©
XX ғасырдың басы – қазақ әдебиетіндегі ең бір күрделі кезең. Бұл – қазақ халқы тарихи дамудың аумалы-төкпелі кезеңнен өтіп, еркіндіктің құрғақ қиял, құр арманнан елес боп көріне бастаған тұсы. Бостандықтың биік табалдырығын батыл аттауға таяу қалып, бірақ тауы шағылып, көңіліне кірбің түскен сәті болатын. Қазақ ұлты не тарих сахнасынан өзіндік орын алуға, не біржола қор халық болып, қорлықта өмір сүруге бейімделуге, орыстың отаршылық саясатына мойынсынуға тиіс болған еді. XVII-XIX ғасырлар – патшалық саясаттың М.Әуезовтің сөзімен айтсақ: «Қазақтың билеп алған, қол-аяғын байлап, бағындырып алған, жерін алып, өзінің төрелерін қазаққа ұлық қыла бастаған уақытына келеді. Сыртқы өмірдің осы сияқты себептерінен қазақтың ойына уайым араласқан көңілі жабығып, қайғы басқан, сөзінен, өлеңінен, әнінен бұрынғы билік, еркелік, еркіндіктің бәрі де арыла бастап, оның орнын арман-қайғы басқан кезең». Ал XX ғасырдың басы – осы бір күпті дәуір бірқалыпты дамып, жойылуды жақындата түскен зұлматқа қарсы ой оянып, «ұзынның қысқарып, жіңішкенің үзілер» тұсына кеп қалған кезең еді. Ой-сананы оятудың ең тиімді құралы – адам болмысына тікелей әсер етер сөз өнері. Ол дәуір айнасы болумен бірге сол дәуірдің қозғаушы күші де. Бұл кезеңді «Қазақ секілді ылғи да қыл үстінде жүретін, түйесінің жүгі ылғи да аумалытөкпелі келетін халықтың біркелкі даму аясында өткізбегені хақ. Ілгері басқан қадамы кейін кетіп, алдым деген бостандығы бодандық, таз кепештің өңі өзгерген түрі боп шыға берген қазақ халқы үшін XX ғасыр әр буын ұрпағы әр қырынан үңіліп қарайтын... кезеңге айналары және шындық». Осындай кезеңге орыс отарлау саясаты шектен асқан қысым боп жетті. Дәуірдің демі тудырған әлеуметтік өмірдің сан қатпарлылығы сияқты XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тек әртүрлі ағымдарды тудырып, мейлінше күрделі болғаны белгілі. Халық санасын оятуда ой айтудың әртүрлі формалары көрініс тапты. Осыдан кеп ағартушы ақындар, демократ жазушылар, діни ағартушы ақындар, кітаби ақындар сияқты замана күйіне әр тарапты үн қосқан сөз зергерлері аренаға шықты. Егемендігімізді танып, тәуелсіздіктің ыстық табы жылылығын жая бастағанда XX ғасыр басында өмір сүріп, ел санасын оятуға өлшеусіз еңбек сіңірген, қатал саясаттың зобалаңымен есімдері ел есінен өшірілуге айналған көптеген ақын-жазушыларымыз әдебиет тарихындағы өздерінің сыбағалы орнын әйгілеп, ғасыр басындағы ғана емес, жаңа заманға сай егеменді ел болуымызға, ұлттығымызды тануға игі әсерін тигізуде. «Уақыт» ұғымы адам санасына бағынбай, ғарыштық-ғаламдық құбылыс жетегінде жылыса бермек. Осы ағыстың бір кезеңдік толқынында туып, өзіндік көзқарасы қалыптасқан замана ұлының өмір мен өнер әлеміндегі еңбегіне орай өткен кезеңмен сабақтастырылған жаңа деңгейдегі, өзінен кейінгі өнер дамуына баспалдақ болуда жаңа көзқарастың жандануына игі әсер етер қасиеттер тұрғысынан сол тұлға өмір сүрген қоғамдық мәдениетінің мәселесінде қарастырылуы керек. Сондықтан да зерттеуте нысана боп отырған ақын немесе өнер қайраткерінің