©
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың саны 40 миллионнан асып, 25 миллионнан астамы осы дерттен көз жұмады екен. Аталмыш індетті әлем бойынша күніне 24 мың адам жұқтырса, оның 7 мыңы осы аурудан қайтыс болатын көрінеді. Осынша жанның өмірін қыршын қиып жатқан қатерлі індет жайында облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі орталығының алдын алу бөлімінің эпидемиолог дәрігері Гүлбану ЖАЙЛИЕВА төмендегідей ақпарат берді.
- Қазіргі таңда індеттік ахуал күрделеніп келеді. Сондықтан бұл жағдай аурудың қауіптілігін сезінетін қоғамдық ұйымдардың да алаңдатушылығын тудырып отыр. Инфекцияның зардаптары бүгінде дамудың барлық аспектілеріне, яғни кедейлік деңгейін төмендетуге, білім саласына, инновациялық технологияларды жетілдіруде, адам құқықтарына зардабын тигізуде.
АИТВ жұқпасымен күресу — аса қауіпті аурумен күресудің пәрменді шараларының бірі. Әлем ғалымдары АИТВ жұқпасына қарсы тиімді дәріні тез арада жасап шығару үшін қолдарынан келген мүмкіндіктерді жасауда. Бұл салада біршама жетістіктер бар, бірақ ауруға қарсы нақты екпе табылған жоқ. Сол себепті АИТВ-ның ең тиімді және кепілдендірілген жолы іздестірілуде.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтау: құт қазаны қайнаған қалаОрайы келгенде айта кетсек, ЖИТС-ке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі орталықта жүргізілетін жұмыстардың басты бағыттары мыналар: АИТВ инфекциясына сапалы эпидемиологиялық бақылау жүргізу, АИТВ инфекциясына тестілеу жұмыстарын жүргізу, мінез-құлқы қатерлі топ өкілдері арасында алдын алу жұмыстарын жүргізу, жастардың арасында алдын алу жұмыстарын кеңінен насихаттау, АИТВ инфекциясының анадан балаға берілуінің алдын алу, АИТВ жұқтырғандарды емдеу, диспансерлік бақылау жүргізу, инфекцияның донорлық қан арқылы берілуінің алдын алу.
Аталмыш инфекцияның алдын ала егетін вакцина болмағандықтан тұрғындар, әсіресе, жастар мен жасөспірімдер арасында әртүрлі формада алдын алу шараларын насихаттау бағытындағы іс-шаралар өткізіледі. Профилактикалық іс-шаралар насихаттау шараларын өткізумен, саламатты өмір салтын жарнамалаумен жалғасады. Ал өз денсаулығына немқұрайлы қарамайтын әр адам есірткіден және кездейсоқ байланыстардан бас тартып, тұрақты серіктесінің денсаулығына да қамқорлық жасағаны дұрыс.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА