©
Заманының заңғар тұлғасы Ә.Кекілбаевтың шығармаларын жастар арасында насихаттау мақсатында ұйымдастырылған І республикалық Әбіш оқулары байқауына қатысушылар Ә.Кекілбаевтың туған жері Онды ауылымен танысты.
Аспан астындағы ашық мұражай атанған жерімізге республикамыздың түпкір-түпкірінен жиналған оқушылар киелі топырақта дүниеге келген Әбіш абыздың туып-өскен жері Ондыға өткен аптаның жұма күні келді. Алдымен ауылдың кіре берісінде ел тыныштығын тілеген аналардың құрметіне арналған, Әбіштей дананы дүниеге әкелген Айсәуле анамыздың ескерткішіне аялдады. Қонақтарды әсем әні мен тәтті күйін күмбірлеткен аудан өнерпаздары, ұлттық нақышта киінген қыздарымыз бен әжелеріміз шашу шашып, қарсы алды. Қонақтарға аудан әкімінің орынбасары Е.Махмутов, аудандық білім бөлімінің басшысы С.Қалиева, Онды аулының әкімі Б.Балапан ақжарма тілектерін арнады. Талай дүл-дүлдерді дүниеге әкелген киелі Маңғыстау жеріне табан тірегендегі тебіреністерін оқушылар өлеңге қосып үлгеріпті.
Ескерткіш тарихымен танысып болған соң қонақтар ауылдың мәдениет үйінде Онды халық театры ұжымының орындауындағы Ә.Кекілбайұлының «Құс қанаты» повесінің желісі бойынша жазылған «Жер – Ананың мен сүйікті перзенті» қойылымын тамашалады. Театрландырылған қойылымды көркем суреттей білген ауыл өнерпаздары көпшіліктің ұзақ соғылған қошеметіне бөленді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы не білесіз?Әдемі қойылымның әсерінен шыға алмай тарасқан оқушылар мұнан соң мектепке қарай бет алды. Онды орта мектебінің тынысымен, Ә.Кекілбаевтың өмірі, шығармашылығы, еңбектерінен жасақталған музеймен танысты. Сондай-ақ Ә.Кекілбайұлының көз көрген таныстары естеліктерден сыр шертіп, оқушыларға өнегелі өсиеттерін айтты. Жазушының туып, өскен жері, білім алған мектебімен танысқан оқушылар ауыл адамдарымен қимай қоштасты. Қонақжай халықтың ілтипатына риза көпшілік алғыстарын жаудырып кете барды.
А.РАХМЕТОВА