Алматы. Желтоқсан айы. Сыртылдап тұрған сағатқа қарасам, кіші тілі алтыны көрсетіп тұр екен. Беті-қолымды жуып, ертеңгілік шайды ішіп, автобустар аялдамасына бет алдым. Таңғы аяз бетіңді қариды. ҚазМУ қалашығына баратын №32 автобусқа «Саяхат» автовокзалы жанынан отырдым. Сары автобус орнынан ышқына қозғалып, жоғары өрлей бастады. ҚазМУ-ге барғанша өрлей беретінді.
Жол-жөнекей адамдар біресе түсіп, біресе мініп жатыр. Алаңсыз ел күнделікті тірлігіне асығып барады. Автобуста «Мир» (қазіргі аты «Желтоқсан») көшесімен бірте-бірте жоғары өрлей отырып, Қ.Сәтбаев көшесінің қиылысындағы аялдамаға тоқтады. Сол жағымызда орналасқан Брежнев (қазіргі Республика алаңы) атындағы алаң бірден көз тартады. Осы атшаптырымдай алаң түс ауа қанға бектерілетінін автобус ішіндегілер білген жоқ. Ешкім де білмеді.
Автобус Тимирязев көшесіне түскеннен кейін қарқынды жылдамдата отырып, ҚазМУ қалашығының аялдамасына тоқтады. Студенттер жылдам жүріп, өздері оқитын факультет табалдырықтарын аттап, ішіне енуде. Көпшілікпен менде ілесіп, журналистика факультетінің 208-ші аудиториясына кірдім. Сағат тілі сегізге он минут қалыпты. Курстастарыммен амандасып, сол күнгі жаңа газеттерді парақтап отырғанымызда курстасым Қойшыбай Есентаев: «Қонаевты орнынан босатыпты, Колбин деген біреу бірінші хатшы болыпты», – деген сөзді айтты. Оны газеттен де оқып үлгердік. Арадан шамалы минуттар өткеннен кейін қоңырау соғылып, ішке мұғалім енді. Сабақ басталып кетті. Қойшыбайдың әңгімесі ары қарай қозғалған жоқ еді. Бұл күн – 1986 жылдың 17-ші желтоқсаны болатын.
Сабақтың бірінші жұбы аяқталғаннан кейін, коридорға шықсақ «алаңда халық жиналып жатыр, жиын өткелі жатыр...» деген әңгімелер көбейді. Алаңда не болатынын, қандай жиын өтетінін я біз білмейміз, я мұғалімдер білмей алаң болдық. Түсініспеушілік басталды. Ректорат алдына шықсақ, лек-лек болып алаңға қарай ағылып жатқан студенттерді көрдік. Біздер де көпшілікке ілесіп, алаңға жаяулатып тарттық та кеттік. Барсақ қарақұрым жиналған қазақ жастары толқу үстінде екен. Орталық Комитеттің қазақ халқымен санаспай, Д.А.Қонаевты қызмет орнынан себепсіз босатып, Қазақстанды сырттан келген басшыға тізгінін ұстата салғанына наразылық білдірген сөздерді көпшілік арасынан естідік. Алаңға қазақ жастары минут өткен сайын көбейе берді, жинала берді.
Сағат 12-00. Алаңдағы жастар патриоттық әндер айтып, Орталық комитеттің шешімімен келіспейтіндіктерін ашық білдіріп жатты. Қазақстанды қазақ перзенті басқару керектігін талап етті. Орталықтың әміршіл-әкімшілдік басқару жүйесінің шешіміне келіспейтін шерушілер ұрандар жазылған транспаранттар көтеріп, алаңға сәт сайын топтала берді. Айналаға көз жүгіртсең, қазақтың жігіт-қыздарының жүздерінен реніш отын анық байқайсың. Ал сол кезде алаңдағы трибунадағы Қазақстан Орталық Комитетінің қызметкерлері жиналған жастарды таратуды басты мақсат етті. Бірақ олар: «Үйді-үйлеріңе, жатақханаларыңа тараңдар!» – дегеннен басқа ешнәрсені нақтылай түсіндіріп айта алмады. Айта алмайды да, өйткені орталықтың қаулысы қабылданып, шешімі шығып та қойған-ды.
