Мұнайлы өлкеде: «Геолог мұнайшы бола алады, ал мұнайшы геолог бола алмайды» деген тәмсіл сөз бар. Міне, геолог-барлаушылардың төл мерекесіне орай Құрықтағы геолог-барлаушылар музейінде өткен шараға Маңғыстаудың бір топ ардагер және құрметті геологтары қатысты. Ардагерлерді аудан басшылары қарсы алып, қазақы салтпен ақ дәм ұсынғаннан кейін, ардагер геолог Балтабай Қуандықов әріптестерін төл мерекесімен құттықтай келе, осы мұражайдың ашылуына себепкер болған, қолдаған, көмектескен азаматтарға, аудан басшылығына алғыс айтып, Маңғыстау геологиясының тарихы туралы кітап табыс етті. Бұдан соң Қарақия ауданы әкімі Қ.Беков, ардагер геолог Т.Көшеновтер құттықтау сөз сөйледі. Маңғыстау геологиясының тарихына тоқталып, бүгінгі бақуатты тұрмысқа жол салған, ел ырысын еселеуге негіз болған геологтар даңқын дәріптеді. Ал осы сапарды ұйымдастырушылар атынан Алмагүл Салихоллақызы ардагерлерді төл мерекесімен құттықтай келе, геолог-барлаушылар музейінің ауласын көгалдандыру мақсатында жүз түп ағаш көшетін сыйлады. Ардагерлер мен құрметті қонақтар мұражайды аралап, танысқаннан кейін, геологтар құрметіне арнап ағаш егу рәсімі өтті. Маңғыстау геологтарының мерекелік сапары бұдан әрі Құрық портына ат басын тіреді. Айта кетейік, киелі Маңғыстаудың мұнай қоры осыдан екі ғасыр бұрын зерттеле бастаған. Ғалым саяхатшылар Карелин, Иванкин, Андрусов экспедицияларынан соң өлкеміздің алғашқы ғалымы Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы геологиялық барлау жүргізіп, түбектің қара алтынын игеруге бастау болған. Содан бері бұл өлкеде талай геологтар мен барлаушылардың табан ет, маңдай тері тамғаны белгілі. Сол бейнеттің зейнетін көріп жүрген ардагерлердің мерекесі құтты болсын!
Шынар КЕНДІН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="76847,76848,76849"]