©
Таушық мәдениет үйінде қоғам қайраткері, Маңғыстау ауданының тұңғыш басшысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Елмұханбетов Хамидолла Сүйінішқалиұлының туғанына 110 жыл толуына орай «Баба ғұмыр – бала өмір» атты еске алу кеші өтті.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен еске алу кеші қоғам қайраткерінің өмірі мен ерлік жолын жас ұрпаққа танытып, үлгі ету, патриотизмге тәрбиелеу, біліктілігі мен бар қажыр-қайратын елімізді көркейтуге жұмсаған қоғам қайраткері, ардақты азаматтың есімін қазіргі жастар мен келер ұрпақтың есінде мәңгіге қалдыру мақсатына көзделген.
Мәдени шарада Х.Елмұханбетовтің ескерткішіне оның ұрпақтары, ауыл әкімі, ардагерлер тағзым етіп, дұға оқылып, гүл шоқтары қойылды. Одан әрі Таушық мәдениет үйінде жалғасқан еске алу шарасы бір минут үнсіздікпен басталды. Х.Елмұханбетовтің өмір жолы туралы ауыл әкімі Ш.Азирбаевтың баяндамасы тыңдалып, слайд түрінде ақпарат ұсынылды.
Х. Елмұханбетовтің өмірінен Шахта орта мектебінің оқушылары көрсеткен «Ер есімі – ел есінде» атты сахналық қойылым, әсіресе Х.Елмұханбетовтің ролін сомдаған Үгіт Қалқаманның түр-сипаты, сырт келбеті Х.Елмұханбетовтің ұрпақтарын, барлық көрермендерді ерекше тебірентіп, көздеріне жас алғызды.
Шарада ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күшікбай Сағатов, ардагер ұстаз Амангелді Жүнбасов естеліктер айтты.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Түпқараған ауданының құрметті азаматы Медет Дүйсенов Х.Елмұханбетовке жазған арнауын оқыды.
Таушық мәдениет үйінің домбырашылар ансамблі «Қолбасшы» күйін, Н.Өскінбаев «Ақтанның термесін», «Әке туралы жыр» әнін, А.Шалқыбай, А.Қуанышұлы «Біз Адаймыз» әндерін орындады.
Шара соңында Х.Елмұханбетовтің ұрпақтары атынан сөз сөйлеген келіні, ардагер ұстаз Күлән Нәжиева, Самат Нәбиев және Сұңғат Хамидуллин ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдіріп, рахмет айтты. Шараға ауыл әкімі, мекеме басшылары, Х.Елмұханбетовтің ұрпақтары, ардагерлер, ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары қатысты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстаудың айбынды ерлеріТаушық мәдениет үйінде өткізілген бұл шара танымдық және тәрбиелік, рухани мәні зор, қоғам қайраткері, ардақты азаматты ұлықтаған кеші болып есте қалды.
Жақсы азамат - елінің бағы. Мерейін үстеген ерінің атын елі тіпті де аласартпақ емес. Сондықтан да ел жақсысының есімі кәдуілгі адами ғұмырдың өлшеміне сыймай, өмір көшімен бірге алға баса бермек, бірге жасай бермек.
Еліне елеулі, халқына қалаулы болған қалпымен өмірден өткен азаматтың есімі есте қалып, ісі, өнегесі, азаматтығы, бекзаттығы жас ұрпаққа дари берсін деп тілейміз!
Жаңылсын ТАСТЕМІРОВА, Таушық мәдениет үйінің әдіскері
Көрнекі суретті түсірген Т. ҚҰСАЙЫН