Биыл 13 ақпанда Маңғыстау облысының және Қарақия ауданының басшылары Сенекке келіп, халықпен кездескен. Сол кезде тұрғындар жол, құдық, жайылымға шығу қиындығы, Қамысты жеріне бөгет салу сияқты сұрақтар қойды. Айтылған мәселелердің шешілуі туралы Сенек ауылының тұрғыны Шәуімбай Қойшыбаев былай дейді: - Міне, «Өзенмұнайгазға» қарасты мекемелерден техникалар келіп, облыс басшысымен кездесуде айтылған уәделер үдесінен шығып жатыр. Біз - Қарақия ауданына қарасты болсақ та өндірісті Жаңаөзен қаласына іргелес ауылмыз. Бардан пайда деген осы. Оның үстіне ауылдың іші-сыртындағы ойлы-шұңқырды тегістеу, үйінді құмды жаймалау сияқты ауыр техниканы қажет ететін жұмыстарға да көмегі тиіп жатыр. Сау болсын! Биыл 50 жылдығын тойлағалы отырған ауылымыздың біраз шаруасы реттеліп қалатын болды. Алда көктем келеді. 1 наурызды Алғыс айту күні деп жатыр ғой. Мен ауыл тұрғындары атынан «ӨзенМұнайГаз», «КенҚұрылысСервис» «АльянсОйл», «УДТВ» «ОС-3», «Экология» мекеме басшылығына, соларға ұсыныс жасап, көмектесуге шақырған облыс әкімдігіне зор алғыс білдіремін! Елдің жағдайымен танысып, арызын тыңдап, айтқан сөзінде тұрды. Өз басым онкологиялық аурумен ауыратын баламның емделуіне көмек сұраған болатынмын. Облыс әкімі сол жерде денсаулық басқармасына тапсырма берген. Жақында баламның кезекті ем-шарасы үшін Ақтауға барсам, олар баламды емдеу-сауықтыру орталығына көшіріпті. Барлық жағдайын жасап, барынша көмектесіп жатыр. Баласын емдету үшін қаншама ата-ана қиналып жүр ғой. Бұл да үлкен жеңілдік. Айтайын дегенім, айтылған арыз далада қалмай, уәде үдесінен шықты. Азаматтардың дені сау, қызметі табысты болып, елдің алғысына бөлене берсін! Ауыл тұрғыны, әлеуметтік қызметкер Алмагүл Шамажанова Сенек ауылында өткен аймақ басшысымен кездесуде қойылған ауылдықтардың сұранысы туралы былай дейді. - «ӨзенМұнайГаз», «КенҚұрылысСервис» «АльянсОйл», «УДТВ» «ОС-3», «Экология» мекемелерінен 7-8 ауыр техника келді. Алды келгелі бір апта болды. Сенек-Аққұдық қатқыл табанды жолын тегістеп, Қамысты жеріндегі бұлаққа бөгет қойып, мал су ішетін жағдайды жасауға жұмысты бастап кетті. Сосын малдың жайылымға шығатын шатқалды қия жерін мүмкіндігіне қарай жаймалап бермек. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="73635,73631,73634,73632"]