©
Бұған дейін сайтымызда «Даудың басы – Сайын ауылындағы су мен тоқ» деген тақырыппен өзекті мақала жарияланған болатын. Онда Хиюаз Жұмабекова есімді тұрғын су, газ және жылу мәселесін көтерген еді. Біз сол кезде Сайын ауылының әкімдігі және «Коммуналдық қызмет» МКК мекемесінің басшысы Ә. Қоразовқа хабарласып, мән-жайды анықтауға тырыстық. Сонымен қатар, Х. Жұмабекованың Сайын Шапағатов ауылдық округінің әкімдігіне хат жолдағанын және бұл мәселені соңына дейін назарымызда ұстайтынымызды жазған болатынбыз. Жақында ғана Сайын Шапағатов ауылдық округінен тұрғындар атынан жіберілген хатқа жауап келді.
1) Газ мәселесі. Көп ұзамай Хиюаз Жұмабекова «Фейсбук» желісінде мәселе қаралып жатқандығын жазды.
«Сайын Шапағатов елдімекенінен жағымды жаңалық айтайын. Біз ауыл тұрғындары болып, яғни сол 5-квартал тұрғындары келісіп қойдық, әр аптаның сəрсенбі күні ауыл әкімі тұрғындарды қабылдау күніне кезектесіп баратын болып. Соған осы аптадағы сəрсенбі күні төрт адам болып бардық. Сол баяғы мәселе жылу, яғни газ қашан қосылады деп. Әкім Ғабиден Нұржаубай мырза қабылдады, жақсы еркін сөйлестік, 2018 жылға қандай жоспарлары барын, бюджеттің төртінші деңгейі туралы хабардар етті. Сөз соңында 5-квартал тұрғындарына газ қараша айында қосылады деп азаматтық уәдесін берді. Ал енді Ғабиден Нұржаубай мырзаның уəдесіне сенейік. Газ айтқан уақытта беріліп жатса, əкімнің еңбегін бағалап жазуға дайынбыз», - деді ол.
Ресми хатта көрсетілгендей, V кварталды газдандыру жұмыстары мердігер мекемемен жасалған келісім-шартқа сәйкес 2018 жылғы ақпан айында аяқталуы тиіс екен.
«Алайда, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін, әкімдік тарапынан мердігер мекемеден құрылыс жұмыстарын жылыту маусымы басында, атап айтқанда қараша айының соңына дейін бітіру сұралды. Өзіңіз көріп жүргеніңіздей қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының ауқымды бөлігі жасалып, санаулы ғана көшелер қалды», - делінеді хатта.
2) Төлемақы айырмашылығы. Ал ауыз су құбырына қосылу кезіндегі төлемақы айырмашылығы жөнінде «Коммуналдық қызмет» МКК директоры А.Коразовтың 2017 жылғы 03 қазандағы №544 жауап хатында былай делінген:
3) Жұмыссыз жүрген тұрғындар. Сондай-ақ Хиюаз ханым жұмыссыз жүрген тұрғындар қайда барып тіркеледі және қандай құжаттар тапсырады деген сауал қойған болатын.
«Сайын Шапағатов ауылдық округінің жұмыссыз тұрғындары жұмыссыз ретінде тіркелуі үшін, Түпқараған аудандық жұмыспен қамту бөліміне (8/72938/28300, 28301) жолығулары тиіс. Тіркеуге қажетті құжаттар: жеке куәлік, еңбек кітапшасы, білімі туралы құжаттар, мекенжай анықтамасы», - деп жауап беріледі хатта.
P.S. Бізге керегі - ауыл тұрғындары мен әкімдіктің өзара түсінісуі. Қандай жағдай болмасын, мәселенің оң шешімі болады. Шын мәнінде, ауыз су, газ және тоқ мәселесі Маңғыстаудың кейбір ауылдарында әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Алдағы уақытта Сайын ауылы әкімі Ғабиден Нұржаубай мен V квартал тұрғындары өзара ымыраға барып, коммуналдық жағдайы жақсарып жатса, құба-құп. Бүгінде Сайын ауылының кейбір үйлеріне жылу барып үлгерген. Қараша айы да жақындап келеді.
Айгүл ДӘДЕН