Кеше Түпқараған ауданы Аташ елдімекенінде түз тағысы, жыртқыш аң 4 адамды жаралаған. Зардап шеккендердің бірі, 1996 жылы туылған Жексенбай Сәндібек деген азаматтың айтуынша, бұл қызыл қасқырдың бөлтірігі болуы мүмкін, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
"Бөлтірік үйдің ауласына емін-еркін кіріп, анамның қолын алдымен иіскелеп, сосын тістеген. Ол кезде мен үйде ұйықтап жатыр едім. Анам оятқан бойда дереу қолыма пышақ алып шықтым. Аң көршінің үйіне кіріп кетіпті. Мені де тістеп үлгерді. Көршінің баласымен бірге ұстап алдық. Бізге дейін де екі адамды тістепті. Олар ауруханаға жеткізілді деп естідік. Біз де барып, екпе салдырдық", - деді ол.
"Түпқараған аудандық ветеринариялық станциясы қызметкерлері Маңғыстау облыстық ветеринариялық зертханаға тексертуге жіберу үшін поталогиялық сынама алды", - деп мәлімдеді станцияның басшысы С.Аташева.
Ауданның бас дәрігері Гүлшат Шалабаева журналистер жарақаттанған адамдар туралы ақпарат алуға хабарласқан еді.
"Ауруханаға жеткізілген 4 адам егіліп, тиісті ем-домын алды, жағдайлары жақсы", - дейді ол.
Түпқараған ауданының әкімдігі де осы мәселе бойынша аудандық қоғамдық денсаулық сақтау бөлімі, сонымен қатар ветеринария бөлімдерінің зерттеу жұмыстарын жүргізетін хабарлады.Естеріңізге сала кетейік, жыл басында Жаңаөзеннен 90 шақырым қашықтықтағы «Жабай ұшқанда» отбасымен мал бағып отырған шопанды арлан, ал «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның өндіріс аймағында екі мұнайшы әйелді мысық тектес аң талаған болатын.
Дәрігерлер жануар талаған жағдайда жарақатты сабынды сумен жуып, айналасын 70 пайыз спиртпен немесе йодпен өңдеп, жедел медициналық көмек шақыру қажеттігін ескертеді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Сурет оқиға куәгерлерінен келді