Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Маңғыстау ауданының 90 жылдығына орай Ақшымырау селолық клубы ұжымының ұйымдастыруымен "Отпан" тарихи-мәдени кешенінде Тобанияз атындағы орта мектептің оқушылары ақын, Адай ата кешені идеясының авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет атындағы халықаралық сыйлықтың, «Құрмет» орденінің иегері Сабыр Адаймен кездесті. Шара жастардың бойына патриоттық сезімді ұялату, елімізге белгілі тұлғалармен кездесіп, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында ұйымдастырылды. Оқушылармен бірге кешенді аралаған ақын оның шығу тарихынан сыр шертті. Ақын өзінің төл туындысы - Адай ата кесенесін салудағы мақсаты келешекте бүкіл қазақтың басын қосатын жер болғанын қалайтындығын айтып өтті.
Кездесу барысында «Қазақтың үш жүзінің ішіндегі ең кішісі - кіші жүз, оның ішінде ең кенжесі - Адай. Бізде шаңырақ иесі кенже бала болады деген ұғым бар. Сондықтан келешекте барлық қазақ рулары осы жерде бас қосса, ынтымағымыз артып, елдің берекесі беки түспек» деп, ақын оқушыларға өзінің ұлағатты әңгімесімен бөлісті. Мектеп оқушылары Сейтжанқызы Арай, Арыстанбай Гүлжанат, Рахметұлы Жандос өздерінің ақынға, туған жерге арнаған туындыларын оқыды. Көптің қошеметіне ие болған Ж.Рахметұлына Сабыр Адай өз қолтаңбасы қойылған «Алтын зер» жыр жинағын табыс етті. Өзге де оқушылар ақынға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын ала білді. Қасиетті мекен - Адай ата басында жастарға өнегелі, тәрбиелі ақыл-кеңесімен бөлісе келген ақынға Ақшымырау ауылының әкімі Айдос Шамығұлов, селолық клубтың директоры Қосқали Тындырғанов және Тобанияз атындағы орта мектептің директоры Бекарыс Телеғұсов шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Шара соңында ата рухына мал сойылып, құран бағышталды.
П.САМАТОВА, Ақшымырау селолық клубының әдіскері
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Ғарышкер болмағанда мұғалім болар едім» — А.Айымбетов