шығармашылық жолындағы көзқарас, пікірлерінің қандай болғанына қарамастан оның жалпы ақындық табиғатына, болмысына берілген баға түгелдей не жақсы, не жаман боп біртарапты кету сарынына бой алдырмаған жақсы. Бұл, әсіресе, XX ғасыр басында өмір сүріп, артына мол мұра, өмірі – өлең, өшпес із қалдырған ақындар шығармашылығына тікелей қатысты. Осы зерттеу жұмысымыздың негізгі арқауы болып отырған Мәшһүр Жүсіп Көпеевті де, міне, осындай ақындар қатарына жатқызуымызға әбден хақымыз бар. Мәшһүр Жүсіп Көпеев XX ғасыр басындағы әдебиеттің әртүрлі саласында қалдырған мол мұраларымен қазақ әдебиеті тарихының аталған кезеңінен ерекше орын алады. Ол – қазақтың ауыз әдебиетін өзіне дейінгі ірі ақындардың шығармашылығын білумен бірге Шығыстың әйгілі классиктері Науаи, Фирдоуси, Сағди, Хафиз шығармаларымен де жете таныс болған. Олардан көп үйрене отырып, өзіндік ізденіспен жеткен мол білімнің арқасында көркем шығармашылықтың биігіне көтерілген ақын. «Әркім өз жанын тірілтуді керек қылса, ғұмырын ғылым-білімге сарп қылсын. Ғылымбілімге ғұмырын сарп қылмаған пенденің жаны өлік сияқты. Өзі өліп жатқан өлікті кім керек қылады?» деумен адамзатқа өлмес сөз, өшпес өнеге айтқан зерделі ақынның өзі де өмір бойы ғылым-білімге ұмтылып, өмірі ізденіспен өткен екен. Не табылса да ғылым-білімнен табылады деп, қараңғылық түнегінен жол таба алмай дағдарысқа түскен жұртына өлеңмен үндеу тастап, ғылым-білім арқылы халқын оянуға шақырады, азаттықты насихаттайды. Ғажайып мұралармен халқының көңіліне ұялап «Мәшһүр» атанған Жүсіп Көпеев 1858 жылы Қызылтауда, Найзатас деген жерде дүниеге келеді. Өзінің «Мәшһүр» атқа ие болуы жайлы «Өмірбаян» атты өлеңінде былай баяндалады: Жасымда қойылған ат адам Жүсіп, Жұрт кеткен сүйгенінен Мәшһүр Жүсіп. Қолыма қағазқалам алған шақта, Кетемін қара сөзге желдей есіп. Бес жаста бісміллә айтып жаздым хатты, Бұл дүние жастай маған келді қатты. Сегізден тоғызға аяқ басқан күнде, Мұса еді қосақтаған «Мәшһүр» атты. Ақын өзі айтқандай, тоғызға енді толған шағында қалың топтың алдына шығып, ауыз әдебиетінің озық үлгілері «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ер Тарғын», т.б. сияқты лироэпостық жырларды мүдірместен жатқа оқиды екен. Оның өлеңіне риза болған Шорманның Мұсасы Жүсіпке «Мәшһүр» атағының таңылуына себепкер болыпты. Мәшһүр Жүсіп Көпеев Бұқара, Түркістан, Ташкентке бірнеше рет барып, білімін жетілдірген. Ол алғаш рет Бұқараға 1887 жылы 29 жасында барады. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өз өлендеріндегі деректер бойынша ол 1895 жылы араға сегіз жыл салып, ол жаққа қайта жолы түседі. Ақынның бұл екінші сапарының мақсаты да ғылым жолы еді. Ал Бұқара, Ташкентке үшінші сапарының жөні бөлек. Мұның себебі Мәшһүр Жүсіп 1907 жылы жарық көрген «Хал-ахуал», «Сарыарқаның кіндігі екендігі», «Тірлікте көп жасағаннан көрген бір тамашамыз» үш кітабы үшін заңға ілігіп, ол кітаптары елге таратылмайды және осы кітаптарды бастырып шығарған Қазан қаласындағы Құсайыновтарға он екі мың айып салынады. Ақынның қамаушылар тізіміне ілігіп, ел ішінде жасырынып жүруі, Бұқара, Ташкентке үшінші рет сапар шегуі осыған байланысты. Дихан Әбіловтің «Мәшһүр Жүсіп» атты естелігінде мынадай дерек бар. «Дала уәлаяты» газетінде басылған 1905 жылғы «Қанды жексенбі» өлеңі, «Сарыарқа кімдікі?» толғауына байланысты патша жандармдары Мәшһүрді тұтқындап, соттатып жібермек болғанда Мәшһүр лажсыз төрт-бес жыл бойы Орта Азия жақта қашып жүрген. Бұл мақалада біз Мәшһүр Жүсіп Көпеев мұраларының зерттелу жайы, оның шығармашылығына берілген әртүрлі пікір, көзқарастар төңірегі, ақынның әдебиет тарихынан алар орны, оның қаламынан туған көркем дүниелердің тақырыптық, идеялық жағы, бағыт-бағдары деген мәселеге біраз шолу жасадық. Ал енді біз ақынның бүкіл шығармаларының көркемдік ізденістеріне барлау жасаймыз. Кез-келген өнер өлкесінде танылып жүрген жеке тұлғаның қай салада болмасын өзгеге ұқсамайтын, тек өзіне ғана стильдік қолтаңбасы анықталады. Ендеше сөз өнеріндегі қаламының қырымын айғақтайтын өлеңдері мен өзіндік стилін қалыптастырған ақынның бірі Мәшһүр Жүсіп Көпеев болса, ол бойына қандай қасиеттерді жинақтайды. «Сөз сөзге сәулесін түсіреді» деген атақты теоретик ғалым Потебняның өлең өнеріне қойған негізгі критериі Мәшһүр ақынның өлеңдерінде қалай өрнектеледі. Әдебиет теориясында әртүрлі көркемдік әдістәсілдердің түрлерін қолдану арқылы ақын өлеңдеріне қандай эстетикалық мән үстей алады? Мәшһүр Жүсіп шығармаларының көркемдік тарапы, ақынның тілі – әлі зерттеуін күтіп тұрған мәселелердің бірі. Кейбір ғалымдар Мәшһүр Жүсіп жайлы жазған ғылымизерттеу мақалаларында аз-кем аялдағаны болмаса, арнайы зерттеу объектісіне айналдырып, толыққанды зерделеу ісі бұл салада жоқ десек, артық айтпаған боламыз. «Әдебиет туралы жалпы түсініктердің бәрінің келіп құйылар арнасы, әдебиет туралы ғылымның ең басты және өзекті мәселесі – образ және образдылық. Образдылық – суреттілік, сөздігі – сурет». «Әр сөз, – дейді Потебня, – қалай болғанда да өзінің поэтикалық шығарма қалпын бастан кешіреді». Яғни әр сөздің түп төркіні – зат, сурет, образ. Сонымен бірге А.А.Потебня көркем әдебиетте сөздің тек қана мағынаны, авторлық идеяны жеткізіп қана қоймай, оның өлеңінің көркемдігін, формасын белгілейтінін айтады. Демек өлең құрамындағы бір ғана көркем сөз бүкіл өлең желісі көркемдігіне ықпал жасайды. Суреткерге көркем шығарма тудыруда сөз таңдау, сөз қолдану, сөз әсемдеу секілді бірнеше үлкен міндеттер жіктеледі. Осы үшеуі де ақын немесе суреткердің шығармасына арқау еткен тақырыбының табиғатына тікелей байланысты жасалады. Иә, көркем туынды оқырманын эстетикалық та, тәлім-тәрбие әсерге бөлеу үшін ондағы сөздер бір-біріне сәулесін түсірер әдемі үндестікте және сөздер арасында диалог болу керек. Шығарма бойында оның көркемдігіне кедергі болар артық сөз болмауы және жүйелі орнын тапқан жүйелі сөз өзге сөздермен үйлесімді әдемі сөз әлемін жасау керек. Көркем шығарма табиғатына бойласақ, көптеген ғалымдар арасында осы көркем туындының мазмұндық жағы мен көркемдігінің қайсысының маңызды екендігіне байланысты боп келеді. Біреулері мазмұн – алғашқы десе, енді біреулері – пішін дейді. Әйтсе де шынайы көркем шығарма үшін мазмұн мен пішіннің үндестігі ауадай кажет. Екеуінің біреуі ақсап жатса, ол толық, бүтін шығарма болмақ емес. Шығарма негіз болған тақырып, идея тереңдігі оның мазмұндық жағын құраса, суреткер үшін шын өмірлік мазмұнды сенімді, шынайы түрде көркемдікпен жеткізе алса, көркемдік пен мазмұн үйлесім құрады. Демек мазмұн мен форма бүтін бір құбылыстың екі жағы болып шығады. Академик 3.Қабдолов мазмұн мен пішінге былай анықтама береді: «Шығарманың мазмұны – оның ақиқат, шындыққа негізделген тақырыбы мен идеясы да пішіні – әдеби қаһармандардың өзара қарым-қатынасына, тағдыр тартысына негізделген сюжеті, композициясы және жазушының өмірді өнерге айналдырған ең негізгі кұрал – суретті сөзі, яки көркем шығарманың тілі». Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ақындық әлемінің көркемдікке жетелер есігін қағар алдындағы шегініс ретінде жалпы ақын табиғаты, талант тұрпаты дегенге тоқталып өткен артық емес. Кейінгі жылдары Мәшһүр Жүсіптің әдеби мұрасын мерзімді баспасөз беттерінде жариялап, оқушы қауымға ол туралы көп мағлұмат беріп жүрген зерттеуші ғалымның бірі – Сәрсенбі Дәуітұлының ақын жайлы пікірін С.Сүтжанов өзінің Ғылым Академиясының «Хабарлары» журналында жарияланған мақаласында тілге тиек етеді: «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өлеңдерінің айрықша бір қасиеті – қарапайымдылығында. Ол айрықша бояу, тыңнан жаңалық іздемейді, жұртты таңырқата қояйын деген ойында атымен жоқ. Тек өз өлеңдерінде шындықты айтып, халыққа мын білдіреді». Ақын өлеңдерінің көркемдік сипатын айқындауға ақынның өз өлеңдері көмектеседі. Көркем шығарманың көркемдік деңгейі ақынның, суреткердің қиялының ұшқырлығына байланысты. Ал «көркемдік қиял шындық пен шарттылықтың бірлестік, тұтастығына негізделеді. Ол – көркемдік ойлау ерекшелігі, суреткердің дүниеде, өмірде болатын, болуы мүмкін нәрселерді, жай-жағдайларды қиял арқылы елестеу қабілеті, бейнелеп көрсету тәсілі». Ал «неғұрлым жазушы қиялға бай болса, соғұрлым шығарма сөзі пікірлі, әсерлі болып шықпақ». Ендігі көркемдік түрге келсек, ол – «әдеби шығармадағы мазмұн, мағыналық, ондағы ой-сезім байлығының сөзбен мүсіндеп, жеткізілген қалпы алуан түрлі суреттеу тәсілдерінің біріккен жүйелік тұтастығынан туатын шығарманың көркемділік қуаттылығы». Жазушының өмір шындығына бойлауы, оны сезініп-түсінуі және сол шындықты сөзбен мүсіндеп, жеткізу шеберлігі – осы екеуі көркемдік түрдің жасалу шарты. Көркемдік келісім жоқ жер де өнер шығармасы өмір сүрмейді. Көркемдік – өнер туындысының салалық көрсеткіші. «Поэзия – сөз өнері, көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық үлгісі, оның үстіне поэзияның аса маңызды әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарды бейнелеп көрсетер зор мүмкіншілігі бар. Поэзиядағы, өлең-жырдағы бейнелі, өрнекті сөздер әлдеқандай бір ерекше сұлулап сөйлеуге әуестіктен емес, эстетикалық сезімнен, образды, бейнелі ойдан, дүниені ақынша, суреткерше қабылдаудан туады». «...Бейнелеп айтуға, сұлу сурет жасауға бейімділік өлең тіліне ең бір тән қасиет». Көркем, бейнелі сөздер әдеби шығармалардың мазмұнын аша түсуге, онда айтылар ойды әсерілеп жеткізудегі есебімен өте маңызды. Көркемдеуіш сөздердің көпшілігі метафора, эпитет, теңеу, метонимия, символдардың бәрі екі құбылысты бір-бірімен салыстыруға, бірінің сипатын біріне ауыстыруға негізделеді. Әрине, өлеңдегі осындай ұқсастыру, балаулардың жайдан-жай қолданылмасы белгілі. Әлдеқандай бейнелі сөздердің арттырудағы орындары ерекше, ол ақынның қолдану шеберлігіне байланысты. Осы заңдылыққа біз Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің көркемдік қырларын бағдарлау барысында көз жеткіземіз. Азатшылдық, ағартушылық идеяларына, әртүрлі танымдық-тәрбиеге толы шығармаларымен әдеби мұраға үлес қосқан ірі ақынымыз Мәшһүр Жүсіп Көпеев XX ғасыр басындағы дәуірдің көкейкесті мәселелерін, қазақ халқының хал-жайын жырлаумен, ұлтын ояту, ілгері бастыру, мәдени өркендеу, бақытты, еркін өмірге жетуге үндеумен, елді білімге, ынтымақ-бірлікке, еңбекке шақыруымен әдебиет тарихынан ерекше орын алады. Қазақ халқының мол мұралы көркем қазынасының ұзақ та күрделі тарихи даму жолында XX ғасыр бас кезіндегі жазба әдебиетте үлкен орын алады. Осы кезеңдегі әдебиет қайраткерлеріне «XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті» атты еңбектің алғы сөзінде Ш.Сәтбаева төмендегідей баға береді: «Бұл кезеңдегі әдебиет қайраткерлері өткен ғасырларда қалыптасып, орныққан рухани ақыл-ой ізденістерінің тәжірибесін, жетістіктерін пайдалана отырып, идеялық көркемдік деңгейі биік асыл мұралар жасады, жаңа тарихи жағдайларда оларды жалғастыра дамытты. Сөйтіп замана қажет мүдделеріне ілесе алды, қоғам қалпын реалистік әрі романтикалық әдіспен бейнелеп, келелі, салмақты ой-тұжырымдар айтты». ХІХ ғасыр аяқ шені мен XX ғасыр бас кезіндегі рухани өмір әдебиет пен өнер алдыңғы жүзжылдықтардан өзгешелеу, ерекшелеу қоғамдық экономикалық, әлеуметтік-саяси жағдайларда дамыды. Сондықтан да Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармашылығының дені халықтың әлеуметтік тұрмысы және дәуірдің осындай қиын жағдайында ел-жұртын «жарық күнге» жетуге ұмтылдырған, азатшылдыққа алғаш үндеген, насихаттаған өлеңдер болып келеді. ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының әлеуметтік даму процесінде ұлттық, отаршылдық тонаудың нығаюы мен ұлғаюына байланысты ішкі прогрессивтік күштер әрекетінде ширыға түсті. Осындай жағдайда Мәшһүр Жүсіп Көпеев те өзге ақын-жазушылар секілді қоғамдық ой-сананың оянуына өзінің ұлттық рух, патриотизмге толы өмірлі өлеңімен ықпал жасады. Ақын өлеңдерінде халық мұңын жоқтап, өткір тілмен отаршылдар әкімшілігінің жауыздығын әшкерелеп, сынға алды. XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті көтерген ең негізгі проблемалық тақырыптардың бірі – ағарту, ғылым-білім десек, мұның Мәшһүр шығармашылығында елеулі орын алғанына көз жеткіземіз.Аллаберген ҚОНАРБАЕВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі