Түпқараған ауданының әкімдігінің қолдауымен, аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Өнердің сөнбес жұлдызы» атты Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері, ақын, күйші, журналист, қоғам қайраткері Тілеумұрат Қожабековтің туғанына 70 жыл толу мерейтойын аудан кең көлемде атап өтті. Топырағында талай тарландарды тудырып, тарихында олардың тегін қалдырған түбек тағы бір тұлғасының атын ұлықтады, еске алды. Шараға Алматыдан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Кәкен Қамзин, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор, белгілі күйші-ұстаз, фальклортанушы Айтжан Тоқтағанов, көп жылдары мәдениет басқармасын басқарған Құжырғали Төлеуішов және күйші, өнертанушы Айтберген Жаңбыршин бастаған бір топ өнер адамдары мен өлкеге белгілі жазушы-журналист Әбілқайыр Спан, журналист Мейрамбай Қибасов, Әнуар Жәнібек сынды әріптес, қаламдас достары арнайы келді. Алдымен Тілеумұрат Қожабеков бейітіне барып, Құран оқудан басталған шара түстен кейін аудандық Мәдениет үйінде жалғасты. Жиналған көпшілік Тілеумұрат Қожабековтың өмірі мен шығармашылығына арналған кеште: «Ұлт бар жерде тіл бар. Тіл- ұлттың 4-5 белгісінің ең негізгісі. Ең жанды жері. Ең осал тұсы. Ең нәзік буыны. Ұлтты мойындап, тілді мойындамауымыз, тілді тұншықтыруымыз көзіңді бақырайтып қойып екі ерніңді бір-біріне жапсырып тастаумен бірдей. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген мәтел көп нәрсені аңғартса керек. Тағы бір ұлағатты сөз былай дейді: Дүниеде үш жетім бар: елі жоқ ер жетім, көрері жоқ көз жетім, тыңдаушысы жоқ сөз жетім. Шынын айту керек, қазақ тілі де соңғы жылдары қағажу көрді, жетімсіреді, кәдеге жарамай қала жаздады. Ресми статистика бойынша, Қазақстанда тұратын қазақтардың 40 пайызы қазақша білмесе, елеусіз қалған емей немене, ата-бабаларымыз айтқан тыңдаушысы азайған сөзден қандай қадір-қасиет қалушы еді? Мұны қалай бағалау керек? Бұл – рухани құлдыраудан басқа ештеңе де емес. Бұл – цивилизацияға аяқ басқан халықтың ісі емес. Бұл – көркейген мәдениеті бар елдің бағыты емес. Бұл – білімсіздік, көргенсіздік, қуыс кеуделік. Қажет десеңіз сауатсыздық, надандықтың қудай қара басы» деген Тілеумұрат Қожабековтің өз сөзімен басталған бейнесюжет көрсетілді. Онда: «Жаны кітап ішіне жасырынғандай көрінетін қаламгер қауымының, өлең өрнектеген өміршең сөз иелерінің жербетілік өмірге иекемсіздік танытып, ноқтаға басы симай, ақыр соңы ажалдың алып тынатыны пәнидің бұлжымас қағидалары секілді. Өз алдында өткен Сұлтанмахмұт Торайғыров, Баймағамбет Ізтөлин, Артығали Ыбыраев, Сағат Әбдуғалиев, Танабай Нарманов, Әділ Ботпанов, Саттар Ерубаев, Өмірзақ Қожамұратов, Тұрсын Жұмаш секілді Тілеумұрат Қожабеков те ел үшін еміреніп туған, жұрт үшін жанын бәйгеге тігуге қаймықпаған, поэзия аспанында жарқ етіп-жоқ болған құйрықты жұлдыз. Дүниеге қош айтып, ұлылар бастаған ұлы көштің соңынан ұлтына қарай-қарай кеткен есіл ердің еңбегі мен өлшеусіз өнегесі ұрпақ жадында дүркін-дүркін жаңғырып тұрарына үміт пен сенім еттік! Қалғаны Құдай мен Рухқа аманат!» деп Тілеумұратты бір минут үнсіздікпен еске алумен басталған кеште Тілеумұрат Қожабеков өткен сара жолдың сарғайған