Трибунадағы Орталықтың жандайшаптары бос сөзден түк шықпайтынын білгеннен кейін солдаттар, ішкі істер бөлімінің қызметкерлерін тез арада алдырып, «Енді тарамасаңдар, көрсетеміз», – дегендей төрт-бес қатардан Үкімет үйін айналдыра қоршатты да тастады. Әр солдат пен милиционердің басында каска, қолында резинка таяқ, айналы қалқанмен қаруланған, олардың әрекеті алаңдағы халықты ызаландырып, ашындырды. Жиналғандардың жүрегіне ыза толды. Қандары қайнады. Ақыр аяғы қан төгілуге әкеп соқты.
Орталықтың «ләппайшылары» халықпен мәмілеге келудің орнына минут сайын елдің ашу-ызасын күшейте берді. Солдаттар санын көбейтіп, халықты тарату үшін күш көрсетті. Ұрды, тепті, шаштан сүйреп, торлы машиналарға қамады. Алаң қанға боялды. Бұйрықты ғана орындайтын солдаттар, милиционерлер есерленіп, қаһарына мінді. Жиналған жастарға деген жауыздығы сәт сайын күшейіп, бас-көз демей жайпауға көшті. Не керек осындай қанқұйлы көріністер түнгі сағат он екі, бірге дейін басылмады. Қаншама адам жараланды, бұл дүниемен қош айтысқандары да болды. Курстасым Амангелді екеуіміз бір қазақ жігітін екі солдат тепкілеп жатқан жерінен екі-үш жігіт болып ажыратып алып, тасалы жерге апарғанымыз есімде. Әлгі жігіттің бет-аузының сау жері жоқ. Қан бетін жуып кеткен. Оның үстіне басы жарылып, ес-түссіз жатыр. Киімдері малмаңдай су. Су болатын себебі, дәл осыдан көп болса жиырма минут бұрын әскери өрт сөндіруші бес машина 10-15 градус аязда алаңдағы халықты тарату үшін аямай мұздай су шашқан болатын. Мұның нағыз барып тұрған жауыздық екендігінде сөз жоқ. Әлгі жігітті курстасым Амангелді Әбілов екеуіміз көтерген бойы сол маңдағы подъезге тасалаттық. Есі біресе кіріп, біресе шығып есеңгіреп жатты. Әйтеуір, ақыр соңында есін жиғандай болды. «Қай жерде оқисың?» – дегенімізде «политехинститут- та» – дегенге әрең тілі келді. Ақыр соңында не керек жігітті жаяу жүре отырып, жатақханасына апардық. Өйткені алаңдағы оқиғаға байланысты қатынас транспорттары мүлдем тоқтатылған болатын-ды. Құдай сақтап, қолға түспедік. Сөйтіп төбе шашыңды тік тұрғызатын алғашқы күнді осылай аяқтаған едік.
Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы көз алдымда. Мен сол кезде ҚазМУ-дің журналистика факультетінің төртінші курс студенті едім. Желтоқсан оқиғасы кезінде қаншама адам «ұлтшыл», «нашақор», «маскүнем», «тәртіпсіздер...» атанды. Бұл жөнінде кезінде Орталықтың басылымдары бояуын қалыңдатып, бүкіл елге теріс пікірлерін жария етпеді ме?!. Етті де.
Желтоқсан оқиғасының екінші күні сабаққа барсам жиналыстан-жиналыс басталды да кетті. Орталықтан келген уәкілсымақ: «Күні кеше алаңнан 280 адам ұлтшылды қамауға алдық» деген сөзі әлі есімде. Сөйтіп интернационализм туралы лекция оқып, «арамыздағы ұлтшылдарды құртамыз» – дегенінде сонау 1937 жылдың салқын желі ескендей болды. Факультетте жиыннан-жиын өткізіліп, арамыздағы жат пиғылдыларды іздестіру басталды. Бұл күні де шерушілер болды. Бірақ біздерді факультеттен сыртқа кешке дейін шығармады. Кешке бір-бірлеп жіберді де, жатақханада тұратын студент- терді мұғалімдер айдауымен алып кетті. Ал мен «Саяхат» автовокзалы жанындағы пәтеріме жаяулап жол тарттым.
