Әлеуметтік желіде Мұнайлы ауданы, Атамекен ауылы тұрғындарының көшелеріне жақында төселген жолдың тым тар екенін, екі көліктің жолға қатар сыймайтынын айтқан бейнежазбасы тарады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бейнежазба иесінің сөзінше, тұрғындарға асфальт жолының ені 5 метр болатыны айтылған.
«Жолдың екі қапталы ашық. Қараңыздаршы, қандай тар асфальт салынған. Бұл велосипед жолына ұқсайды» , - дейді бейнежазба иесі.
Мұнайлы аудандық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, Атамекен ауылдық округі Арай тұрғын үй алабына автокөлік жолын салу үшін жобалық сметалық құжат жасақталған. 2022 жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Мемлекеттік сараптаманың нәтижесіне сәйкес мемлекеттік сатып алу веб-порталына конкурс жарияланып, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жеңімпаз мекеме – «Нұрлы Жол» ЖШС-мен келісімшарт жасақталған.
«Аталған мердігер мекеменің құрылыс жұмыстары былтырғы жылдың қыркүйек айынан бастап өтпелі кезең тәртібімен жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда жол төсеу жұмыстары басталып кетті. Айта кететін болсақ, жобалық сметалық құжаттамаға сәйкес:
№3 көшеге ұзындығы – 532, 888 метр, №5 көшеге ұзындығы – 536, 272 метр, №9 көшеге ұзындығы – 580, 236 метр, №11 көшеге ұзындығы – 902, 89 метр асфальт жабындысы төселді. Ал олардың ені – 3 метр», - деді Мұнайлы аудандық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.
Сондай-ақ бөлім мамандары құрылыс жұмыстарын қадағалаушы органдар тарапынан күнделікті бақылау жүргізіліп, Ұлттық сапа орталығы арқылы сынама алынатынын айтты.