kart ana қарт ана

Ақкенже кемпір түнімен дөңбекшіп шықты, қаланың у-шу тірлігі ме, әлде кәріліктің  салдары ма, соңғы кезеңдері түн баласына көз ілмей шығатын өнер шығарған. Өзі жатқан кішкене бөлменің терезесін ашық тастайды. Бастапқы әзірде үй іргесінен арылдап тынымсыз ағылған машиналар, ақылынан арақ айырғаны, әлде құдай айырғаны белгісіз түні  бойы  үй  іргесіндегі кафедегі айқай, ол аздай қазір қалада толып кеткен иесіз ит пен мысықтың ұлығаны, мияулағаны, мауығып қаңсылағаны бәрі-бәрі де жанына түрпідей тиіп, мазасын алғасын әлгі терезені тарс қылып жауып тастайтын. Бірақ көп ұзамай қуықтай бөлме ысып бір тұрып, бір жатып жүргені. Артынан бұған да бойы үйренеді. Көрпесін бауырына қысып бір қапталымен қозғалмай жатады да қояды. Сөйтіп жатып қалғып кетеді. Қайта оянып жеткізіп болмас таңның атқанын күтеді. Құдай-ау, бұл қаланың таңы да бөлек ата ма, қалай өзі. Ауылда ғой тілерсегі майысып тәлтіректеген ботасын сүйемелдеп қараша інгеннің бауырын сордыртып қайта төсегіне қисайғанда көп ұзамай сарғайып таң да атушы еді. Көрші абысынының шелегін қарына іліп ыңырсып тұрған тайлақты түйесіне бара жатып: «Жазған-ай, түнімен ұйықтамаған ғой», – деп мұны аяп түндігін ашып, аяғындағы кебісі сырпылдап кетіп бара жатқанын көңілімен көріп, сезіп жатушы еді. Көп жатпай орнынан тұратын. Ботасын тағы да салып, үй айналасынан зарлап шықпайтын інгенін жетектеп өріске шығаратын. Қайтып келгенде көрші абысыны да хош иісі аңқыған, шоқ үстінде тарсылдай қайнаған шайды бірге ішуге мұны күтіп тұрады. Сап-сары болып майы сыртына шыққан прензені шайға салып содан екеуі сораптайды келіп. Далада туып қалған тұсақтың уызға жарымаған қозысынан басталған әңгіме, ертең мұның түсірер келініне келіп бір-ақ тіреледі. Маңдайы жіпсіп, жаулығын желкесіне ысырған бұл төр үйде басы қазандай боп ұйықтап жатқан ұлына тұру керек екендігін ескертеді. «Бол, шырағым, жұмысыңнан қалма, саған қайта-қайта шай ысытып күтіп отыратын күйіміз жоқ, оны ертең келіншегіңе істерсің», – деп даусын қатайтқан болады. Бәрі де бер жағынан айтылған сөз екенін білетін ұлы бір жағына аунап бара жатып «қазір» дейді де қайтадан қорылға басады. Тұр-тұрлап жүріп шайын да ішіп болады, далаға шығып шоқ салғыштағы күлін де төгеді. Сөмкесін иығына асып алып, қазір сабақтың арасында ойнайтын добын қуалап кетіп бара жатқан көршінің қара домалағының ұмытпай беретін сәлемін де алады. Ауырып жатқан үлкен шешесінің денсаулығын сұрауды да ұмытпайды. Добының соңында бұрыш айналып бара жатқан баланың «жақсы» деген даусын естіп, «ий, пақыр, жақсы болсын, ол өлгенмен қара жердің қойны толар деймісің», – деп қала береді.

