студенттер сайысы

Маңғыстау облысы әкімдігі ғимаратында өңір басшысы Ералы Тоғжановтың қатысуымен кезекті аппарат жиыны өтті. Онда жастар мәселесі, олардың арасындағы жұмыссыздық, студент жастардың жатақханамен қамтамасыз етілуі және бюджеттің игерілуі талқыланды.

Жастарды қолдау – басым бағыт

Биылғы жылдың 9 айының қоры­тындысы бойынша Маңғыстау об­лысындағы халық саны 673 700 адамға жеткен. Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 1,7 пайыз өскен. Ал жалпы ха­лықтың 4,8 пайызы жұмыссыз. Жастар жұ­мыссыздығы 2,8 пайызды құрап отыр.

«Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығы­на айналуға тиіс. Жастардың барлық сана­тын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды плат­формасын қалыптастыру керек», – деген еді Елбасы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл­-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында.

Осы орайда облыс әкімі Ералы Лұқпан­ұлы жастар басқармасы басшысына нақты тапсырмалар беріп, жобалардың жүйелі түрде іске асырылуын міндеттеді.

Маңғыстауда жастар мәселесі талқыланды

«Келесі жылы – жастардың жылы. Жас­тар үшін маңызды шараларды атқаруымыз керек. Оның біріншісі – жастардың жұмыс­сыздығымен күресу», – деген облыс әкімі орынбасары Мақсат Сқақовқа жастармен үлкен кездесу ұйымдастыруды тапсырды. Алайда бұл жай басқосу болмауы керек. Жастар арасындағы қарым­-қабілеті жоғары, әлеуметтік бағытта ерекше жобалары бар азаматтарды қолдауға бағытталған жиын болмақ.

Сондай­-ақ Ақтау қаласында 1600 орын, Жаңаөзен қаласында 100 орын студенттер жатақханасына сұраныс бар. Ақтау қаласын­дағы кейбір жатақханаларды қараша айында салу жоспарланған. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және ин­жиниринг университеті жатақханасының құ­рылысы үшін де инвесторлар тартылып, жыл соңына дейін жатақхана жобасы дайын бо­лады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда кірістер департаментінің 120 қызметкері жауапқа тартылған

Республикалық бюджет 93% игерілді

Маңғыстау облыстық қаржы депар­таментінің мәліметінше, биыл облыстың жергілікті бюджет кі­рісі 108 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде былтырмен салыстырғанда жеке табыс салығы 5,3 миллиард теңге, әлеуметтік салық және азаматтарға пәтер сатудан түскен түсім 2 миллиард теңге, жер учаскелерін сатудан 1,4 миллиард теңге түсім болған. Жалпы жергі­лікті бюджет 98,3 пайызға, республикалық бюджет 99,3 пайызға игерілген.

Республикадан бөлінген қаражаттың әлі 3,3 миллиард теңгесі игерілмей тұр. Оның басты себебі, құрылыс компанияларының ісі сотта қаралып жатыр. Мәселен Ақтау қаласында қажетті нысанды бір көзден сатып алуды болдырмау мақсатында 3 ғимаратқа байланысты іс сотта қаралып жатыр. Сот шешімі толықтай өз күшіне енгеннен кейін тиісті қаржы алдағы уақытта аударылады. Жалпы жыл соңына дейін жергілікті және республикалық бюджетті 100 пайыз игеруге қауқар бар.

Аппарат жиынын қорытындылаған Ера­лы Тоғжанов нақты жоспар бойынша жұмыс істеп, табысты нәтижеге қол жеткізу керекті­гін еске салды.

Тойгүл НҰРЖАНҚЫЗЫ

Көрнекі сурет сайттың архивінен

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз