Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша атсалысу – патриотизм көріністерінің бірі. Туған ауылының барын бағамдап, жоғын түгендеуге перзенттік борышын өтеуге ниетті азаматтар қатары көбейіп келеді. «Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, Жыңғылды ауылының 1999 жылғы түлектері аялдама салып, 2009 жылғы түлектер үш аз қамтылған отбасына телевизор мен тоңазытқышты сыйға тартып, ақшалай көмек көрсетті. Онды ауылының 20 жылдық түлектері «I LOVE ОНДЫ» инсталляциясын орнатып, ауыл ажарын кіргізе түсті. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="80430,80431"] Ал Өтес ауылының 2009 жылғы түлектері мектеп бітіруіне 10 жыл толуына орай "I love Saiotes" инсталляциясын орнатты. Мектепті 1999 жылы бітірген түлектер де қалыс қалмады. Олар мектеп бітіруіне 20 жыл толуына орай "I love mektebim" инсталляциясын тарту етті. Ол мектептің ауласына орнатылған. Үштағанның 1999 жылғы түлектері ауыл паркінің қақпасын соңғы үлгімен жаңалатса, 2009 жылғы түлектер мешітке қосымша құрылыс материалдарын алып беріп, қаржылай көмек көрсетті. 10 жыл бұрын үлкен өмірге қадам басқан түлектер қай қиырда жүрсе де туған жерлерін естен шығармаған. Қолдан келгенше ауылдың гүлденуіне атсалысады. Бұл жолы да құр келмей, балаларды қуантуды жөн санапты. Тұщықұдық ауылының 2009 жылдың түлектері 2 аялдама салып, аз қамтылған үш отбасының балаларын сыйлықтармен қуантты. Туған жерге тарту жасағандардың тағы бір тобы - Ақшымырау ауылының 20 жылдық түлектері ауылға жылыжай сыйлады. Өскелең ұрпақты спортқа баулуды жөн көрген 10 жылдық түлектер 700000 теңгеге ашық спорт аланын жөндетті. Осыдан 10 жыл бұрын білім ұясынан қанат қаққан Қызан ауылының түлектері 300000 теңгеге рәміздерді сыйға тартты. Жас түлек болып алтын ұядан қанат қағып ұшу бөлек те, осы шаңыраққа бірнеше жылдар өткен соң сағынып, аяулы ұстаздарды, мектеп партасына аңсап жету сезімі бір бөлек екендігі анық. Кешегі оқушылар бүгінде ел ағалары болды. Туған жерге тағзым ету – әрбір перзенттің парызы. Осы жақсы істің дәстүрге айналғаны жүректерге қуаныш ұялатады.
Ш.ШАКЕНОВА