© Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі
Ақтауда Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музей түні» акциясы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл акция жыл сайын музей күніне арнайы ұйымастырылатын ерекше іс-шаралардың бірі. Жиында өскелең ұрпаққа тарих пен дәстүрді дәріптеу, ұлттық мәдениетімізді насихаттау мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Облыстық музей директоры Эльвира Абланова музей қызметкерлерін төл мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
- Бүгін музейде дәстүрлі «Музей түні» акциясы өтіп жатыр. Іс-шара 2 бөлімнен тұрады. Акция аясында тұрғындар музей қорына бірқатар тарихи жәдігерлерді табыстады. Белгілі журналист Маңдайлы Қосымбаева өз архивінде сақталған Әбіш Кекілбайұлының төл қолжазбасын мұражайға арнайы тапсырды. Сондай-ақ, алғаш рет «Атадан жеткен асыл тін» атты кілемдер көрмесі ұйымдастырылды. Тоқыма өнерінің озық туындысы ретінде бұл кілемдер 19-ғасырдың екінші жартысынан бері сақталып келген, - деді Эльвира Абланова.
Сонымен қатар, биыл «Музей түні» акциясы аясында 2000-нан аса көрермен мұражай экспонаттарын тамашалауға ниет танытқан. Келушілер экспозициялық залдарын тегін аралап, ұлттық және ретро ойындарға қатысып, сыйлықтарға ие болды.