Жақында Қарақия ауданы орталығындағы мәдениет үйінде білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Жауқазын» атты балалар шығармашылық фестивалі өтті. Осыған дейін бұл өнер додасының іріктеу кезеңі ауданымызға қарасты елді мекендерде орын алған болатын. Еліміздің ертеңі балаларды қорғай отырып, өз елін, жерін сүюге тәрбиелеу мақсатында өткен фестивальде балалар ән айту, би билеу және көркем сөз оқу номинациясы бойынша сайысқа түсті. Сайыс барысында «Рауан» балабақшасының тәрбиеленушілерінен құралған «Тентек балапандар» бишілер биі, «Құлыншақ» балабақшасынан «Балапан» тобының биі және «Болашақ» балабақшасының «Болашақ» хор топтары ән айту номинациясы бойынша ерекше көзге түсіп, қатарластарынан оқ бойы озық шығып, көрермен ықыласына бөленді. Сондай-ақ аудандағы «Нұршуақ», «Жаншуақ», «Айгөлек» балабақшаларының бүлдіршіндері де өз өнерлерін паш етті. Айта кетелік, фестивальде бүлдіршіндердің барлығы да өте жоғары дәрежеде тыңғылықты дайындалғандары көрініп-ақ тұрды. Кіп-кішкентай болашақтың жұлдыздары сахнаны жатырқау, көрерменнен қысылу деген кемшін тұстарын байқатпады. Бүлдіршіндер балауса әндері мен әсем билерін тамашалатып, баршаны өнерімен тәнті ете білді. Балапандардың орындаушылық шеберлігі, сахналық костюмі, би қозғалысының ритмикасы, сахнада өзін өзі еркін ұстау мәдениеті өте жарасымды болды. Байқауда сахнаға алғаш қадам басып, талабы енді ғана бүр жарып келе жатқан, болашағынан үлкен үміт күттірер кішкентай өнерпаздардың бар екенін байқадық. Бүлдіршіндерге сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар өнер әлеміне баулу дәстүрінен де тыс қалдырмай, осындай талапты бүлдіршіндердің сахна төріне еркін бейімделуі әрбір ұжымның табанды да тынымсыз еңбегінің, арқасында ғана іске асатыны белгілі ғой! Осы орайда барша қатысушы бүлдіршіндерге сәттілік тілейміз! Жеңімпаздар мен жүлдегерлер алдағы уақытта жарияланатын болады.
Фариза РОЗАНҚЫЗЫ