Жақында Ақтау қаласындағы И.Сүйеубаев атындағы №8 орта мектепте облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметі мен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Ғазиз Байтасов атындағы жол қозғалысының жас инспекторларының 18-аймақтық слеті өтті.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Әсіресе жолдағы судай сапырылысқан көліктерден балаларды қорғауға тиістіміз. Апаттардың алдын алып, жолда жүру негізін, қауіпсіздік ережелерін балалардың жадында мықтап сақталуы үшін ережелерді егжейтегжейлі түсіндірумен қатар оларға қызықты болар шаралар, байқаулар өткізген абзал. Осыған байланысты жол қозғалысының жас инспекторларын дайын дайтын, мектептерде құрылған топтар арасында облыстық слет ұйымдастырылды. Оған бүкіл аймақ бойынша қалалық және аудандық жас инспекторлар жарысының жеңімпаздары атанған 7 команда қатысып, бағын сынады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Биыл Маңғыстау түлектеріне облыс әкімінің 75 гранты тағайындалдыСлетте жас инспекторлар «Саптық байқау», «Жол қозғалысы ережесінің білгірлері», «Велосипедті мәнерлеп жүргізуші», «Жас реттеуші», «Жас санитар», «Тапқырлар турнирі» сынды конкурстардан өтіп, еңбекқорлығымен, білімімен, зеректігімен ерекшеленді. Нәтижесінде жалпы командалық есепте бас жеңісті Мұнайлы ауданының №5 мектептің командасы қанжығасына байлады. Жүлделі 2, 3 орындарды Ақтау қаласының №8 орта мектебі мен Маңғыстау ауданының Жыңғылды селосындағы Е.Айшуақұлы атындағы орта мектептің командалары бөлісті.
Облыстық слеттің жеңімпазы – Мұнайлы ауданының №5 орта мектебінің командасы Қызылорда қаласында 20–29 тамыз аралығында өтетін республикалық слетте Маңғыстау облысының атынан өз білімдері мен шеберліктерін көрсететін болады.
Ханым ҚУАТ