Бұл жолы Маңғыстау ауданының жұмыссыз тұрғындары бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
-Жұмыссыздық - біздің өңірдегі ең өзекті мәселе. Біз “Маңғыстаумұнайгаз” компаниясының мердігер мекемелеріне жұмысқа орналастыруды, оның ішінде Отк, Оск, West Oil сынды мекемелерінде пайда болған бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруды талап етеміз!, делінген бейнеүндеуде.
Естеріңізге сала кетейік, 21 ақпан күні “West Oil” компаниясының басшылары жұмысшылардың ұзақ мерзімді заңсыз ереуілі 900 млн теңге шығын әкелгенін және ереуілшілер жұмысқа шықпаса, 24 ақпаннан бастап жұмыстан шығара бастайтынын мәлімдеген болатын.
Мәлімдемеден кейін жүзден астам қызметкер жұмыстарына қайта оралды. Басшылық егер ереуілшілер райынан қайтпаған жағдайда, олардың орнына жұмыссыз тұрғындарды қабылдайтындарын айтты.
Осыған дейін әлеуметтік желіде Жетібай, Құрық, Бостан, Құланды ауылдары мен Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылындағы жұмыссыз тұрғындардың да “Westoil Software” ЖШС босаған орындарға жұмысқа орналастыруды талап еткен бірнеше бейнеүндеуі жарияланған болатын.