Биыл Yessenov University-ді бакалавриат бағдарламасы бойынша 517, магистратура бағдарламасы бойынша 67, кешкі жəне сыртқы бөлімдерді 178 түлек тәмәмдады. Олардың 22-сі оқу ордасын үздік бағамен бітіріп отыр. Университетте жалпы 3100 студент білім алады, оның 2500-сі күндізгі бөлімде оқыса, 265-і мемлекеттік грант бойынша оқып жатыр. Маңғыстау облысының әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұнда 79 студент облыс әкімінің грантымен оқып жатыр.
Кеше Yessenov University өз түлектеріне диплом табыстады. Салтанатты шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысы, үлкен өмірге қадам басқан жастарды құттықтады.
«40 жылдық тарихы бар, 35мыңнан астам маман дайындаған университет түлектері облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қарқынды үлесін қосуда, халық шаруашылығының барлық салаларында қызмет атқаруда. Бүгінде университетте 306 оқытушы қызмет етсе, оның 12-сі ғылым докторы, 148-і ғылым кандидаты. Соңғы дерек бойынша, Есенов университеті республикада білім беру деңгейі жағынан 130 университеттің ішінде 18-орында», - деді Е.Тоғжанов.
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» бірі – студенттерді жатақханамен қамту екені белгілі. Аймақ басшысының айтуынша, әлеуметтік бастама аясында университетте 500 орындық 2 жатақхана, колледж студенттері үшін 1600 орындық 4 жатақхана салу жоспарланып отыр.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