Бұл туралы Қоғамдық коммункация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров мәлім еті.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында 40 ірі сауда ұйымымен меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ 125 сауда ұйымында азық-түлік тауарын арзан бағада сататын әлеуметтік бұрыштар ұйымдастырылды. Бүгінде күнбағыс майының 1 литрін 783 теңгеге бекіту жұмысы жүріп жатыр», деді Бекбол Орынбасаров.
Спикердің айтуынша тауардың 11 түрі бойынша 2 мың тонна азық-түлік сатып алынды. Бүгінде қорда көлемі 1,5 тонна құрайтын 6 түрлі тауар сақтаулы. Оның ішінде 1,2 тонна қарақұмық жармасы, 27,2 тонна макарон өнімдері, 1076 тонна І сұрыпты ұн, 170 тонна күріш, 132 тонна қант, 3,2 тонна тұз. Жыл басынан салыстырғанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының тұтыну баға индексі 110,2% құрады.
«Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігі саласында бағаны төмендетудің бірден-бір жолы - нарықты молайту. Осы бағытта өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша 2021-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы жасақталды. Бұл тұжырымдама қоғамдық кеңес пен мәслихаттың тұрақты комиссиялары алдында талқыланды. Соған сәйкес 6 жылда 48 жоба іске асып, 138,8 млрд. тенге инвестиция тартылады. Нәтижесінде нарықты азық-түлікпен қамту деңгейін 70% қамтамасыз етуге мүмкіндік болады», деді Бекбол Орынбасаров.