Ауылдың шетінде таң атпай тауды жаңғырықтырып айқайлап жатқан Түйебай қойшының даусын естіп: «мына құзғынның ақша жинайтын кезі болған болды-ау», – деп жаңа айдың туғаны есіне түсіп, кәжекейінің ішкі бетіне сырып тігіп тастаған қалтасына қолын салады. Кәзір апарып бермесе шарасынан шыға құтырған иттей қып-қызыл көзін ойнақшытып, әр үйдің шарбағын қамшысымен сабалап «мораль» оқуға келеді ғой. Шай-суынан артылып қалған, әлгі қызыл көзге берер азғана ақшасын санап тұрғанында төплиі тықылдап өтіп бара жатқан, бұларға жиен болып келетін мұғалима қыз «мына кемпір баласының әкеліп берген ақшасының шетінен шыға алмай тұр-ау», – деп шымшып өтеді. Бұл да қарап тұрмай «Әй, жиен-ау, осы әдірә қалғыр менің жиған-тергенім мен баланың әкелген тиын-тебеніне сен ие болсайшы», – деп артынан дауыстайды. «Оны маған емес, балаңа айтсаңшы. Салмақ салып жатса көреміз ғой», – деп тісін ақсита күліп кетіп бара жатады әлгі қу қыз. «Әттең шалымның жоқтығы ғой, әйтпесе әлдеқашан құда қылып жіберер едім», – дейді бұл іштей мектепке кіріп бара жатқан қыздың артынан үнсіз сүйсініп қарап тұрып. Мал ауылдағы қайнысы көптен көрінбей кетті. Бұрындары әлгі үш аяқты дырылдағымен жетіп-ақ келетін. Осы күні ол да үлкейді ме, әлде баласынан ауыспай ма, әйтеуір көп келе бермейді. Өткенде  бір келгенде  көкірегінде жүрген «шөпжелкеге» деген сағынышын айтқан еді. Сонда көп сөйлей бермейтін қайнысы «асықпа, жеңеше, бір реті болар, біздің үйдегі бала өткенде көңірсітіп бірдеңені  айтып  отыр еді, рас болса бұл үйге де келін келер», – деп шайын сораптап отыра берген. Жүрегі қуаныштан тоқтап қала жаздаған бұл «сонда кімді айтты», – деп ынтыға сұраған. «Мен қайдан білейін, осы күнгі балалар жөнін айта ма, кезінде көреміз дағы», – деп қайнысы бос тұрған шай кесесін қолымен нұсқап «неғып отырсың» дегендей. Содан бері не айтар екен дегендей құлағын түріп те жүрген. Көп ештеңе ести қоймайды. Әшейінде бір хабарды асты-үстіне түсіріп, құбылтып айтатын қатындар да аузына құм құйылғандай мұның баласына дегенде әңгімелері таусыла қалыпты. Бұл ауылда бір келін түссе бәрі соған қарап жүргендей үш-төрт беташар қатар өтетіні бар. Осы күнгі жастар шетінен білім өтіп кеткен сұңғыла ма, әлде ащы суға тойып алғасын болашағын бірақ түнде шеше ме, әйтеуір сол той күні бір-біріне желімше жабысып билеп жүргендер ертеңіне ерлі-зайыпты болып жатады. Үйдегі ата-анасының жиған-тергенінен хабары жоқ, тойдан шығып таң ата даурығысып тарағандар бір шүйке басты табалдырықтан аттатып жатады. Майлы қасықтай бір-бірімен жымдасып кетіп жатқандар да бар, барын төктіріп шабылтып алып, келін түгілі бас қайғы боп екі күннің бірінде Шетпедегі сот алдында табанын тоздыртып жүргендер де бар. Араға әкесін салып, бір қызметтің тұтқасын ұстап тұрған көкесіне телефон шалдыртып, оған болмай бара жатса, осының сөзі жерде қалмайды-ау деген бір шалды сақалын шошаңдатып алдына салып, екеуінің бір кездегі батыр болған бабаларының жауға бірге шапқанын айтып, әруақты қозғап зорға татуласып жатады. Соның бірі – осыларға әріден қосылар ағайынның баласы. Таңдайына татып отырған жалғыз түйесін саттырып, оны да олқысынған қарсы жақтың көмекейін толтырамын деп көрші-көлемнен қарыз алып, борышқа белшесінен батып, жұрт алдында жігері жасып, көпке көрінуге жарамай отырып қалған әке-шешесімен ісі жоқ баласы дым болмағандай ертесіне шашын тарап тағы да көшеге шығып бара жатады.

Ондай неменің салымы-ақ мықты болады. Көп ұзамай тағы біреуін әкеліп тұрғаны. Аузы күйген ата-анасы үй алдындағы күжірейіп жатқан қабаған иттен запы шеккендей аяғын санап басып, жүректерінде қуаныштан гөрі қорқыныш басым боп тағы да орамал тартып жатқаны. Ел іші ғой өйтіп-бүйтіп тойын өткізеді. Кеудеңе шаншудай қадалар, иыққа ілер жаман шүберекке бола көңілі бітпей, өкпесі қара қазандай болған құдалардың ащы сөздерін естіп, құдадан да құтылады. Кеудесін басқан зілдей борыш уайымын өмірге келген кішкентай қара домалақ ұмыттырып, ел қатарлы немере қызығына бата бергенде жынды неменің тағы да нілдей бұзылып, келінді бұйдасын түріп баласымен қоса тағы да қоя беретіні.

