Бұл жыл өз шеңберін айналып, тауысуға таяп келеді. Халықтың әл-ауқатында да, мемлекет билігінде де, тіпті барлық салаларда да азды-көпті реформалар жүрді.
Уақыт өз дегенін жасайды. Ескіні жаңамен, тозықты озықпен ауыстырып отырады. Бұл дегеніңіз кәдімгі табиғат болмысындағы прогресс. Біздің қоғам үшін ең үлкен реформа - осы жылғы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру туралы шешімнің қабылданғаны болды. 2025 жылға дейін созылатын бұл іс-шараның нақты жоспарларын күн тәртібіндегі ең бірінші мәселе болуында еді. Сөздің шыны осы.
Айттық, латын жазуына көшу туралы шешім қабылданды. Осы жылдың 13 наурызынан бастап күшіне енді. Осы күнге дейін әр тараптан институт та, тәуелсіз ұйымдар да, жеке тұлғалар да өз әліпбиін ұсынды. Кемелденген, жазылуға да, түсінуге де оңай, қарапайым әліпбиді қалыптастыруға білек сыбана кірісті. Жалпыхалықтың талқысына да түсті, тезіне де салынды.
Енді, міне, латын негізді қазақ тілі әліпбиін меңгеру, тілді меңгеруге деген қызығушылықты арттыру мақсатында соңғы ұсынылған латын негізді әліпбиді халықпен бірлесе тәжірибеден өткізу басталып кетті. Осы мақсат тұрғысында Маңғыстау облыстық тіл мамандарынан тұратын арнайы топ Түпқараған ауданына ат басын тіреді. Ондағы мақсаты – латын графикасындағы қазақ тілі әліпбиіне көшу кезеңдерінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды халыққа таныстыру, әліпбиге қатысты көпшілік көкейінде жүрген мәселелер бойынша ақпарат беру. Жалпы халықтық көлемде жүзеге асатын жаңа әліпби жобасын іске асыруға арналған диктант жазу ұйымдастырылып, оған бес мың адам қамтылады деп күтілуде.
Арнайы топ өз кезегінде Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылымипрактикалық орталығы дайындаған емле жобасымен таныстырды. Оқырмандарға да осы емле жобасы бойынша аздаған өзгерістер турасында мәлімет бере кетсек дедік.
Жалпы халыққа ұсынылып отырған жаңа емле ережесінің жобасы 9 тараудан тұрады. Дара сөздерде дыбыстың мағына ажырататын реңкін таңбалайтын фонематикалық ұстанымды, күрделі сөздерде түбірді сақтап жазатын морфологиялық ұстанымды негізге алатын бұл емледе жаңалықтар жетерлік. Ең бастысы, бәріміз білетіндей, жазу принциптері сақталғанымен, мұндағы жазба мәтіндердің кескіндері латынша тұрпат алған.
Қорыта айтқанда, ережеде күнделікті қарым-қатынаста аса қажет сөздердің, сол сияқты ономастикалық атаулар мен терминдердің ұлттық сипаттағы емле үлгісі ұсынылып отыр. Бұл үлгілер мыңдаған сөздердің сауатты жазылуына негіз болады. Сөйтіп санада орнығады, ықшам, оңтайлы, креативті жаңа ұлттық жазудың негізі қаланады. Жаңа емле қоғамымыздың жазу мәдениетін арттыру арқылы мемлекеттік тілдің жазба коммуникациядағы қолданысын жеңілдетіп, ұлтымыздың рухани жаңғыруына, жаһандық үдерістерге үйлесе дамуына септігін тигізеді.
Еділбек ДҮЙСЕН