Халқымыз: «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» – дегендей оқиғаның үшінші күнінен бастап, бітпейтін тергеуге түстік. Күн сайын курс студенттерін екеу-үшеуден шақырады. Факультет басшылары мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріне арнайы кабинеттер беріп, сонда жұмыс жүргізуі үшін жағдай жасаған болатын. Курстастарымды бір-бірлеп шақырып, тергеу басталды. «Үш әріпке барып келдім, байқап сұрағына жауап бермесең, сөзбен шатастыра отырып, тұзағына іліндіреді», деген сөздерді курстастарымнан естідім. (Бұл жердегі үш әріпі – МҚК (КГБ) - дегені). Бірге оқитын студенттердің бойын үрей билеген. Қорқу, алаңдаушылық басым. Өйткені басқа факультеттерден күндіз немесе түнде келіп, кейбір студенттердің қолына кісен салып, алып кетіп жатқанын көріп те, естіп те жүрміз. Сондай кезек бір күні бізге де келіп қалар деген сескену, қорқу бойымызды билеп алған. Оның үстіне «Арамызда жансыздар бар, солардың тырнағына ілініп қалмаңыздар» деген сөздерді де жанашыр достардан естігенбіз. Не керек, өзгенің алдында тіліңе сақ болуың қажет.
Ақыры кезек маған да келді. МҚК-нің қызметкері: «Сен сол күні қайда болдың? Сабақта болмапсың ғой. Кімдермен бардың? Кімдер ұйымдастырушылар? Қорықпай бәрін айта бер. Бұл әңгімелер құпия сақталады. Сені алаңда көргендер бар. Сен бізден құтылмайсың. Одан да шыныңды айт! Өзіңе жеңіл болады. Курсыңда, факультетіңде ұлтшылдар тобы бар ма? Деканың жөнінде айт! Кәне, жасырмай айт, бәрін...» – деген сұрақтарды жаудырды да жіберді. Егер сөзден жаңылсаң, я өзің құрисың, я өзгені құртасың. Ақыры «жоқ, жоқ» дегенмен құтылдым. Ол кезде Орталықтың іс-әрекетін сынайтын болсаң, түрме төрі дайын тұр. Сол себепті «жоқтан» басқа сөз айтуға жол жоқ еді.
Үш әріптің тергеуінен екі сағаттан соң әрең шықтым. Оның «Ойлан бала» деген сөзі са- намды билеп алды. Сүрінбей аман шыққаныма іштей қуандым. Міне, осындай тергеу күнде факультет студенттеріне, мұғалімдеріне жүргізілді.
«Мен қазақпын!» – деген сөзді айтудың өзіне қорықтық. Өйткені ұлтшыл атанасың. Араға үш-төрт күн немесе апта салып тергеуге барасың. Тағы сұрақтар беріледі. Ананы бір сұрап, мынаны бір сұрап, әбден мезі етеді. Баяғы бір жауап, «білмеймін, жоқ» деген. Өйтпеске лажың жоқ. Өмірдің өзі лайланып тұрған кезде шындық іздеу, қараңғы түнектен қара мысықты іздеумен бірдей еді.
Иә, сол кездегі қоғамдағы басты кемшілік – процент, жоспар қуу деп ойлаймын. Сол кездегі жазалау науқанында да процент қуу бірінші орында тұрды. Пәлен факультеттен пәлен студент оқудан шықты, пәленіне қатаң сөгіс берілді – деген ұранды сөздер жаңғырып жатты. Мұндай жоғары көрсеткішті иелену біздің факультетте де орын алды. Партия жиналыстарын қайта-қайта өткізіп, мұғалімдерге қатаң ескертулер беріліп, жұмыстан шығарып, жазалап жатты. Сол кезде бірінші курсқа Ләтипа Ахметова апай куратор болатын. Бірінші курс студенттері алаңға жаппай кетіп қалғаны үшін апайға партиялық сөгіс берілгені есімде. Сонда апай: «Айналайындар-ау, курс студенттерін мен жіберген жоқпын ғой, егер алаңдағы оқиға туралы білсем, жібермес едім ғой...», – деп жазықсыздан-жазықсыз кінәлі болып, жылағанын көргенде жүрегің қан жылайды. Кезек біздің курстың коммунистеріне келді. Жиналысты жүргізіп отырған төраға біздердің кінәларымызды айта бастады. «Бұл он бір студент курсындағы «ұлтшыл» Гүлнара Әшімованы оқудан шығармауды және өздері орталарына алып, тәрбиелейміз дейді. Бұлардың саналары таза емес. Бұл студенттерге қатаң шара көрмесек болмас», – деп зіркілдеді. Жиналыстағы отырған кейбіреулер заһарын төге зіркілдесе, енді біреулері «партиядан да, оқудан да шығару керек» деп талап қойды. Ақыры не керек, курс коммунистеріне «қатаң сөгіс, сөгіс» – деген жаза беріліп, Гүлнараны оқудан шығарды.