Әй, Алла-ай, баяғыда осы ауылда Тақақ деген болып еді. Оның неше қатын алып, түтін түтеткенін осындағы ақсақалдар да біле бермейді. Үйінде тышқақ лағы да жоқ, арақ пен қартаны жолдас қылған Тақақ көңіліне жақпаған әйелді құйрығынан бір теуіп қоя беретін. Көп ұзамай қайдан тап болғанын бір құдайдың өзі білсін, қолынан жетектеп тағы біреуін алып келеді. Арақ ішсе де, қарт ойнаса да ешкімге зияны жоқ, ақкөңілдігіне болар, ешкім оны сөкет көрмей «Тақақ қатын әкеліпті», — деп бір-бірінен сүйінші сұрап, біреуі тамағын, біреуі тоқтысын сүйреп бірігіп той жасап, бұл үйде көп ұзамай жеңгелерінің қолынан шай ішіп, мәз-майрам болып тарасып жататын. Өздері әкелген араққа өздері мас болған бір-екі қайнысы жеңгелерінің татар екеніне, әлде дағыстан  екеніне таласып қараңғы көшеде гүжілдесіп тұрғаны. Осы күнгі жастардың білмейтіні жердің астында ма кім білген, көрші үйдің бес жасар жүгірмегі шарбаққа асылып, әлгі жігіттің артынан «Тақақ, Тақақ», – деп айқайлап тұр екен. Бастапқы әзірде түсінбей қалған бұл артынан басына жетіп, әлгі тықылдаған кішкентайға шамасы жеткенше ұрсып, түсіндірген болды. Ұрсып тұрып марқұмның бір кездегі араққа тойып алғанда ауылдастарына «сендер мені мәңгі ұмытпайсыңдар» деп қолын шошайтып сөйлегені есіне түсіп, көріпкелдігіне қайран қалған. Кемпірдің жүзінен жылы шырайды көрген қара домалақ кетік тісінің арасынан дыз еткізіп түкіріп өз өнеріне ме, әлде жаңағы сөзіне ме шықылықтап мәз болған.

Сөйтіп жүріп, мұның баласы да үйленді. Шүкір, артын ағайын арасындағы дауға да, қатындардың өршіп барып басылатын өрттей өсегіне де іліндірген жоқ. Өзіне баяғыдан таныс көрші ауылдың қызын әкелді. Әке-шешесі өмірін мал соңында өткізіп, қазір орталықта тұратын. Келіні училище дей ме, колледж дей ме әйтеуір оқу бітіріп Ақтауда жұмыс жасайтын көрінеді. Арсалаңдап мал ауылдан келген қайнысын шай ішуге де мұршасын келтірмей құдасының алдынан өтуге жіберді. Той өткесін сыбағасын алып өзі де барды. Ел қатарлы жоралғысын жасап шақырып та жіберген. Ауыл әкіміне барып баяғыда шалы екеуінің борбайынан боғы ағып жүріп осы колхозда бекерден бекер жүрмегенін айтты. Шал өлді, жалғызының қызығын көруді тағдыр маңдайына жазбапты. Ең болмаса әруағы риза болсын, «мына келініме осы ауылдан жұмыс тауып бересің», – деп салмағын сала өтінішін айтқан. Обалы не керек, әкім бала жалма-жан телефонның құлағына жармасып ауылдағы екі мектептің директорын алдына шақырды.

— Ақаңның жайын білесіңдер, екеуіңнің қайсың келінін қарауыңа аласыңдар, – деді. Бір тентек кемпірдің сөзін жерге тастасын ба үлкен мектептің директоры:

— Шеше, келінді таңертең жұмысқа жібер, – дегені. Бір жағы күні кеше түскен келінін қаңғытпай жұмысқа алған азаматтарға деген ризашылығы, бір жағы өмірден өтсе де шалының көз көрген інілерінің мына ісіне көңілі толқып келген Ақкенже кемпір шай үстінде бітірген жұмысын шалқая отырып айтты. Үнінде мақтаныш басым. Жаңбыр жаумай су болатын әлде біреулердей емес екенін, шүкір, шалының әруағымен өзінің әлі елге сыйлы екенін айтқан.

— Ой жақсы болды ғой, – деген баласының сөзіне: – Несі жақсы, жетпегені темекі тартып, арақ ішкен көшенің жынды балаларымен арпалысуым қалып еді. Маған қаладан да жұмыс табылады, – деген келіні баласына шаншыла қарап, шай аяғын алдына шалдыр еткізіп қоя салғаны жанына шаншудай қадалды. Баласына қараса, құлағы салбырап үндемей дастарханның жиегін умаждап қапты.

Бөлмесіне келіп жастыққа қисайған кемпір келгеніне екі-үш ай болған келінінің мына ісінен жылылық таба алмай, өзімен-өзі үнсіз жатыр. Ас үйде тарсыл-тұрсыл жиналған ыдыстардың, тарс етіп жабылған есіктің даусы орталарына сызат түсіргендей. Осыған өзі кінәлідей қаралай қысылады. Осы кезде дабырлай сөйлеп, қолында ұршығы бар көрші абысыны да келді.

