©
Халқымыз итті жеті қазынаның бірі деп қадірлеген. Итті зерттейтін кинелогия атты ғылым бар. Сократ, Платон, Диоген тәрізді ғұламалар итті аса дәріптеген. Ежелгі ассириялықтар мен вавилондықтар итті ұруды қылмыс санаған. Ит жылы табалдырықтан аттарда елімізге және Маңғыстауға қатысты ит жылы болған тарихи оқиғалардың кейбірін еске алып көрелік:
986– орыс князі Владимир христян дініне мойынсынғысы келмей, ислам дініне кіру үшін Хорезм шахына төрт рет елші жіберген, елшілер Хорезмге бүгінгі Бейнеу үстімен жол шеккен.
1166 – Түркі әлемінің ұлы ақыны Құл Қожа Ахмет Иассауи дүниеден өтті.
1190 – Орыстың бас князі Ярослав Всеволодович Мономах туды. Ол Алтын Ордаға тәуелді орыс княздарын бастап тарту-таралғымен артынып-тартынып Ұлы ханнан жарлық алу үшін Қарақорым қаласына сапар шеккенде бүгінгі Бейнеу үстімен өтетін болған.
1238 – Шыңғыс ханның немересі, Жошы ханның баласы Бату хан солтүстік Ресейді қыс айында жаулап алады. Әрі тарихшы, әрі жазушы В.Ян өзінің «Батый» атты кітабында «Батый шығыс Еуропаға жорыққа аттанғанда оның әскерінің 300 мыңы қырғыздар мен қыпшақтар, 30 мыңы ғана моңғол еді...» деп жазады. Ал ғалым Лев Гумилев былай дейді: «алғаш Шыңғыс хан империясы өмірге келгенде оның 130 мың әскері болды, соның ішінде таза моңғолы 13 мың ғана еді». Демек, моңғол хандығының оннан тоғызы қазіргі қазақ халқын қалыптастырып отырған тайпалар болған.
1370 – Ақсақ Темір мемлекет басына келіп 35 жыл бойы, яғни, 1405 жылға дейін басқарды. Кейбір тарихшылардың пікірінше оның билігі өз қандастарына бағытталған қателіктерден ғана тұрған. Түріктенген моңғолдың барлас тайпасынан шыққан Тарағай бектің баласы Әмір Темір көрнекті қолбасшылығымен ерекшеленгенімен саясаттан, болашақты болжаудан мақұрым болған. Ол Моғолстанды тас-талқан ету арқылы Қытайларды беріге аяқ бастырды, Баязитті талқандау арқылы бүкіл Еуропаға ықпалын жүргізіп отырған түріктерді тұқыртты. 1395 жылы Тоқтамысты Солтүстік Кавказда Терек өзенінің жанында біржолата талқандап, Алтын Орда қалаларын жермен-жексен етіп, орыс мемлекетінің қуаттанып, өз қандастарының оларға бодан болуын тездетті. Яғни бір кездегі атағы жер жарған Алтын Орда, Дешті Қыпшақ, Мауреннахр аталған елдердің орыстануы Иван Грозный патшаның Қазан қаласын басып алуынан басталады.
1382 – Алтын Орданың соңғы ханы Тоқтамыс Ақсақ Темірден жеңіліс тауып, саясат сахнасынан мүлдем кетеді. Ол Маңғыстау өңірінде екі жыл қыстап, Мәскеу қаласын шабатын атақты жорығына осы жерден аттанған-ды. Тоқтамыстың әкесі Түйе қожа осы Маңғыстау топырағында қайтыс болған.
1622 – Хорезмханы Асфандияр тақ таласында Илбарысханнан жеңіліп, Маңғыстауға қашып келеді. «Түрік шежіресі» кітабын жазған Әбілғазы хан да кейін ағасы Асфандиярмен сыйыса алмай екі жыл Мағыстауды паналаса, Созақ билеушісі Махмұд Сұлтаннан жеңіліс тапқан Мұхамед Шайбани да Маңғыстауға келіп қол жинап, Ақсақ Темір ұрпағын тақтан тайдыратын атақты жорығына осы жерден аттанған.
1634 – Жоңғар мемлекетіндегі ру тартыстарынан бөлінген 250 мыңдай қалмақ Жем өзенінен бір-ақ шығып Жем, Үстірт, Маңғыстауды жайлаған ноғайларды Еділ өзенінен әрі асырып қуып тастап, өлкені өз қолдарына алады. Осы дәуір оқиғалары «Қырымның қырық батыры» жырдастандар цикліндегі «Манашыұлы Тұяқбай» жырында шынайы бейнеленген. Оқиға Бейнеу өңірінде болған, оған Манашы сайы мен Күйкенұшқан тауы нақты айғақ.
Кейін қалмақтар да бұл өңірге орныға алмай ноғайлардың соңынан Еділ бойына асып, Убаши бастаған торғауыт қалмақтарының Жоңғарияға қайта көшуі нәтижесінде өлке бос қалады. Осы тұсты адайлар тиімді пайдаланып, түрікпендермен бірге таласа- тармаса Маңғыстау өңіріне келіп қоныс тебеді. Кейін түрікпендер де ығысып, «жеті жұрт келіп-кеткен» атамекенін баяғы сақтардың (дайлардың) ұрпағы жүрек жұтқан адайлар иеленеді.