Сол кезде, өткен жиналыстан-ақ адамға деген сенім жоғалғанын жүрегімізбен сезе білдік. Курсымыздағы Жарылқап Қалыбаев, Бағила Қалмағамбетова, Өсімхан Пістебеков, Дина Төлендібаева, Аманкелді Әбілов, Қойшыбай Есентаев, барлығы он бір коммунист жаза алғанымызға емес, курстасымыз Гүлнараның оқудан шығып қалғанына қатты өкіндік. Оның үстіне осы жиналыста деканымыз Темірбек Қожакеевте партиядан шығарылды. Әттең! Жүрек егілді. Амал қанша, заман лайланып, адамның бір-біріне сенімі жоғалған кезде шындық іздеудің өзі түкке алғысыз болатын. Бұған дейін де талай-талай боздақтар қыршын кетпеді ме? Бауыры өзіне қас болған заман да қазақтың басынан өтті ғой.
Мен осы оқиғаларды бастан өткердім. Кейін шындық таңы да атты. Бірақ Шығыс қазақстандық курстасым Гүлнараны қайтып кездестіре алмадым. Қазір қайда, не күйде екенін курстас достарымның бірі де білмейді. Мүмкін, желтоқсан құрбаны болған да шығар. Кім білсін?! «Алаңда тобырмен болған жерінде қолға түсті» деген желеумен оқудан шығарылып, жиырма екі жасар қыздың өмірін лайлап жіберді...
Міне, осы оқиғаның өткеніне де әжептәуір жыл болыпты. Желтоқсан оқиғасы ақ пен қараның ара жігін ажыратып берді. Бұл жерде кезінде «Желтоқсан оқиғасына» арнайы баға беру үшін комиссия құрылып, оған Мұхтар Шаханов ағамыздың жетекшілік еткенін атап өтуге тиіспіз. Сол комиссияның сол кездегі тынымсыз зерттеу жүргізуінің нәтижесінде мынадай қорытындыға келгенін білеміз. «Желтоқсан оқиғасында» 55 адам партиядан, 758 адам комсомолдан шығарылды, 210 коммунист партиялық, ал 1164 адам БЛКЖО мүшелері жаза алған еді. Әкімшілік жолмен 707 адам жазаланса, 1400 адам тәртіп қорғау органдары тарапынан жазаланған. Сонымен бірге 99 адам Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 60-шы (Ұлттық және нәсілдік тең праволықты бұзу) және 65-ші (Жаппай тәртіпсіздік) баптарымен сотталды. Ал екеуі ату жазасына кесілген болатын. Бұған алаңдағы қыршын кеткен боздақтарды қосыңыз. Міне бүкіл халыққа «ұлтшыл» деп кінә таға отырып, қаншама адамды сергелдеңге түсірді. Әттең, боздақ- тарым-ай!..
Иә, Алматыдағы «Желтоқсан оқиғасына» биыл отыз бір жыл толып отыр. Сол қиын-қыстау кезең еске түссе, жүрек сыздап қоя береді. Әділеттілік үшін арпалысқан жастарымыздың бейнелері көз алдыма елестейді. Алдағы кезде халқымыз бастан кешкен зобалаңдарды қайта көрмесін, елде тыныштық пен ынтымақ үстемдік ете беруін тілеймін.
Алматыдағы Республика алаңын жыл сайын – 17 желтоқсанда мыңдаған адамдардың қолындағы алқызыл гүл дестелері көмкереді. 1986 жылдың 17 желтоқсанында тап осы жерде адам құқы аяққа тапталды, бейбіт демонстранттарға қарсы күш жұмсалды. Соған орай осы жерде жазықсыз жазаланып, қудаланған халқымыздың ұл-қыздарын еске алу жиыны болып өтеді. Желтоқсан оқиғасы бірнеше жылдан соң барып, әділ бағасын алды.
Диқанбай ӘБИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Тағы оқыңыздар: Маңғыстауда «Жігіт сұлтанын» анықтады