— Мына қатын ішкені алдында, ішпегені артында келінінің дәмді шәйіне қанып алып, ұйқыға кірісіпті ғой, – деді тізесін ұстап, ойбайлап отырып жатып.

Осы бір жалғыз басты жаннан жасырар сыры, бүгіп қалар әңгімесі болмаған Ақкенже алғаш рет шынымен қалғып кеткен адамның кейпін көрсетіп орнынан тұрып, күле амандасты. Баяғы әдетінше қолын алдымен шәйнекке созды.

— Келін қайда, әлде қазан-ошақтың билігінен әлі айырылғың келмей жүр ме? – деген сауалына:

— Отыра берсейші, менің қолымнан шәй ішпегеніңе көп болған шығар. Екеуміздің әңгімеміз келінмен үйкеспес, – деді.

— Ии, солай екен-ау. Баяғыда жаңа түскен кезімде, онда үйдегі қайнағаң Бесқалаға қалашылап кеткен, енеме келіп, әңгіме айтып, шайды сораптап отыратын көп кемпірге қызмет етіп жүріп, далаға бір кіріп, бір шығушы едім. Сондағы ойым анау құбыла жақтан бірін-бірі жөңкіле қуған сағым ішінен керуеншілер көрініп қалмас па екен деуші едім. Ол да бір дәурен екен-ау. Екеуміздің әңгімеміз жастарды қызықтыра ма? – деп бұған қосыла кетті. Содан екеуі өткен-кеткенді айтып кешке дейін отырады. Бұл жұқалап отырып, ертең келінінің қалаға жұмысқа жүретінін жеткізді. Көпті көрген көрші абысыны мұның ішіндегі алай-дүлей толғанысын айтқызбай түсінді.

— Ақкенже-ау, жалғыздық құдайға ғана жарасқан. Осы күнгі жастардың ағылып барып жатқаны сол қала емес пе?! Жолына тұрма, барсын. Саған да жұрт күзетіп отыру жараспас. Келін-балаңа жұмыс табыла қалса, ертеңгі келер немереңді бақпайсың ба? Қала саған ауыл емес, көйлегін көтеніне түріп, тоңғағы борбайына қатып, аула ішінде домаланып жүре беретін. Ағылып жатқан машина, шынжырлап ұстап жүретін айғырдай иттері бар. Бірі болмаса бірі зақым етсе қайтесің? Жыл сайын наурыз келгенде осында жатқан шалыңның басына келіп кетпейсің бе? Сол келгеніңде ұмытпай немереңді жетектеп, біздің күркеге де бас сұқсаң болғаны. Екі үйдің арасындағы ерке ғой, құшырлана иіскеп мауқымызды басармыз, – деген-ді. Екеуі де келіннің құрсағындағы кішкентай қазір алдарында отырғандай, нәрестеге тән хош иісі аңқып, былдырлап сөйлеп отырған сәбиді көргендей мәре-сәре болып тарқаған.

Алдымен қалаға келін кетті, оны қуалап бала кетті. Бастапқы әзірде бірер ай демалыста қол ұстасып келіп жүрді де, бір күні теңіз жағасынан үй алдық деп шешелері отырған үйді жеңілдеу бәсіне өткізді де қалаға тайды. Өлілерге бағыштап бір мал садақасын таратып, көрші-көлемді шақырып, батасын алған. Абысыны екеуі орамалға түйген дәмі бар шалының басына барды. Күбірлеп білген әйетін оқып: «Ал жақсы, біздерді желеп-жебеп жата бер» деп орнынан тұра бере өзін-өзі ұстай алмай егіліп жылаған. Баяғыдан бері байқамапты. Таң ата үйінен шыққанда да, есік алдында көлеңке қуалап жүрген қозы-лағын қайырғанда да, олай-былай өткенде де шалының жатқан жері, өз қолымен тұрғызған төрт құлақты тамы алдымен көзге түседі екен. Күн сайын жатқан жерін көргеннің өзі көп демеу екен ғой. Қасынан өтіп бара жатып, әйетімді оқып кеттім деуші еді. Ол тек дұға оқу емес, шалымен сырласып өтеді екен. Енді мынау, мұның кеткеніне ренжіткеніне ренжігендей шалының жатқан жері де кішірейіп кеткендей бір уыс болып қалыпты. Марқұмның тірі кезінде бетіне жел болып тимеген бұл өзінің осы ісіне өкінгендей де болды. Жалғызы ит арқасы қиянға кетсе бір сәрі, күн сайын автобусы шұбырып жатқан ұлы жол­дың бойында тұрып, далақтап қалаға шапқаны несі. Қайтып келе жатып артындағы шалының жатқан төрт құлағына жалтақ-­жалтақ қараумен болды. Жүктің бәрін машинаға тиеп, ерте аттанатын болғасын далада нар үстінде көршісі екеуі жатып түнімен әңгімелесіп шықты. Екеуі де әйтеуір аты әңгіме болмаса бұрынғыдай ашылып ештеңе айтпады. Бір­-бірінің әлсіз, нәзік жерлеріне тиіп кетпеуге тырысты. Өйте қалса жүректерін кернеп тырсиып тұрған, ертең бірін-­бірі іздер сағыныш жастарының сау ете түсерін білгендей әр нәрсенің басын шатып-­бұтып жатты. Әшейінде қора жақта болатын, болмаса көше кезіп кететін қара төбет те бірдеңені сезгендей бүгін бұлардың аяқ жағы­на келіп жатты. Мұның қолын жалап, қыңсы­лап, жер бауырлап жақындай береді. Кемпір «тек» деп үнсіз ұрсып, төбеттің маңдайынан сипады. Басын кемпірдің тізесіне қойған төбет көзін бір ашып, бір жұмып жатты. Сарғайып таң да атты. Отпан таудың арғы жағынан шашырай көтерілген күн шапағы астында ауыл іргесіндегі бейіт ішінен шалының жатқан жері көзіне алдымен шалынды. Мұрнына нарпоз­дың, тау етегіндегі құмақтан изеннің, жусан­ның иісі келді. Машинаға мінерде құшақтап кеудесіне қысқан көрші абысынының дір­-дір еткен жауырынынан айтып жеткізуге болмас қимастықты түсінді. Шуылдай қол бе­ріп жатқан көпшілікпен қоштасып, алдыңғы орындыққа келіп отырды. Машина көшені айнала ұлы жолға түсерде көзі бұлдырап арты­на қарады. Қолын бұлғап тұрған абысыны мен шоқиып отырған төбетті көрді.

Содан бері қалада. Елден кеткелі де екі жылдың жүзі болды. Бастапқы әзірде Ақаңа сәлем бере келдік деп ауылдан көз көрген қайнылары, абысын-­ажындары көптеп келетін. Базар аралап үйдегі кішкентайларына деп көптен бері есік көрсетпеген келіндерге деп алғандарын арқалап, кешқұрым жүретін автобус алдында түскі шайға дөп келетін. Қаланың қуықтай бөлмесінің онсыз да тар дәлізі әлгілердің бүйірі торсиған сөмкелеріне, шұлғауы сыртына шыққан етіктеріне толып ыбырсып  кетеді.  Кішігірім  қалтаға  шірене толтырылған насыбайын уыстап ерніне салған қайнылары түкіретін жер таба алмай, келіннің тосап жабамын деп дайындап қойған, тап­-таза банкісіне газет орап салып жау қайтарғандай қақырып отырып әңгіме соғады. Бұл газге шайын қойып, түстік жасайды. Сөйтіп отырғанда келін де келеді. Сәлем дәметіп «көп жасасын» айтуға дайындалып отырған насыбайшы қайнаға банкіге жиіркене қараған келіннің көзқарасынан кейін баяғы дарылдап елді басына көтеріп отырған үні басылып жым болады. Келін тарсылдай жүріп дастарханын жасайды да: «Мен жұмысқа кеттім» деп есікті тарс жауып, шығып кетеді. Бұл қара суды құйып бермеген келініне ренжіп, жігері құм болып, өзі шай құйса, насыбайшы қайнысы «құтырғаннан құтылғанына» мәз болып, қайтадан даурыға әңгімесін бастайды. Шайларын ішіп сол даурыққан күйлері елге қайтады. Кетіп бара жатып «Бәленшенің тойы, түгеншенің садақасының болатын күнін мойныма борыш болмасын» деп қайта-­қайта айтумен болады. Бұл жаны жетсе баратынын, бәріне сәлем айтып қала береді. Келіннің осы бір тар көңіліне болар, бірте­бірте келушілер де сиреді. Бар хабарды енді Қаламқаста істейтін баласынан естиді. Ауылдан барып бірге жұмыс істейтіндер көп қой. Бұл көрінбесе шайы ішіліп, қазаны түспейтін небір қимастары да өмірден өтіпті. Соларды естігенде ұяттан жерге кіріп кете жаздайды. Ең болмаса барып жел батасын тигізбеді-­ау. Қой, әзір алдын көріп, аяғын дұрыс басып тұрғанда мойнында зіл болып үйілген борышынан құтылып келмесе болмас. Бұлардың баласы бағылмай, қонағы шақырылмай қалады екен деп жүргенінде өзі де бір жағынан шығар. Ешкімге  салмағын да салмас, қалтасының түбінде келіні әкеліп берген пенсиясы бар емес пе? Қанша екенін өзі де білмейді. «Мынау ақшаң» деп қолына ұстатады, бұл «Ие» дейді де, кәжекейінің ішкі қалтасына сұға салады.

