Жуырда «Абыл» мәдениет үйінде ұлттық төл өнерімізді қолдап, одан әрі дамыту, әр аймақтағы таңдаулы туындыларды дәріптеу, рухани мұрамыз – дәстүрлі ән, жыр-терме, толғау, күйлерді шеберлікпен орындайтын жас таланттарды көпшілікке таныстыру мақсатында «Қазақтелерадио» корпорациясы өткен жылдан бастап қолға алған «Мен қазақпын» мегажобасының аудандық іріктеу туры болып өтті.
Турға мегажоба ережесіне сәйкес 18-40 жас аралығындағы 20-дан астам талантты жас үміткерлер қатысып, дәстүрлі ән, жыр-терме, күй орындау шеберліктерін әділқазылар алқасының сынына салды. Олардың көпшілігі өздері таңдаған туындыларды орындау кезінде көрерменнің қызу қолдауына ие болды. Бұл көрініс «Маңғыстау мен Сам жері - ұлттық рухани қазынамыздың қаймағы бұзылмаған, тұнығы лайланбаған ерекше өлке» деп тамсана айтылатын әңгіменің негізсіз айтылмайтынын айғақтағандай әсер қалдырды.
- Бейнеудің тумасы Оспан Құлсымақ өткен жылы тұңғыш рет ұйымдастырылған осы мегажобаның республикалық турының тұңғыш жүлдегері атанып, аймағымыздың абыройын асқақтатқан болатын. Бүгін байқағаным бұл ауылда Оспанның ізбасарлары жетіліп артылады екен. Осы сахнада тамаша өнер көрсеткен жастарды бөліп-жармай, бәріне үлкен сахнаға жолдама берсек, жарасып-ақ кеткелі тұр. Десек те жобаның аты - жоба. Ережесі бар. Сол ережеге сәйкес әр номинация бойынша тек ғана бір үміткерге облыстық турға жолдама берілуі керек. Бірақ әділқазылар алқасы ақылдаса отырып, ауыл жастарының қазақтың қасиетті қара домбырасында күй орындау шеберліктеріне риза болып, күй номинациясы бойынша үш үміткерге - Әлібек Зейнуллаев, Жарасқан Тайманова, Назерке Нұрқасановаға облыстық турға жолдама беруді жөн санады. Ал дәстүрлі ән номинациясы бойынша Рысты Қабуловаға, жыр-терме номинациясы бойынша Ізжан Қалқанға облыстық турға жолдама берілді. Облыстық тур үстіміздегі жылдың шілде айында ұйымдастырылады, - деді аудандық іріктеу турының әділқазылар алқасының төрағасы, «Маңғыстау» телеарнасының директоры Әнуарбек Бимағамбетов.
Халық арасында жүрген таланттарды қолдап, көпшілікке таныстыруды жаны сүйетін ұлтжанды азамат сөзінің соңында ауылдық мәдениет үйі басшыларына «Ауылда талантты жастар көп. Оларды өнерге баулу жағына көңіл бөлінсе дұрыс болар еді» деді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мұнайлыда жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өттіҰлттық төл өнерімізді өрістетуді көздейтін ірі халықаралық жобаның ауданымыздағы іріктеу туры Бейнеу рухани алтын қазынамыздың ортаймаған мекені екенін тағы бір рет дәлелдеді.
Бағыңыз ашылып, жұлдызыңыз жарқырап, ауылымыздың атын асқақтатқайсыз, алдағы турға жолдама алған жас таланттар!
Қартбай ҚОЖАЕВ