Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен басқармаға қарасты мекемелердің мамандары мен өнерпаздары Боранқұл ауылына мәдени бағдарламамен барды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сапардың мақсаты - мәдениетіміз бен өнерімізді кең көлемде насихаттау, таныту.
Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Боранқұл ауылы тұрғындарының назарына Ә.Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының «Маңғыстаудың қасиетті нысандары», «Тарихын тасқа жазған өлке» атты көшпелі көрмелері ұсынылды. Көрмелер арқылы тұрғындар облыстың бай мұрасын, құнды жәдігерлерін тамашалады, Боранқұл ауылының құрылуынан бастап тарихи құжаттармен танысты. Сондай-ақ ауыл кітапханасында Қабиболла Сыдиықұлының 90 жылдығына арналған «Бір өлке – бір тұлға» тақырыптық кеші өтіп, ғалымның өмірі мен ғылым жолындағы еңбегі көрсетілді.
Мәдени бағдарламадан балалар да қалыс қалмады. Балалар үшін Боранқұл ауылының жалпы білім беретін мектептерінде Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының «Сиқырлы сандық» қойылымы сахналанып, жас көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мәдени-танымдық шаралар М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі мен «Жорға» би ансамблінің «Ел арқауы ән мен күй» атты гала концертіне жалғасты. Жиын барысында Боранқұл халқының табиғи апаттан жапа шеккен жылыойлықтарға құшағын айқара ашқан ауызбіршіліктері ерекше аталып, қиын сәтте қолдау білдірген ерліктеріне басқарма атынан алғыс білдірілді. Жомарттық танытқан Боранқұлдың бірқатар тұрғынының игі ісі айтылып, оларға аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.
Республикалық және Халықаралық өнер байқауларының лауреаттар атанған филармония әртістері халық әндері мен жыр-термелерді нақышына келтіре орындады. Билер театрландырылған қойылыммен үйлесім тауып, қалың көпшілікті сүйсінтті. Кеш соңында облыс өнерпаздарына аудан әкімінің ықылас гүлі тарту етілді.