©
Форт-Шевченко қаласы тұрғындарына ұйымдастырылған есепті кездесуде қала әкімі Мұратбек Дощанов атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. «Форт-Шевченко қаласы бойынша халық саны 2018 жылдың 1–ші қаңтарына 6850 болса, жыл басынан халық саны 303 адамға өсіп, 2019 жылдың бірінші қаңтары бойынша халық саны 7153 адамды құрады. Оның ішінде белсенді халық саны – 3415 адам. Қала бойынша 2018 жылдың 1–ші қаңтарына жеке тұрғын үй саны 1220 болса, жыл бойына 126 үйге көбейіп, 2019 жылдың бірінші қаңтарына 1346 үйді құрап отыр. Қалада 8 әлеуметтік нысандар мен жеке 124 кәсіпкерлік нысан бар», - деп ақпарат берді. Сонымен қатар қаланың әлеуметтік ахуалына тоқталған қала әкімі «Форт–Шевченко қаласы тұрғындарының жұмыссыздық бойынша тіркелгендер саны – 201 адам. Оның ішінде жолдама алып, жұмысқа орналасқандары – 114, ал «Серпін» техникалық мамандандырылған оқуына жолданғандар саны – 20 адам. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтылған жастар саны – 56 адам», - деді. Онымен қоса ол аудан әкімімен бекітілген нысаналы индикаторлар бойынша да атқарылған жұмыстарға тоқталды. - Анықталған бейресми жұмыссыздарды оқытуда «Бизнес-Бастау» оқуы бойынша 46 адам оқып, 8 адам несиелерін алды. 2 адам өтеусіз грантқа ұсынылып, қанағаттандырылды, 5 адамның құжаттары рәсімделуде. Сертификат мерзімі 2 жылға жарамды болғандықтан, қалған 31 адам 2 жыл ішінде несиелерін ала алады. Кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын дамыту бойынша қаладағы шаруа қожалықтары иелеріне кәсіптерін жандандыру, тұрғындарға жаңадан кәсіптерін ашу үшін несиелер алу бағытында «Нұр капитал» өңірлік бағдарламасы түсіндіріліп, нәтижесінде 31 адам құжаттарын тапсырып, 7 адамның құжаттары іріктеу комиссиясынан өтіп, ІІ деңгейлі банктерге жолданды. Жұмыс орындарын құру бойынша мемлекеттік тапсырыс кезінде мердігер мекемелерге қойылған талаптар негізінде барлығы 55 жұмыс орындары құрылды. Сондай–ақ мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелерін алып, өз кәсіптерін ашқан кәсіпкерлік нүктелерден де 13 жұмыс орындары құрылды, - деді өз баяндамасында. Қала халқы алдында сөз алған Түпқараған ауданының әкімі Айдос Хамиев ФортШевченко қаласынан 48 пәтерлі 1 тұрғын үйдің, сегіз пәтерлі 2 тұрғын үй құрылысы, 100 орындық жатақхана жобасы, Форт-Шевченко қаласындағы Жаңа Кетік массивіндегі автомобиль жолдары құрылысының ЖСҚ-на қаражат қаралып, орындалу жоспарда барын жеткізді. Кездесу барысында сөз алған аудан тұрғындары негізінен жұмыссыздық және тазалық, көше жарықтандырылуы мен мал ұстау бойынша сұрақ, ұсыныстары мен тілектерін жеткізді. Кездесу соңы аудан әкімінің Алғыс хат табыс етуі мен аяқталды.Өз тілшімізден