1670 – қалмақ ханы Аюке туды. Оның батыс Қазақстан өңіріндегі қазақ-қалмақ оқиғаларына қатысы ерекше.
1718 – Хиуа ханы Шерғазы орыс әскери экспедициясының бастығы Бекович-Черкасскийдің басын шауып өлтіреді. Сөйтіп, орыстардың Орта Азияға ілкі жорығы сәтсіз аяқталады. Бекович-Черкасский шоқынған кабардалық болатын. Астраханнан жорыққа аттанған күні оның әйелі екі қызымен суға кетіп өледі. Бұл қайғылы оқиғаны естіген ол басын тықырлап қырғызып, ұзын шапан киіп, қайтадан мұсылман қалпына келген-ді. Осы жылы М.Травин Каспий – Арал арасындағы өлкені картаға түсірді.
1742 – Ресей Маңғыстауға тағы көз тіге бастады.
1767 – Маңғыстаулық түрікпен билері өздерін Ресейдің қоластына алуын өтінеді.
1850 – Маңғыстауға орыс отбасылары қоныстанады. Николаевская станицасы болып 1949 жылы құрылған Баутин кентіне Орынбор және Саратов губернияларынан 15 жанұя көшіп келген. Кейін бұларға тағы орынборлық 12 жанұя қосылған. Осы жылы «Адайдың Ақтаны» атанған Ақтан Керейұлы дүниеге келді.
1874 – Үстірт арқылы Хиуа хандығына жорық маршутын жасауға тапсырма алған экспедиция бастығы полковник Ф.Ф.Берг қайтыс болады. Оның экспедициясы 1825 жылы 15 желтоқсанда Сарайшықта жасақталып жолға шыққан-ды.
1826 – ит жылы экспедиция Жем өзенінен өтіп, Каспий теңізін жағалай отырып, Қайдақ сорына дейін келді де, сол арадан Үстіртке көтеріліп, одан Бейнеу, Сам, Желтау айналып, Сарнияз тұсында Жемнен қайта өтіп, Арал теңізіне беттейді.
Маңғыстау, Үстірт өңірінде мұнай кендерінің бар екеніндігі жайында алғаш мәліметтер берген – осы экспедиция. Экспедиция Хиуаға баратын 600 шақырымдық Красноводск жолы, 700 шақырымдық Қайдақ жолы, 900 шақырымдық Маңғыстау жолы бар екенін анықтады. Бірақ бұл жолдардың бойында ауыз су тапшылығы болатындықтан өзге маршрутты – Орынбор – Желтау – Хиуа бағытын нақты ұсынады. Бұл маршруттар бойына бекіністер салу, жорықты қыста бастау айтылды.
Осы жылы (1874) Маңғыстаудағы Иса – Досан көтерілісінің басшысы Иса патша әкімдерінен кешірім алып, болыс болып сайланады. Досан ұсталып, 1876 жылы 11 ақпанда түрмеде азаппен өлтіріледі.
1886 – атақты мұнай өнеркәсібін зерттеушілердің бірі, химик Бутлеров Александр Михайлович (1828 жылы туған) қайтыс болды. Ол «мұнай еріткішті таппай оның құрамын білуге болмайды, мұнайды ерітіп, тұндырып айырғанда ғана ішіндегі түрлі көмірсутектер өз күйінде, өз қасиетінде қалады» деген болатын.
Осы жылы (1886) Каспий теңізі көтеріліп, сұрапыл тасқын болады. Осы оқиға жайлы Құрманғазы «Көбікшашқан» күйін, Қашаған «Топан» дастанын шығарған.
1898 – Көрнекті мемлекет қайраткері Жанайдар Сәдуақасов туды. Ол 1924 жылы Қазақ Орталық Атқару комитетінің жауапты хатшылығынан Адай уездік ревкомына төраға болып келген-ді. Маңғыстаулық ақын Елбай Қосымбаев туды.
1910 – М.В.Баярунас Маңғыстау түбегінен фосфорит, кейін тас көмір кен көздерін тапты. Осы жылы 36 жыл болыс болған Иса Тілембайұлы дүниеден озды. Этнограф Р.Каруцтың «Среди киргизов и туркмен на Мангышлаке» атты кітабы шықты.
1934 – Маңғыстауға С.Н.Алексейчик басқарған партия келіп, мұнайға зерттеу жүргізді.
Ит жылы дүниеге келген қазақтың ақын-жазушылары:
1910 – Бауыржан Момышұлы, Мұхаметжан Қаратаев;
1922 – Әзілхан Нұршайықов, Сырбай Мәуленов, Сафуан Шәймерденов, Садықбек Адамбеков, Амантай Байтанаев;
1934 – Қабиболла Сыдиықұлы, Оспанхан Әубәкіров, Сағи Жиенбаев, Герольд Белгер, Сәкен Жүнісов, Мақсұт Неталиев, Бекежан Тілегенов, Төлеген Тоқбергенов, Қалаубек Тұрсынқұлов;
1946 – Кеңшілік Мырзабеков, Күләш Ахметова, Бекділда Алдамжаров, Тынышбай Рахимов, Шөмішбай Сариев, Сатыбалды Нарымбетов, Роллан Сисенбаев, Айтуар Өтегенов, Мейрамбай Қибасов.
Айтуар ӨТЕГЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Тағы оқыңыздар: Ақтауда 13 апаттық үй сүрілген