Тәуелсіздіктің 27 жылдығына орай бүгін Баутино портында Иса Тіленбаев пен Досан Тәжиевтің аты берілген қос әскери катер суға түсірілді. 1870 жылы патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы шыққан қос батырдың есімін иеленген катерлер Оралдағы «Зенит» зауытында құрастырылған. Шекара қызметінің тапсырысымен жасалған катерлер 8 адамға шақталған, 1500 келіге дейін жүкті көтере алады. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әскери-теңіз туын кеме басшылығына Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры Д.Ділманов тапсырды.
Кемелер Қазақстанның мемлекеттік шекарасы мен континентальдық шелфінің мемлекеттік аумақтық суларын күзетуге арналған. Сондай-ақ аумақтық сулардан тыс терроризмді болдырмау, мұнай-газ объектілерін қорғау, заңсыз балық аулауды тоқтату үшін патрульдеу міндеті жүктелген.
«Шекара қызметінің құрылымдарын материалдық-техникалық жағынан қамту оң шешімін тауып келеді. Президенттің тапсырмасымен мемлекет бюджетінен ҰҚК Шекара қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қомақты қаржы бөлініп келеді. Соның айғағы - «Иса» және «Досан» шекара кемелері мен заманауи үлгідегі теңіз айлағы», - деді өңір басшысы Ералы Тоғжанов.
https://youtu.be/3fqdgyJrBIQТеңіз айлағының құрылысы былтыр басталған болатын. Ұзындығы 150 метр айлаққа бір мезгілде 10 әскери кеме тоқтай алады. Ол өрт сөндіру бекеті, кемелерді қуаттау көзімен жабдықталған.
Айта кетелік, Баутино порты шекара күзеті кемелерінің Каспийдің оңтүстік және солтүстік бөлігіне жылдам шығуға мүмкіндік береді.
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
Видеоны түсірген Еділбек ДҮЙСЕН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="67277,67276,67278"]