естеліктері іздеушісі барда ескірмейтінін көз алдымызға алып келді. Кештің басты жаңалығы – «Туған елдің Тілеуі мен Мұраты» атты жинақтың жарық көруі. Жинаққа ақынның әр жылдары жазылған түрлі жанрдағы шығармалары мен ақын туралы естеліктер және мұрағат беттерінен біршама материалдар кірген. Тілеумұрат Қожабеков - көзі тірісінде кітабы шықпаған ақын. Оның 3 бөлімнен тұратын бұл еңбегіне «Туған елдің тілеуі мен мұраты» деп алғы сөз жазған Айт-ман ақын атанған «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржан кітапта «Оның тағдыры о баста бір атаның Тілеуі мен Мұратына байланған. Алайда тегіне тартып дүниежарыққа тебініп туған азамат саналы ғұмырында ел-жұртының Тілеу-Мұратына айналған» деп тоқталады. Ұйымдастырушылар да кітапта Тілеумұрат туралы түрлі естеліктер мен өзінің жазған түрлі жанрдағы шығармалары топтасқандықтан осы атаумен атағандықтарын жеткізді. Өзі көзі тірісінде талай өнерін паш еткен Ақкетіктің сахнасында ол құрған «Ақ желкен» үгіт керуені, «Қызғалдақтар» үлгілі би ұжымы, «Ақ жарма», «Толқын», «Ақбөбек» ансамбльдері әлі күнге дейін сол сахнада өнер көрсетіп келеді. Тәуелсіздік алып, өзгеріске бейімделе алмай жатқан қоғамда ол журналистік көзқарасын, азаматтық позициясын еркін білдіріп отырды. Абай Құнанбайұлының 150 жылдық тойы қарсаңында республикалық байқауда жоғары баға алған «Ел басқарудағы Абай тағылымдары» атты зерттеу мақаласы рух пен санаға серпіліс жасап, елді басқарудың адамдық принциптерге жүгінуін Абай шығармашылығы арқылы түсіндірді. Дәл осы мақаланы байқауға ұсынарда сол кездегі облыстық «Маңғыстау» газетінің редакторы Мейрамбай Қибасов та сахнада сөз алды. Кеш барысында бірі журналистік, бірі азаматтық, бірі өнердегі сан қырлары туралы естеліктер айтты. Жастығы өткен сонау Алматы шаһарынан Украин еліне дейін барып көрсеткен өнер сапары туралы да айтылды. Оның республикалық айтыс додаларындағы тапқырлығы, күйшілік домбыра қағысы, техникасы мен жылдамдығы жайлы да естеліктер өрбіді. Сонымен қатар, сахнада Тілеумұрат немересі Гүл Тілеумұратина Тілеумұраттың «Атамекен» күйін орындады. Бұл тұста оның бірнеше күйдің де авторы екенін айта кетуіміз керек. Сахнада М.Өскінбаев «Жеңіс» шығармасын орындаған Біріккен Араб Әмірліктері Дубай қаласында өткен «Jumeirah Sounds» Халықаралық фестивальінің Гран При иегері Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы өнер мектебінің Домбырашылар ансамблі, «Ақ жарма» ансамблінің орындауында Рафаэль Қарғабайдың «Тілеумұрат» күйлері күмбірлесе, кеште «Тілеумұратқа арнау» әнімен облысымызға белгілі әнші Рухия Батыршиева өнерлерін көрсетті. 52 жыл ғұмырында ауданда түрлі басшылық қызметтен бөлек өнердің өз адамы болып өткен Тілеумұрат Қожабековтің Бекбол, Нұрбол, Есен деген ұлдары мен Қаракөз деген қызы ұрпағын жалғап келеді. Кеш соңында сөз алған аудан әкімі отбасына амандық тілеп, аға ұрпақты ұлықтау жұмыстары жасала беретінін айтып, камзол кигізіп, сый білдірді. Отбасы атынан сөз алған Тілеумұрат Қожабековтің жары барша ұйымдастырушылар мен ұлықтап жатқан халқына алғысын білдірді.
Өз тілшімізден
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="70527,70523,70522,70525,70526,70524,70521"]