Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Алтыншыдан, ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетіс­тік­терінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн», — деген болатын.
Расында да, ел дамуына үлес қосқан, еліміздің әрбір жетістігінің артында қаншама қызмет және оны атқарған адам еңбегі мен болмысы тұр.  

Маңғыстау өлкесін мұнайымен бағамдасақ, Жаңаөзен қаласын алғашқы құрушылары  сапында Рахмет Өтесінов, Төреғали Қадыров, Ғазиз Әбдразақов, Михайл Кулебякин, Нәсіпқали Марабаев, Смағұл Жалғасбаев, Ақжан Қадымова, Хадиша Досмұханова, Сәбит Әбенов, Жарылқасын Дәуітов, Болатбай Қарамұрзаев, Нәсіпқали Әлмағанбетов, Мұрат Қайырлиев, Таңбай Қойшыбаев секілді азаматтарды ерекше айтуға болады. Ұлтымыздың ұлағатын ұстанған тұлғалар, қазақ елінің дамуына үлес қосқан перзенттері ел жадында қалуы тиіс. Осы мақсатта Жаңаөзен қаласының 50 жылдығына орай «Қойнауы құтты Жаңаөзен» атты танымдық — энциклопедиялық жинақ жарық көрді. Жинақтау жұмыстары жыл басынан басталды. Барлық мекемелер мен ұйымдарға хаттар жазылып, әр сала бойынша үздік, еңбегі сіңген қызметкерлері туралы деректерді жинақтау тапсырылған болатын. Бес ай бойы жинақталған деректер соңғы екі айдың ішінде Қаланың құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының құрметті журналисі, халықаралық дәрежедегі журналист, сала ардагері Асылбек Айдаровтың жетекшілігімен редакцияланып, кешегі өткен мерекелік шараға шашу ретінде шығарылды.

Елбасының Жаңаөзен туралы айтқан пікірі мен, кітапқа ақ жол тілеген облыс әкімі Ералы Тоғжановтың ұтымды ойы және қала әкімі Әділбек Дауылбаевтың алғы сөзімен басталған туынды көрнекі суреттермен әсем безендірілуімен ерекшеленеді. Қаланың қалыптасу тарихы, құрметті азаматтары, халық қалаулылары, жоғарғы атаққа ие болған жаңаөзендіктер, «Нұр Отан» партиясы  қалалық ұйымы, қалалық қоғамдық кеңес туралы кітаптың алғашқы беттерінде берілген. Кітап он бір тараудан тұрады.

«Өзен қалай басталды?» деген қаланың алғашқы қазығын қағушы азаматтардың бірі Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұнайшы, ҚСРО-ның құрметті құрметті мұнайшысы Рахмет Өтесіновтің өзі көзі тірісінде жазып қалдырған қолтаңбасымен басталған екінші тарауда білікті маман, өнегелі өмір, ел сенімін ақтаған азаматтар туралы материалдар жазылған. «Еңбек адамдарының азаматтық келбеті» аталатын тарауда сала мамандары, алғашқы ағартушылар, мұнай-газ саласының үздік мамандары, жаңаөзендік ғалымдар, энергетика, әлеуметтік сала мамандары туралы ақпараттар бар. Төртінші тарауда қала көлемінде қызмет етіп жатырған мекеме, ұжымдар туралы берілсе, бесінші таруда мұғалімдер мен тәрбиешілер, алтыншы тарауда — денсаулық саласы мамандары туралы материалдар. Сонымен бірге, халық өнерінің қайнар көздері, қала ардагерлері, имандылық иірімдері, ақпараттық құрал тарауларында да өнерпаздар, журналистер туралы мәліметтер орналастырылған. Он бірінші тарауда барлық сала бойынша еңбек еткен азаматтар, қала тарихында қызметімен есте қалар тұлғалар өмірдеректері жинақталған.

Гүлназ БӨЛЕКБАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз