©
6-сайланған Маңғыстау облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма бірінші сессиясы өтті. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен жиында күн тәртібінде тұрған екі мәселе қаралды. Оның бірі облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 13 желтоқсандағы №15/173 «2018–2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу турасында болса, екінші мәселе облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 13 желтоқсандағы №15/180 «Маңғыстау облысындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде болды.
Бірінші мәселе бойынша 2018–2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы атап айтар болсақ, ағымдағы жылдың басынан бері бюджет екі рет нақтыланып, нәтижесінде бүгінгі таңда облыс бюджетінің көлемі 195 млрд. теңгені құрап отыр. Бюджет параметріне енгізілген өзгерістер бірінші кезекте республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыға сай жүргізіледі. Сол қаржыны тиімді пайдалану мақсатында әр салаға байланысты ағымдағы жоспарланған қаржы көзі – 350 млн. теңгеге азайтылса, кейбір салаларды дамыту мақсатында бөлінген қаржы көлемі 1,5 млрд. теңгеге артқан.
- Еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне енгізілген өзгерістерге сәйкес ішкі істер органы қызметкерлерінің лауазымдық жалақысын көбейтуге бөлінген трансферттер 22 млн. теңгеге азайтылды. Білім беру саласында білім министрлігі тарапынан төлеу механизмінің кеш бекітілуіне байланысты 3 тілдік оқыту курсынан өткен және негізгі қызметкерді алмастырғаны үшін мұғалімдерге төленетін қосымша ақы көлемі 153 млн. теңгеге азайтылды. Денсаулық сақтау саласында медициналық ұйымның сот шешімі негізінде жүзеге асырылатын іс-шараларды өткізуіне бөлінген 127 мың теңге толықтай қысқартылды. Әлеуметтік қолдау саласында бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттер көлемі 348 млн. теңгеге, оның ішінде, күн көріс деңгейінен төмен тұратын азаматтар санының төмендеуіне байланысты 259 млн. теңгеге қысқартылды. Ауыл шаруашылығы жануарларын, техниканы және технологиялық жабдықты сатып алуға кредит беру, сондай-ақ лизинг бойынша субсидиялауға бөлінетін трансферттер көлемі 30 млн. теңгеге, ауызсу беру қызметін субсидиялауға берілген трансферт 21 млн. теңгеге азайтылды, – деді сессияда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова.
- Ал даму трансферттері бойынша Қарақия ауданы Құрық селосында 4 қабатты жалдамалы және Мұнайлы ауданы Батыр ауылының «Емір» ықшамауданында 40 тұрғын үй бойынша даму трансферті 119 млн. теңгеге азайтылған. «Ата жолы» автомобиль жолын қайта жаңарту жобасын қаржыландыруға қосымша 1,3 млрд. теңге қаржы бөлінген. Осылайша республикалық бюджет аталған жоба бойынша өз міндеттемесін толықтай орындады, – деді Ш.Илмұханбетова.
Ендігі кезекте жергілікті бюджеттің тиімді орындалуына келетін болсақ, Шолпан Лазарқызының айтуынша, бюджет қаржысының 100 пайыз игерілуін қамтамасыз ету мақсатында облыстың қала, аудандарына жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде 3,8 млрд. теңге қаржы үнемделген.
Үнемделген қаржы келер жылы жаңа механизмнің енгізілуіне байланысты колледждерге, «Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заңға сәйкес денсаулық сақтау нысандарының күрделі шығыстарына, ұзындығы 13 км «ТұщықұдықШебір» автомобиль жолын жөндеуге, қоғамдық жұмыс пен әлеуметтік көмекке және Ақтау қаласы, 32А шағынауданда орналасқан, 1 қыркүйекте қолданысқа берілген 900 орындық жаңа мектептің ағымдағы шығыстарына жұмсалатын болады. Бұл шешімдер сессия барысында дауысқа салынып, депутаттар тарапынан бірауыздан қолдауға ие болды.
Сонымен қатар әкімдікке депутаттардан жекелеген шығыстар бойынша бірқатар ескертпелер мен ұсыныстар айтылып, қолдау тапты.
Түпқараған ауданы, Сайын Шапағатов ауылының 6-кварталын газдандыру, «Ақтау– Форт-Шевченко» автожолының 14-28 шақырым аралығын жарықтандыру жұмысына қаржы қарастыру, Мұнайлы аудандық орталық аурухана құрылысына қаржы бөлу, өңірде іске асырылып жатқан жобалардың ішінде автомобиль жолдарының құрылыс сапасын арттыру және келесі жылы республикалық маңызы бар «Бейнеу–Ақжігіт–Өзбекстан шекарасы» автомобиль жолының қолданысқа берілуіне байланысты шекарада орналасқан Бейнеу ауданы, Тәжен және Ақжігіт ауылдарын газдандыру, жарықтандыру және абаттандыру бойынша депутаттардан келіп түскен ұсыныстар толықтай қолдау тауып, тиісті қаржы бөлу жұмыстары жүргізіліп жатқандығы туралы облыс әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова айтып өтті.
Сессияның күн тәртібінде қаралған екінші мәселе бойынша «Ақтау қаласында «қауіпсіз аула» бейнебақылау жүйелерін енгізу және оған қызмет көрсету» жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылдау ұсынылған. Бұл жоба қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылмақ. Бүгінгі таңда «Dynamics Business Technologies» жеке әріптестік мекемесі 15-шағынаудандағы жағалауда тестілік режимде 12 бейнекамера орнатып, оларды полицияның тірек пунктіне қосты. Алдағы уақытта бейнебақылау камералары адамдар көп жиналатын жерлерде, яғни теміржол, вокзал, әуежай, сауда орталықтары және басқа да қоғамдық орындарда толықтай орнатылатын болады.
Сессия соңында мәслихат депутаттарының кезекті 22-сессиясы төрағасы болып №23 сайлау округінің депутаты Қ.Бисенұлы сайланды.
Айгүл ОРЫНБАЕВА