Иә, айтпақшы, өткенде көрші абысынына барғанында шай­суын сөмкесіне салып апарып, қолына бір-­екі жүздікті қыстыра кеткен екен-­ау. Ол бейшараға қайта айналып соға алмады. Бармайын демейді­ау, сол қаланың шетіндегі сұп­ сұр болған үйден жүрегі шайлығып кеткен. «Басқа қиындық көрсетсең де соныңнан аулақ, қыла көр Жасаған!» деп түнімен жаны ауырып, күйзеліп шыққан еді. Осының алдында вахтадан келген баласы тамақты аузына жұмарлай тыға отырып, тұншыға сөйлеп:

— Әлгі, Халекең осындағы кәрілер үйінде көрінеді, көзі көрмей қалыпты. Өткенде жұ­мыста жүргенде Әскербек айтты, – деді дым білмегендей жайбарақат.

— Не дейді, байғұс­ай, – деп шошына сұра­ған. Қолынан кесесі түсіп кетіп, ортасынан қақ айырылды. Келіні алдына дейін ақтарылып барған шайды сүртіп жатып:

— Ужас! Ал бір кемпір кәрілер үйінде екен. Онда тұрған не бар? – деп енесіне ала көзімен ата қарады. Ақкенже орнынан тұрып кетті. Кішкентай бөлме ішінде сыртқа қарап тұрып, ал кеп жыла. Кенет жаулығын түзеп, бешпе­тін киді де, шалқасынан түсіп, телевизор көріп жатқан баласына:

— Әй, тұр, мені әлгі Халима жатқан жерге апар, – деді.

— Нурланчик қайтеді? Мен жұмысқа бармаймын ба? – деген келініне алғаш рет дауыс көтеріп:

— Бала сенікі. Бағасың ба, жұмысқа көтере кетесің бе, өзің біл! – деді.

Баласы үн-­түнсіз киініп алдына түскен. Тап болған машинаны тоқтатып әлгі жерге де жетті. Ішіне кірсе есік алдында отырған, жарылудан аз­ақ алдындағы кім екенін айырып болмас бір келіншек бажақтап жібермеді. Палатасын, фамилиясын айт дейді. Баласы «Фамилиясы кім еді?», – деп шешесіне қарады. Құдай-­ау, содан оның фамилиясын есіне түсіре алсашы. Тіпті ұмытып қалыпты. Елде жүргенде оның әкесінің атын түгендейтіндей қай бір қызмет­тің тұтқасын ұстап еді. Жеңеше, жеңеше дегеннен басқа да атағы бар ма еді ол сорлының. Сөйтіп тұрғанда бір қутыңдаған шал келіп баласына әлде шыны, әлде әзілдегені белгісіз:

— Шешеңді тапсыра келдің бе, шырақ? Бұл жерде жалғыз қалмайды, бойдақ шалдар да жетеді, – дегені. Жағына жылан жұ­мыртқалағырдың кемпіршілін, сірә. Обалы не керек, баласы шошып кетіп:

— Жоға, ақсақал, бір кісінің, иә, иә, бір кем­пірдің фамилиясын білмей тұрғанымыз, – деді.

— Фамилиясы жоқ кемпір дейді. Апыр­-ау, ол кім? Е, өткенде жаңадан келген әлгі сары кемпір болар. Дәу де болса сол шығар. Көзі дұрыс көрмейді деген. Онда ана екінші этаждың түбіндегі бөлмеде. Әлі үйрене алмай аңырап жүрген сол бізде. Е, шырағым­ай, кім үйрене қояды дейсің бұл жерге, – деді ақсақал манағы екпіні басылып.

Есік алдында бет-­аузы бояумен баттасқан әлгі келіншектен көкелеп жүріп ішке енуге де рұқсат алды. Бір нәрседен қорыққандай баласы екеуі қол ұстасып түптегі бөлмеге де кірді. Бөлмеде көп ешкім көрінбейді. Терезе алдында теріс қарап біреу отыр. Ақкенже «Бұл бөлмеде жоқ болды­-ау» дей бергенде:

— Бәсе, біліп едім­-ау, жүрегі құрғыр сезіп еді-­ау. Менің Ақкенжем болса неғып үйде отырады. Бір келмес дейсің бе, көкірегімде қатқан шерімді бір тарқатпас дейсің бе? – деп алаңдаумен отыр едім. Сезіп едім-­ау, сезіп едім­-ау,–деп Халима кемпір палатаны басына көтере алдына барған Ақкенжені қапсыра құшақтап жылай жөнелді. Бірін-­бірі қапсыра құшақтаған қос мұңлық сонау ың­шыңсыз күйбең тіршіліктен күн кешкен алаңы жоқ ауылдары естеріне түсті ме, әлде бітіп болмас колхоздың жұмысында жүргенде де бір аяқ қара суын бөліп ішетін күндері түсті ме, болмаса бір-­бірімізді ақыреттік сапарға шыға­рып салғанда да жанымыздан табылармыз деген қимас көңілдерінің быт­шыты шығып жан-­жаққа кеткендеріне өкінді ме, әйтеуір ағыл-­тегіл ақтарылды. Халима кемпір көзінің көрмей қалғанын, көрші-­көлемнің бірде келіні, бірде балалары қолынан жетектеп дәретке апарып, шайын құйып бергенін айтты. Үнемі жайын жайлайтын қайбір екі туып бірі қалған туысы бар.

— Жастайымнан кір-­қоңым сіңген сен жоқсың. Содан осы жерден бір шықтым ғой, жаным. Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді деуші еді. Ал мына жерге үйрене алар емеспін. Ойыма қай-­қайдағы түсіп жылаймын да отырамын. Мал жіберіп кайтқанда иығыңдағы дорбаңа толтырып келіп, бір шәй­нек суыңды дыз еткізіп қайнататын тезектің иісін сағындым. Енесін сауып отырғанымда көгеннен босап кетіп жұп-­жұмсақ ернімен бетімді жалайтын сүт иісі аңқыған төлді са­ғындым. Қораңның аузы ашық қалса жауып жүретін, шақырғанда бара алмай қалсаң, сыбағаңды ұмытпай беріп жіберіп отыратын қамқор қолдарды сағындым. Кеше наурыз өтті ғой, жарықтық. Ауылда болсам ғой, әуелі үлкендерге сәлем береміз деп топырлап келіп, топырлап шығып қара домалақтар жүрер еді. Өлілерге иісі барсын деп өркеш майға пісірген шелпегіңді жеп мәз болар еді. Бірінің қолын алам, бірінің маңдайынан сүйем деп жүргенде пеш үстіндегі жаңа сауған уыз төгіліп, үй ішінен береке, тоқтықтың иісі бұрқырап жатпайтын ба еді?! Бәрін, бәрін сағындым. Қайсысын айтып жеткізейін саған.

Халима кемпір соқыр көзінен жасы парлап сөйлеп отыр, күңіреніп отыр. Бір кезде әйтеуір солығы басылды­-ау. Өз-­өзіне келіп, амандық-­саулық сұрасты. Мұның әкелген түйіншегін қасындағы стол үстіне қоя салды. Қолынан ұстап Ақкенжеден айырылар емес. Ақкенже де үнсіз егіліп, оны тыңдап отырған болып отыр. Анда-­санда баласына сұраулы жүзбен қарап қояды. Бір кезде Халима Ақкенжеге қарап:

— Ал келгендеріңе көп­-көп рақмет! Көкі­регіңде сайрап жатқан ойыңды біліп отырмын, Ақкенже. Өз билігің өзіңде, қайратың бойыңда, баяғыдай ауылда болсаң сен қи­ сайып жатқан пештің түбіне мен де сияр едім. Ол кезде қабағыңды шытпай тұрып суыңды береріңді, кіржимей жүріп дәретіме апарарыңды да білемін. Бірақ қазіргі жағдай екеуміздің ойлағанымыздай емес қой. Көңіліңе рақмет! Соныңа мың да бір ризамын! Қолың тисе анда­санда келіп тұрарсың. Күні кеше сені ойлап, мына бір түбі таусылмас жасыммен көзімді сулап алғанмын. Манағы сендерді осында әкелген қутыңдаған шал күнінде әртіс болған дей ме, әйтеуір пенсиясын алған күні көшеге шығып бірдеңе ұрттап келеді де сай­-сүйегіңді сырқыратып сырнайын тартып, өлең айтады. Құдды баяғы Ақтөбеден келіп Маңғыстаудың ауыл­-ауылын аралап концертін қойып, жұрттың құлақ құрышын қандыратын Геннадий Шульга дейтін әртіс болды ғой, тап сол. Есіңде ме, ауылға бір келгенінде екеуіміз он шақты шақырым жерден жаяу келіп, түн ортасында қайтқанымыз. Ой, дүние­-ай, ол кездегі өлең де дәрі еді ғой. Ал жақсы, аман болың, – деп орнынан тұра берді де:

— Айтпақшы, сәл кідіре тұршы, – деп ең­кейіп, төсегінің астынан бір жағының кілті бұ­зылып, дұрыс жабылмай, езуі бір жағына қи­сайған чемоданды суырды. Қолымен сипалап отырып түбінен бір кішкене шүберекті алды.

