©
Салықтар мемлекеттік бюджеттің ең мол түсім көздері болғандықтан олар қандай да болмасын мемлекеттің өсіп, өркендеуінің материалдық негізі болып есептеледі. Сондықтан кірістер басқармасының басты мақсаты – бюджетке кірістерді тарту арқылы мемлекеттің қазынасын қалыптастыру және еліміздің әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларының жүзеге асуын қамтамасыз ету. Осы орайда аудандық кірістер басқармасында да біршама жұмыстар атқарылды.
2018 жылы Маңғыстау ауданы бойынша ҚР Қаржы Министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті құзырындағы 2018 жылғы 10 айына мемлекеттік бюджет жоспары 6 767 740 мың теңгені құрап, одан 5 205 354 мың теңге түсіп, 76,9% орындалды. Оның ішінде республикалық бюджет жоспары 671 077 мың теңге болып белгіленіп, 688 103 мың теңгеге 102,5% асыра орындалса, жергілікті бюджет жоспары 6 096 663 мың теңге болып белгіленіп, 4 517 251 мың теңге түсті. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, түсім 574 576 мың теңгеге артық түскен. Сонымен қатар басқармада мемлекеттік қызмет түрлері жүйелі көрсетіліп келеді.
Маңғыстау аудандық кірістер басқармасында тіркеу бойынша 22 заңды тұлға тұрғылықты жері бойынша есепке қойылды. Осы мерзім ішінде 227 дара кәсіпкер, оның 203-і оңайлатылған салық режимі бойынша 3 патент, 21 шаруа фермерлік қожалықтары бойынша тіркелген. Есепті салық кезең ішінде салық төлеушілердің өтініші бойынша 52 бақылау-кассалық машинасы, оның ішінде соңғы ПОРТ МР-55ВФКZ ОФД версияменен 32 БКМ тіркеуге алынды. Барлық жеке кәсіпкерлерге соңғы онлайн жүйедегі БКМ-ның 2020 жылға дейін толықтай өту жөнінде хабарландырылды.
ҚР ҚМ МКК web-порталында орналасқан «әрекетсіз» деп танылған салық төлеушілермен жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері әрекетсіз тізімінен 19 салық төлеуші шығарылды. Салық кодексінің 67 бабына сай дара кәсіпкерлердің жекелеген санаттарының қызметін оңайлатылған тәртіппен тоқтату бойынша жыл басынан 34 кәсіпкер қызметін тоқтатты.
Осы мерзім ішінде 278 салық төлеушіге 1358,8 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, одан 1340,7 мың теңге жергілікті бюджетке өндірілді.
Салық төлеушілерге кеңес беру мақсатында жыл сайын әр аптаның бейсенбі күні бірыңғай кеңес күні өткізіліп келеді. Онда жеке тұлғаларға дара кәсіпкерлік нысан ретінде есепке тұру және кәсіпкерлердің мемлекет алдындағы міндеттемелері туралы мағлұматтар беріліп отырады.
Нұрсәуле ҚЫДЫРҒОЖАЕВА, ақпараттарды қабылдау және өңдеу бөлімінің басшысы
Көрнекі сурет сайттың архивінен