shaqpaq ata Шақпақ ата

Іңір мезгілін дәстүрлі танымдағы біздің халық әсте сүйе бермейді. Онысының түп-төркіні қиссашыл ескі діни наным-сенімге байланған секілді. Бұл «апақ-сапақ» уақытты халық «жын-перінің босайтын уақытына» санайды. Көз ілдірмейді, жолға шықпайды һәм шықпауға үгіттейді. Іңір дегеніңіздің өзін кейде тағдырдың маңдайы ма деп қаласың. Иір-шиыр, түрлі-түсті һәм құбылмалы.

Іңірге дейін іздеген жеріміз бен көздеген мақсатымызға жетіп алмаққа ниет етіп жолға шықтық. Машина ыңыранып жоталар мен жалдарды, соқпақтар мен жолдарды, компос тіліндей ырғалып жол нұсқап тұрған селеуге толы кең жазық пен ел жадында перімен жиі ұшырасатын еді деп сақталған мұсылман молданың мекендеген сайын басып өттік. Нақты өмір сүрген уақытын ешкім де біл­мейтін Шақпақ атаның қай уақыт еншісіне жататыны беймәлім, адам қолымен тұрғы­зылуы мүмкін де мүмкін еместей көрінетін сәулет туындысын іздеп келеді.

Ескі дүниеге әп сәтте-­ақ тап боларын сезіп келе жатқан біздің кеуделер көнекөздердің енекөкіректерінен ескен есті сөздерді естіп қалған сонау бір кездерге барып қайтуға бекінді. Таңнан бері сөздің қызыл шоғын көсеп келеміз.

— Әулиелердің ел аузындағы аңыздарының әрине, жөні басқа. Бірақ сол кісілердің ар­хитекторлық біліміне таң қалмасқа шараң жоқ. Анау оңтүстік Үстірттің Маңғыстау ойы­сына тірелген бір тұмсығының үзіліп қалған шоқысына қашалған Бекет атаның жер асты мешітінің өзі­-ақ осы сөзге толық дәлел емес пе?

— Әрине. Аңыз демекші, Маңғыстаудағы әу­лиелердің барлығы дерлік аңыздың айтуы бойынша синкретті тұлғалар. Олай дейтінім, жаңа ғана айтқан Бекеттің өзі бірде ұстаз, бірде батыр, бірде шешен, енді, міне, сәу­летші. Шақпақ ата да солай. Оның Шақпақ атануының өзі жаугершілік замандағы қал­мақтармен соғыс үстінде қаруынан шақпақ тастың ұшқыны секілді от шашырағандықтан болған дейді.

— Сонда әу бастағы аты кім?

— Дерек жоқтың қасы.

Серікбол Қондыбай жыланның пірі болған дейді. Әйгілі «Шах Мардан» қиссасы бар ғой. Сондағы секілді кәдімгі жыландардың пат­шасы.

— Шах Мардан. Шопан атаның екі бала­сының бірі Шахрухтан тарайды делінеді.

— Серікбол Қондыбайдың мақсаты қазақ топырағынан мифті тудыру болды ғой. Миф­тің аты миф.

— Мифтің түбі шындық та болуы бек мүмкін.

— Мүмкін…

Біз сағат тілі түскі екіні соққанда жер асты мешіттерінің аса көркем үлгісі болып сана­латын, жартас ішіндегі жасанды үңгір түрінде жасалған сәулет құрылысы Шақпақ ата ме­шітіне келіп жеттік.

