«Жаңа өмір» газеті туралы

"Жаңа өмір" газеті туралы«Жаңа өмір» газеті туралы

Маңғыстау баспасөзінің негізі ХХ ғасырдың 20-жылдары бастау алып, уездік партия комитетінің мәшінкесімен басылған, немесе қолжазба ретінде таратылған журналдар болыпты. Сол кездегі астанамыз Орынборда Қазақ Компартиясы облыстық комитетінің 1924 жылғы 26-тамыздағы бюро мәжілісінде «Адай уезінде саяси, оқу-ағарту жұмыстарын кеңінен жүргізу үшін бір баспахана құралын жеткізу туралы» шешіміне байланысты «Ауылға бетіңді бұр» қабырға газеті Форт-Александровск қаласына таратылды, ел арасында дауыстап оқу үшін малшы ауылдарға жіберіп тұрды.

Көлемі шағын бетшелер уақыт талабына сай болмағандықтан 1931 жылы 5-тамызда айына алты рет шығатын «Жаңа жұртшылық» газеті өмірге келді. 1932 жылдан бастап аудан халқы «Колхоз жолы» газетін алдыратын болды. 1939 жылы Маңғыстау ауданы екіге бөлінсе де, газет екі ауданға ортақ сипатта еді.

Аудан басшылығының газет ашу жөніндегі ұсынысын жүзеге асырудың сәті Ұлы Отан соғысының ең бір қиын кезеңінде, жау Москва түбінде тұрғанда түсіпті. 1941 жылдың 27-желтоқсанында «Сталин жолы» атауымен алғаш оқушысымен жүздескен алақандай газеттің міндеті ел мен жер тағдыры таразыға түскен кезде халықтың қамыққан көңілін көтеру, жігер отын жандырып, елді «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» жанқиярлық еңбекке жұмылдыру болып еді.

Орталықтан шалғай, байланысы әлсіз, түкпірде жатқан Маңғыстау түбегінің халқы осы газетті жан сырласындай, ақылшы серігіндей, рухани демеушісіндей қабылдады, Жеңіс күнін жақындатуға, соғыс салған жараны жазуға септігін тигізетініне сенім артты.

Қандай қиындық болса да газет аудан өмірінің жылнамасы, тарихы дәрежесіне көтерілді. Сарғайған газет беттерін парақтасақ, қырқыншы жылдарда ел басына түскен ауыртпалықты газет халықпен бірге бөлісіпті, тыл еңбеккерлерін екпінді еңбекке үндеп, жігерін жаныпты, майдандағы ерлердің жеңісін жалықпай дәріптеп, халықтың патриоттық рухын оятыпты. Ауылда қалған әйелдер мен шиеттей қарасирақтардың азаматтардың жұмыс орындарында бел шешпей еңбек еткенін, олардың жауға деген ыза-кегін, өшпенділігін шынайы суреттеді. Елуінші жылдардағы ауылшаруашылығы қызметкерлерінің мал басын өз төлі есебінен өсірудегі жанқиярлық еңбегін, алпысыншы жылдар әкелген жаңалық: аудандағы өндіріс, темір жол, мұнай, балық тақырыбына арқау болған еңбек адамдарының жеткен жетістіктерін желкілдетіп те, желпілдетіп те жазды. КСРО тарихында Н.С. Хрушевтің волюнтаристік саясаты жылдары ретінде есте қалған 1962 жылы еліміз бойынша барлық аудандық газеттер жабылғанда «Еңбек туы» газеті мен баспахананың кадрлары жан-жаққа тарап кетті.
Елмен бірге есейген, өндіріспен бірге өзгерген аудандық газет 1963 жылдың 1-мамырынан бері «Жаңа өмір» атымен шығып келеді. 70-жылдардағы мал басын 50 миллионға жеткізу жөніндегі партия тапсырмасын орындау жолындағы ізденістер де індетіп жазылып, екінші тың ардагерлерінің еңбектері суреттеліпті. Кейін елде бұқаралық ақпарат құралдары көбейіп жатса да аудан халқының өз газетіне деген ықыласы суыған жоқ, себебі аудандық газеттің айтатыны ел мүддесі, болашақтың бағдары, жазатыны бала күнінен таныс-біліс адамдарының бейбіт күндегі ерен еңбегі еді.

Кеңес үкіметі билеген елде 1985 жылдан басталған қайта құру, тоқсан бірде жеткен егемендік қоғамдық сананы түбегейлі  өзгертіп жіберді. Баспасөз жылдар бойы адымын аштырмай, құрсаудай қысып келген цензурадан құтылғанымен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қожасыз қалды. Нарықтық экономиканың бұлжымас қағидаларының тоқпағы алдымен елдегі аудандық газеттерге тиді, көбі сол салмақты көтере алмай жабылып тынды, қалғаны ілдаламен күн көрді. Осы қиындық «Жаңа өмірдің» басына да түсті, бірақ газет ұжымының еңсесін түсіре алмады.

Газет тәуелсіздік алған күннен бастап демократия, жариялылық құралына айналды, жаңа экономикалық саясат, әлеуметтік күрделі өзгерістер, пікірлердің алуандығы жағдайында жұмыс жасауға бейімделді. Елде саяси, рухани бостандықтың жариялануына байланысты ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау жаңаша сипат алды, тақырып аясы кеңейді. «Бабанама-ұрпақтар үндестігі үзілмесін» айдарымен ұлттық дәстүрді, салт сананы, тілді, дінді жергілікті материалдар арқылы насихаттауға бел шеше кірісті.

Газеттің қалыптасуына, ақпарат кеңістігіндегі өзіне лайық орнын тауып, аудан өмірінің шын мәніндегі айнасына айналуы жолында тер төккен азаматтар аз емес. Солардың ішінде газеттің лағашқы редакторы Меңдеш Жәрдемовтен бастап әр кезде осы қызметтің құлағын ұстаған Ш.Амандықов, Т.Смағұлов, Х.Сұлтангелдиев, М.Неталиев, А.Әбдіров, Ж.Жапақов, К.Ұзақбай, елу жыл еңбек өтілінің 33 жылын редакция қабырғасында өткізген Т.Жаңбыршыұлы көп еңбек сіңірді. Сондай-ақ редакцияда қызмет істеген Дүйсенбі Әріпов, Лебен Сәдуақасов, Закария Исағұлов, Сержан Шәкіратов, Жұмабек Селбаев, Шарай Батырбаева, Төлекеш Орақұлы, Әзірбайжан Қонарбаев, Қанат Аманиязов, Хамза Шаров, Өтежан Оңғарбаевтың қолтаңбалары бар, орта буын өкілдері Қожахмет Демеубергенов, Бірғали Байекеев, Қыдырбай, Әзірбай Тұрмағанбетовтер, Талғат Атшыбаев сияқты таланттардың да іздері сайрап жатыр. «Жаңа өмірдің» шекпенінен шыққан көптеген азаматтар кезінде облыстың, ауданның мемлекеттік басқару органдарында, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында абыроймен еңбек етті, түрлі деңгейдегі өкілді органдарға депутат болып сайланды, қабілеті мен талантына қарай халқының құрметіне ие болды. Барлық қиындықтарға, материалдық базаның жұтаңдығына қарамастан газеттің заманына қарай көркемделуіне үлес қосқан баспахана басшылары С.Нұрбатыров, Ә.Бердіғұлов, Қ.Таңатаров, баспахана қызметкерлері Дәулетбаева Шолпан, Сейбағытова Қымбат, Жаңаева Аққағаз, Ақтанов Сағынтқан, Құттыбаева Зияда, аты аталмаған тағы басқа баспагерлердің қалтқысыз еңбектері өлшеусіз.

Редактор өмірбаяны

Лаура Тындырғанова Қобыландықызы 1986 жылдың 24 қаңтарында Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Ақшымырау ауылында өмірге келген.
1992 жылы Тобанияз Әлниязұлы атындағы мектептің бірінші сыныбына барып, 2003 жылы осы мектепті үздік бітіріп шықты.
2003 жылы Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетіне «Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түсті.
2006 жылы оқудан қол үзбей жүріп, «Қазақстан-Ақтау» телеарнасына ақпараттар бөлімінің редакторы қызметіне орналасты. Осы жылы тұрмыс құруына байланысты Маңғыстау ауданы «Жаңа Өмір» қоғамдық газетінде тілші болып жұмыс бастады. 2008-2010 жылдар аралығында Мұнайлы аудандық «Мұнайлы» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметтерін атқарған ол 2010 жылдан бері «Жаңа Өмір» газетінде тілші, бөлім редакторы қызметтерін атқарумен қатар, «Қазақстан – Ақтау» телеарнасының аудандағы меншікті тілшісі болды.  2016 жылдың ақпан айынан бастап газет редакторлығының тізгінін ұстаған ол екі рет қызметтегі жетістігі үшін облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Әр жылдары «Нұр Отан» партиясы, сот-прокоратура салалары, әділет басқармасының және басқа да салалардың «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаттарына» ие болды.
ҚР журналистер Одағының мүшесі, Маңғыстау аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі.

«Жаңа өмір» газетінің қазіргі құрамы:

"Жаңа өмір" газеті туралыЛаура Тындырғанова   – Бас редактор

Қадірбаев Мұратбек тілші

Шындыбаева Гулжайнат – тілші

Жиеналиқызы Жадыра фототілші