©
Табиғатты қорғау – барлық адамзаттың ең маңызды әрі қажетті міндеттерінің бірі. Әрбір адам айналасындағы өлі және тірі табиғаттың керемет те мәңгілік сұлулығын өзі үшін, келешек ұрпақ үшін қорғауға міндетті. Өйткені адамзаттың табиғатсыз күні жоқ. Еліміздегі жалпы орман қорының 50%-дан астамын сексеуіл ағаштары құрайды. Сексеуіл – құмды шөлдің қорғаны, ол құмды бекітіп ұстап тұрады.
Сексеуіл — ағаш тұқымдас өсімдік. Орталық Азия мен араб елдерінде онға жуық түрі болса, біздің елімізде ақ, қара және зайсан сексеуіл деген үш түрі кездеседі. Ақ сексеуіл құмды төбелерде, қарасы тегіс жазықтарда өседі. Оның тамыры 10-11 метр тереңдікке дейін кетеді. Оларға баяу бой көтерер кірпияздық тән, жиырма бес жылда 1,5-2 метрге дейін өседі, тіпті бұтақтарының биіктігі 5 метрге дейін өсетіндері де кездеседі. Ал қарасы ақ сексеуілге қарағанда жуандау әрі ірі келеді, биіктігі 7 метрге дейін жетеді. Тамырын тереңге жаяды. Осы екеуіне тән ерекшеліктер зайсан сексеуілінде де бар.
Осы сексеуіл ағашын өсірумен айналысатын облысымыздың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының екі орман шаруашылығы бар. Солардың бірі Сам ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі.
Сам ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі 1992 жылы Сам орманшылығы негізінде Бейнеу орман шаруашылығы құрамында құрылған. 2004 жылы Бейнеу орманынан бөлініп шығып, өз алдына Сам ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі болып аталды. Жалпы жер көлемі 194 510 гектар. Сам құмы аумағында орналасқан. Сам орманының орман алқаптарын негізінен ірі бұталы өсімдіктер, қоянсүйек, жүзген, теріскен бұталары және қолдан отырғызылған сексеуіл ормандары құрайды. Негізінде сексеуіл ағаштары Сам құмында табиғи өспейді, олар қатаң жерлерде,түлейлерде ғана өскен. Сексеуілді өз тұқымынан өсіріп шығару жұмыстары 1993 жылдан бастап қолға алынған. Қазіргі кезде сол тұқымнан шығып тұрған сексеуіл орманы 1000 гектардай ғана. Кейбір жаз жаңбырсыз, қуаңшылық болған жылдары көктемде көктеп, шықпай қалады. Сексеуіл ағашының көктей бастауы — наурыз айының аяғы.
Сәуір айының басында ауа райының жылынып, шөптің көктеп бастаған кезінде басталады. Сексеуіл ағашы гүлінің тозаңдануы – жел арқылы. 165-170 күннен кейін сексеуіл тұқым бере бастайды. Қазан айының 5-20 аралығында сексеуіл тұқымын жинау жұмысы басталады. Одан кешіксе тұқым желмен ұшып кетеді. Жиналған тұқымды тазалап, кептіріп, себуге дайындайды. Белгіленген жерді бірінші жыртып, тырмалап дайындап алып, алғашқы қар түсердің алдында шамамен қараша айының 15-нен қалдырмай жыртылып, дайындалған жерге 2-3 см. тереңдікке себіледі, үстінен қайта тырмалап өтеміз. Тұқым қыстай қар астында жатады, көктемде сол себілген тұқымның көктеп шығуын бақылаймыз. Көктемде тұқымның көктеп шығуы алғашқы кезде жаман болмайды, шамамен 55-60%-дай көктеп шығады. Көктемде, жазда ауа райы ылғалды, жаңбырлы болса жақсы шығады. Өткен жылғыдай қатты қуаңшылық, қатты ыссы болса, көктеп шыққанмен, жазда ерте қурап кетеді.
Жалпы сексеуіл жайлы айтарымыз осы. Сексеуіл — табиғат қорғаны. Оны қорғау — біздің міндетіміз.
Абзал АЛТЫБАЕВ, мекеме орманшысы
Көрнекі сурет сайттың архивінен