— Ақкенже-­ау, – деді тағы да даусы бұзылып, мына біреу көзімнің сау кезінде сенің кішкентайыңа арналып тігілген ит көйлек еді. Менің Ақкенжем, Ақкенже болады да немересінің кіндігін басқаға кестіре қоймас мен тұрғанда. Сонда апарып өз қолыммен кигізермін деп ойлаушы едім. Ауылда жүрген мен қайдан білейін, осы күні дәрігерге барып босанып, кіндігі кесіліп, аты қойылып, айдары тағылып келетінін. Көңілім болсын, тастамай алып кетіп әлгі жігіт болған немереңнің үстіне бір сұққасын алып қоярсың. Өскенде көрсетсін, келінге айт. Бұл ит көйлек дейтін де қасиетті болады. Баяғыда біздің үйдің шалы соғысқа кетіп бара жатқанда Шағадамда екі ай ойнап жатыпты. Арасында сонда тұратын бір жамағайынды іздеп барғанда нәрестелі болып жатқан қуа­ныштың үстінен шығады. Кетерінде әлгі үйдің ақсақалы: «Шырағым, мына ит көйлекті орап сөмкеңе салып ал. Періштенің денесі тиген шүберек қой. Бәле­жаладан қорғап жүрер» депті. Сол айтқаны айнымай келіп, талай оқтан да, оттан да аман қалыпты, – деді.

Есік алдына келгесін тағы да:

— Ақкенже, манадан бері көкейімде жүрген бір сөзімді әрі итерумен болып едім. Не де болса сырлас келін едің, саған айтайын, басқа кімім бар? Жас кезімізде атам байғұс шыр етіп дүниеге келгеніңде тағдырдың маңдайыңа жазатыны болады, одан ешкім де қашып құтылмайды деп отырушы еді. Сол айтқанындай маңдайыма жазылғаны осы шы­ғар. Шалымыз екеуміз мойнымызға бұршақ салып, Құдайдан жылап бір тесік өкпе сұрап едік. Көз жасымыз, шерлі даусымыз Тәңірінің құлағына шалынбады. Бұйырғаны осы шығар, осыған өмір берсін деп алыстағы ағайыннан бір жапырақ әкеліп бауырымызға басып едік, қуантып та үлгермей көктей солды. Содан көз қорқақ, көңіл үрегей болды. Қайта тәуекел ете алмадық. Сөйтіп жүріп шал кетті, менің күйім мынау. Қанша ғұмырым қалды, білмеймін. Таусылып келе жатқан тірліктің соңғы күндерінен де қорықпаймын. Қорқатын бір ғана нәрсем бар. Осында дәмі таусылғандарды тап болған моланың шетіне апарып көме салады дейді біреулер. Артынан іздеп келер жоқшың жоқ, басыңа қойылған белгің жоқ, кім екені белгісіз қала бергеннен сақтасын. Пәленшеге айт деп ен тағып жіберетін сүйектестен ешкім жоғын білесің. Ауылдағы көз көрген шалдарға сәлем айт. Мен өмірден өткенше бәрі қырылып қалар деймісің?! Сүйегімді туған жерге апарып койсын. Ең болмаса қасымнан өткендер тізесін бүгіп «Е, мынау марқұм Халима екен ғой, замандасымыз еді» деп білген дұғасын оқып, бетін сипап өтеді ғой. Саған салар салмағым да, айтар өтінішім де осы, – деген.

Содан Ақкенже сүйегі салдырап, шаршап қайтты. Күнде ертең, ертеңмен жүріп уақытты да созып барады. Сөйтіп жүргенде біреудің аманатының да мойнында борыш болып қа­лар түрі бар. Көңілі құрғыр, бірдеңені сезе ме? Кешеден бері бар ойы ел жаққа тарта берді. Ақыры кешкісін келін­-баласына ертең ауыл­ға барып келетінін айтқан. Әр нәрсені ойлап ұйқысы да келмеді. Бозарып таң атып келе жатқан сияқты. Ашық тастаған кішкене терезеден қуаныш пен қайғысын қатар арқалап тағы бір күннің басталғанын хабарлағандай құс­тардың әндері басталды. Даладан көкірегіңді ашар, жаныңа етене жақын жусанның жұпар иісі шығады. Елге апарар жолдың сүрлеуі кәрі көңіл түкпірінде құс жолындай сайрап жатты…

Отыншы КӨШБАЙҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз