кәсіпкерлер мен кәсіп ашқысы келетін, бірақ қолындағы қаржысы күрмеуге келмей жүрген Маңғыстау ауданының тұрғындары жаппай білім алып, кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып, ақпараттанды. Бизнесті бастау, оны дамыту жолын үйренді. Биылдың өзінде ауданның 700-ден астам тұрғыны сертификат алса, оның ішінде көптеген кәсіпкерлер өз кәсібін ашты, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы арқылы несие алды. Солардың бірі - тігінші Гүлнар Төлегенова.
Гүлнар бала кезінен анасының жанында жүріп, тігін тігуді, көрпе сыруды үйренген. Шеберлігімен Таушық ауылына танылған анасы Мәрзияның қолынан шыққан көрпе-төсек, құрақтар көздің жауын алып тұрушы еді. «Ана көрген тон пішер» демекші, анасының жанында жүріп, тігін тігудің қыр-сырын меңгерген, саусақтары кішкентайынан инеге икемделген Гүлнар осыдан екі жыл бұрын заман ағымымен тұрмысқа шыққан қыздар мен келіндерге арнап үйінен құрақ көрпе тігіп, саттыққа шығара бастады. Өзінің сүйіспеншілікпен жасаған жұмысынан қуат алып, тапсырыс ала бастағаннан кейін, биыл жұмысын үлкейтіп, бөлек шеберхана ашқысы келді. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы жанынан «Бастау бизнес» оқу сабағына қатысып, кәсіпкерлік шыңына жету жолын, табыс табу, кәсіпті кеңейту жайында көптеген мағлұматтар алды. Кейін 3 млн теңге несие рәсімдеп, кәсібін одан әрі жалғастыруға, өз алдына бөлек шеберхана ашып, кәсіпкерлікті дамыту жолына бағытталды. «Мөлдір» шеберханасын ашып, аудан тұрғындарынан тапсырыстар қабылдай бастады. Құрақ көрпелер мен арнайы түйе жүннен дайындалған көрпе-төсектер дайындап, отбасылық бизнесін бастап кетті. Бұрын тек қана өзі тігін тіксе, енді қызы мен келінін арнайы оқытып тігін тігуге машықтандырды. Олар түйе жүн салынған жамылғы көрпелерге қазақтың оюларын салып сыриды, құрақ көрпе де тігеді және түсе жүннен сырып тігілген кеудешелерді де саттыққа шығарып үлгерді.
Көрпелерінің ерекшелігі түйе жүннен тігіледі. Қазір заманға қарай Қытайдан келген синтефон көрпелердей емес, ата-бабаларымыз қолданған түйенің жүнін тазалап, жуып, түтіп, арнайы дайындап салады, көрпелерді де сырып, әсемдеп, оюлап тігеді. Асқан ыждаһаттылықпен, шеберлікпен жасалған бұйым әрдайым әсем көрінетіні белгілі ғой. Несиеге алған 5 түрлі тігін машиналарымен көрпелерді әр түрлі етіп дайындап, тұтынушылардың талабын қанағаттандырып отыр. Болашақта тапсырыстар көбейсе аудан тұрғындарын да жұмыспен қамтуды мақсат етіп отыр.
Тағы оқыңыздар: Құт дарыған Қызылөзен
- Жұмыстың жүруіне алдымен жақсы жарнама, содан кейін сапалы бұйым, шеберлік керек. Бұрын бастау бизнесте білім алмай тұрғанда кәсіп ашып, бірден табысқа жете қоймадым деуші едік. Кәсіпкерліктің де қыр-сыры, оны меңгеретін тәсілі болуы керек екен. Мен білім алып қана қоймай, өмірлік жұмысыма арнап тәжірибе жинақтадым, ақпарат алдым. Сол алған білімнің нәтижесінде қалай жұмыстану керек екендігін түсініп отырмын. Алда жұмысымды жолға қою үшін үлкен күш жұмсау керек, көрпелердің барлығы дерлік түйе жүннен жасалатын болғандықтан, түйе жүнін қабылдауға келісімге отыруым қажет. Түйенің жүнін де кез-келген уақытта ала бермейсің. Сол секілді көптеген мәселелердің шешімін тауып, алдағы жоспарларымды, алға қойған мақсаттарымды орындау үшін жұмыстана беремін, - дейді Гүлнар.
«Кәсібім - нәсібім» демекші, несібесін отбасылық бизнестен тапқан Гүлнардың ісіне сәттілік тіледік.
Ж. АМАНҚҰЛОВА
1985
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.