Президент Нұрсұлтан Назарбаев Индустриализация күні аясында өткен телекөпірде Маңғыстаудағы «Қуаты 43,6 МВт жел электр станциясын» пайдалануға берудің 1 кезеңіне старт берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Форт-Шевченко қаласының аумағында орналасқан жаңа станцияның құрылысы 2018 жылы басталған, жоба бойынша 24 заманауи жел диірмені орнатылмақ. Бүгінде 12 жел диірмені қойылып, құрылыс-монтаж жұмысының бірінші кезеңі аяқталды. Алда жабдықтарды кешенді тестілеу жұмыстары жүргізілмек.
«Құны 8 млрд. теңге тұратын жобаның құрылысына 60-тан астам қамтылып, жел диірмені пайдалануға берілген соң алты жұмысшы тұрақты еңбек етеді. Станция жылына 150 млн. кВт*сағ энергия өндіреді», - делінген Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз хабарламасында.
Бұл - соңғы 20 жылда жаңартылатын энергия көзін алу бойынша Маңғыстауда жасалған ірі жоба. Станция өлкенің «жасыл экономикаға» көшуіне, экологиялық таза инновациялық технологияларды енгізуге, сондай-ақ электрге қажеттілігін өтеуге мүмкіндік бермек.
Станция толығымен 2019 жылдың жазында қосылады.
Айта кетелік, Түпқараған ауданында жалпы қуаты 90,6 МВт болатын 3 жел электр станциясы салынып жатыр.