Сүлеймен, Шах-Мардан немесе Шақпақ ата

А.Г.Медоев 9­-10 ғасырларға, С.Әжіғали 12-­13 ғасырларға, кей деректер 10-­14 ғасыр­ларға жатқызатын мешіттің кіре беріс тұ­сындағы екі қапталды ежелгі адамдардың адам жерлеуге аса ұтымды пайдаланған­дығын көрдік. Ежелгі Маңғыстау тұрғында­рының сәулет өнеріне қосқан өзіндік үлес, өнегесін мешіт ішіндегі әшекей­-өрнектер мен босаға қабырғаларындағы нақыштардан байқауға болады. Қабырғада кескінделген сопылық бағыттағы суреттер оның тарихын ғалымдар айтқан уақыттан да әрі тереңдете түсетін секілді. Сопылықтың басты белгі­лерінің бірі алақанның бейнесі, жануарлар суреттері, Алланың 99 есімі, қару­-жарақ, салт атты адам суреттері, жазулар, т.б. бәрі де көне тас қабырғаға ойылып бәдізделген.

Шақпақ-­ата мешітінің қабырғасынан:

«Фәни жаһане биғамле бил ким, жиһани утар,
Амуал жаһе берма, көңіл ол да утар.
Бир дам жиһанда сен бил бу тарклик қиматин,
Бирмаслар ики һәр ким о да бир заман утар.
Дүнияда иуқ уфа уа имас ғумириң бақа,
Бу биуафада ил кеби ғумриң рауан утар.
Джисмиң уинде жан ке ғазиз меһман ирур,
Тут хурматни уәжіп ушул меһман утар.
Дуния бұзұқ сарай ил керуен кеби,
Қылғыл ирағ заһида иа керуан утар» деген хикметті кезіктіруге болады. Бұл өлеңнің кімге тиесілі екендігі белгісіз. Алайда қазіргі қазақ жазба тіліне дінтанушы Марат Себасов былайша тәржімалаған:

«Пәни жаһанға үміт артпа, бұл­ — өткінші жаһан.
Мал менен шенге көңіліңді берме, ол да өткінші.
Бұл тірі уақытыңды бос өткізбегін
Бұл өмірдің әр адамға бір рет берілетіні себепті.
Дүниеде опа жоқ және өмір де мәңгілік емес,
Бұл жалғанда өмірің жел секілді жылдам өтер.
Пейіште тек қана қадірлі жандар болар.
Құрметтеу уәжіп сол қонақты, ол да өтер.
Дүние бұзық бір сарай жел керуен секілді,
Құлшылық қыл сен, ол керуен бәрібір өтер».

Сонымен қатар тас қабырғада мынадай да өлең жолдары бар. Шамасы бұл сөз Шақпақ атаның өзіне тиесілі болса керек деген болжамдар бар:

«Бұдан иаңа сайран итмар аржун иахши бұ Маңғышлақ,
Қарид ана игит рана дерази жана бұ Маңғышлақ».

Ақын Светқали Нұржанның аудармасында бұл бәйіт былайша өрнектелген:

«Көргендерді таң қалдырар, көрмегендер арман қылар
Сенен ғажап мекен бар ма шартарапта Маңғыстау?!
Сұңғақ бойлы сұлу жігіт сенде ғана сайран құрар,
Кеудесіне шам жандырар салтанатта Маңғыстау!»

Қабырғадағы үшінші бәйітті Мұрат Ақмырзаев былайша тәржімалаған:

«Дау жаманы ел бөлген, Кімдер өнерге құмартпас,
Жау алса жамбы шебер ме, Артатын күші ұл барда?!
Буырқансам қолдар түркілер, Қимайтын бар ма мол легім,
Кімнің жүзі күлкілі, Жеңіске жетсе сол тегі.
Дүниеде жоқ па уәжіп, Қимайтын баққа болса опа,
Ел күткен көптен жаңа өмір, дуанға тегіс қонса да.
Жасыңда ойла жеңісті, Әр істі маман айырар,
Құрмет тұт Мұхаммед әр ісін, Асылы өтер қайыры.
Дүние ұзақ сынақ па, елі көші керуен­ көбі жол.
Қылышты қамда сынаққа, ұрысқа әр кез дайын тұр!
Кітапты молда сұратса, Мұхаммед һафиз қайым бол!».

Енді тас қабырғаларға бейнеленген бәйіт­терден басқа да ондағы құран жазуларына назар аударсақ. Жоғарыдағы, атап өткен М.Ақмырзаевтың «Адай уезінің жазба мұра­лары» кітабында ол төмендегідей құран сөздерінің кезігетінін айтады:

«Мәңгілік елшісінің ғылымы Ислам тұр­ғанда төгілген тер мен жасалған тілекті Алла қабыл етсе, ақыреттегі біздің еншіміз мәң­гілік!», «Егер өміріңізде сәтсіздікке ұшыра­ саңыз, қабір иелеріне келіп, жәрдем сұ­раңыз», «Рухқа құрмет­ ең ғажайып әміршің, Ата  аруағы  жолын тұтсаң,  артар мың», «Мұхаммед­нұр, жарық. Ол Алла елшісі, ол көкте. Алла һақ болып тұр. Ақырет бір сәтте болмайды. Ақыретті аруақ сездіреді, жет­кізеді».

(Әлбетте бұл қабырғалардағы аталмыш жазулардың қай ғасырға, кімге тиесілі екен­дігі анықталмаған мағлұмат. Оның үстіне, құрметті оқырманға, ежелгі адамдардың өзге танымда болғандығын баса ескерткіміз келеді).

Сонымен қатар қабырға ішінде көп кез­десетін таңба­ — алақан таңбасы. Бұл таңба Қаңға баба, Сұлтанепе жерлерінде де бар. Алақанның беретін мәні туралы тұжырымдар да, түрлі болжам, долбарлар да көп. В.Б.Миримановтың «Өнердің ықшам тари­хы» атты кітабында қабырғадағы қолдың таң­баларын алғашқы сиқыр бейнелер мен меңгеру таңбасына жатқызып, оның діни сипаты барлығын айрықша атайды. Екінші деректерде, кейбір зерттеушілердің қолдың таңбасының Мұхаммед пайғамбардың қызы Бибі­-Фатимаға тиесілі екендігі айтылады. Олардың айтуынша Маңғыстаудағы кезде­сетін алақан таңбалары Бибінің қолының көшірмесі екен. Ал ақын Медет Дүйсенов «Таушық жерінің көне тарихы» кітабында оны Құрандағы бес парызбен байланыс­тырады.

Сүлеймен, Шах-Мардан немесе Шақпақ ата

Хош. Уақыт өткен сайын нақты деректердің болмауына байланысты болжамдар мен жорамалдардың көптеп қылаң беретіні бел­гілі. Кәдімгі «халық этимологиясының» сал­дары осы.

Қанша ғасырлар бойына ішкі қабырға­сындағы асыл сөздерді уақыт оғынан, жел сойқанынан қорғап, сау­-тамтығы қалмай, шұрық тесік күйге түскен, табиғат тарапынан түрлі коррозияларға ұшыраған мешіт табиғат құшағында көздің жауын алып тұр. Күн де еңкейе түскен екен. Демек сәл уақыттан соң іңір де салбырап түседі. Машина ыңыранып, ел жақты бетке алды. Айтар сөз де, зерттер деректер де көп. Біз сөзден жалығып, өз ойларымызбен, өз әсерлерімізбен болып келеміз. Уақыт өткен сайын бәрінен ажырап барамыз, тарих шын бейнесін бізден бұрған сияқты.

— Шақпақ атаның есімі Сүлеймен дейді. Сүлеймен Мұсаұлы.

— Оны кім айтады?

— Әбіш Кекілбаев айтады.

— Келер жолда айтқан Шах-­Марданың кім сонда?

— Ұйқым келді.

— Бәрін де ұмытып қалғанбыз. Тарих ұйқы­сынан оянғанда, ескі жадын жоғалтып алған. Де жавю.

— Жоқ. Жа ме вю.

Еділбек ДҮЙСЕН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз